Біздің әкеміз – Шайкенов Қалымқан Семей облысы, Жаңа-Семей ауданы, Кенжебай ауылында 1923 жылдың 22-ші қаңтарында дүниеге келген. 1942 жылдың қаңтарында әскери қызметке шақырылып,Ташкенттегі радиотелеграф курсына курсант болып қабылданған. Содан, 1942 жылдың 10 -шы сәуірінен, 1947 жылдың ақпан айыңың 28 -ші жұлдызына дейін Брянск, Белорусс және Германия жерлеріндегі болған соғыс қимылдарына Қызыл Ту орденді Суворов және Б.Хмельницкий атындағы 12 Волновах мотоатқыштар бригадасы, 11танк корпусының құрамында қатысқан. 1943жылдың 8-ші қыркүйегінен бастап радиобөлімнің командирі, радиостанцияның бастығы қызметтеріне тағайындалып, барлау жұмыстары кезінде рациясын қолынан тастамай жау туралы мәліметті дер кезінде және ұқыпты түрде Бас рацияға хабарлап отырған. Барлау тапсырмалары кезінде өзінің батылдығы мен қайсарлығын көрсете білген. Әкеміз өз құрамасымен Любомиль қаласын алу үшін немістердің Ковелден батысқа қарай құрған алғы шебін бұзып өтіп, Батыс Буг өзеніне жол ашу мақсатындағы шайқаста көрсеткен Ерекше ерлігі үшін, 1944 жылдың 9 тамызында Советтер одағы Президиумы Жоғарғы Кеңесінің бұйрығы бойынша «Қызыл ту» Орденімен марапатталған.
1945 жылдың 25 ақпанында жоғарғы басшылықтың тапсырмасымен Лодзь маңындағы барлау кезінде 7 немістің көзін жойып, жау туралы берген аса маңызды мәліметі нәтижесінде біздің бөлімшелердің алға жылжуына жол ашқан. Одер өзенінен бастап Берлин қаласына жеткенге дейін Шайкенов Қалымқан радиостанцияның басшысы ретінде, өзі соғысқан бөлімше басшылығының дұрыс шешім қабылдауына әсерін тигізетін, аса маңызды мәліметті қабылдайтын сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін бар күшін сала білген. Осының нәтижесінде бөлімше әрқашанда жеңіске жетіп отырған. Сонымен қатар, 1945 жылдың 30 сәуірінде Александр алаңын алу үшін болып жатқан шайқаста, үйлердің біреуінен неміс снайперін байқап қалып, оның соңына түсіп, бақылап жүріп кешкі қараңғылық түсе бастаған уақытта сол снайпердің көзін жойған. Осының нәтижесінде біздің әскерлердің алаң арқылы алға жылжуына мүмкіндік туғызған.
Әкеміздің соғыс шебіндегі көрсеткен ерліктері өте көп, солардың нәтижесі, оның кеудесіндегі жарқыраған ордендері мен медальдары, атап айтсақ: -«2 дәрежелі Отан соғысы» Ордені, -«Қызыл ту» Ордені 1943ж, -«Қызыл ту» Ордені 1944ж, Медальдары: «Ерлігі үшін», «Соғыста көрсеткен қызметі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны алғаны үшін», «1,2,3 дәрежелі Мемлекеттік қауіпсіздік қызметы комитетінің қатарындағы атқарған адал еңбегі үшін», «Советтер Одағы Қарулы күштерінің 40 және 50 жылдығы», «Германиядағы жеңістің 20 жылдығына арналған», «1941-1945жж.аралығындағы соғыстың 25 – жылдық жеңісіне арналған», «Германияны жеңудің 20 жылдығына арналған», «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 30 жылдығына арналған».
Әкеміз жоғарыда көрсетілген орден, медальдарымен қатар Советтер Одағының маршалы, бас қолбасшы Сталин жолдастың жариялаған Алғыс қағаздарының иегері. Соғыстан оралған соң әкеміздің еңбек жолы Семей қаласындағы Облыстық Атқару комитетінде бас нұсқаушы қызметінен басталады. Ал 1949 - 1966 жылдар аралығында партиялық ұйымдардың жіберуі нәтижесінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметіне ауыстырылады. Әкеміз осы қызметті атқаруға қажетті адами қасиет - ұстамдылық пен байсалдылықтың иесі еді.
1966 - 1971 ж. аралығында № 1 Облыстық кітап сату бөлімшесінің директоры, 1971-1981 ж. аралығында Семей облысы бойынша Дін туралы Кеңес қызметінің өкілетті атқарушысы, Семей қаласындағы № 2 мүгедектер үйінің директоры қызметтерін атқарды. Осы бейбітшілік жылдары атқарған еңбектері үшінде көптеген Мақтау - Мадақтау, Алғыс қағаздары мен сыйлықтардың иегері болды. Оның еңбегі бағаланды, сыйға бөленді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін өзі ұстаған Адалдық, Адамгершілік, Мейрімділік пен Махаббатт - сияқты Ұстанымдарына берік болды.