Ұлы Отан соғысының ардагері Фоминых Василий Николаевичтің (1921-1992жж.) туғанына 105 жыл толды. Ол Семей облысы Ново-Шульба ауданы Потапенко ауылында туған. 1939 жылы мектепті бітірді. 1941 жылдың желтоқсанында әскерге шақырылып, бірден 310-атқыштар полкінің кіші командирлік дивизиялық мектебінің құрамына курсант болып қабылданды. Полк Семейде құрылған 8-ші Қызыл тулы екінші дәрежелі Суворов орденді Ямполь атқыштар дивизиясы құрамына кірді. Василий Николаевич кіші командирлер құрамы мектебін аяқтаған соң, барлау взводына атқыштар бөлімі командирі болып ауыстырылды. Ол 1943 жылы барлау взводының атты әскер эскадроны командирі болып ауыстырылып, Орталық майдан ұрыстарына, Днепр мен Припяти өзендерінен өту кезіндегі ұрыстарға қатысты. 1945 жылдың 9 мамыр соңына қарай, құрамында Василий Николаевич соғысқан310-шы полк Прага қаласына жетіп, 1945 жылдың 12 мамырында соңғы ұрысын аяқтады. 1945 жылдың мамыр айы соңында дивизияның саясат бөлімі бастығы полковник С.И. Паршин, Жеңіс шеруіне қатысуға лайықты кандидат іздеп полкке келді. Бөлім қолбасшылығы Жеңіс шеруіне 310-шы атқыштар полкі өкілі етіп Фоминых Василий Николаевичті жіберді. Дивизиядан барлығы 12 адам іріктеп алынып, Мәскеуге жіберілді, онда олар 4-Украина майданы құрама полкі құрамына біріктірілді. 1945 жылдың 24 маусымында В.Н. Фоминых Қызыл алаңдағы Жеңіс шеруіне қатысты. Әскери қызметінде көрсеткен батылдығы, төзімділігі мен ерлігі үшін В.Н. Фоминых І дәрежелі Отан соғысы орденімен, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Василий Николаевич еліне оралған кейін Шемонаиханың май және ірімшік жасайтын шеберлер мектебін бітіріп, Семей облысы Знаменка ауылында май зауытында жұмыс атқарды. 1959 жылдан бастап В.Н. Фоминых Семейдің ДОСААФ мектебінде жабдықтау жөніндегі агенті болды. 1981 жылы Василий Николаевич зейнеткерлікке шықты. Ол қадірлі жасына қарамастан, Семей қалалық ардагерлер Кеңесінің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, қала мектептерінде өтетін салтанатты іс-шаралардың жиі қонағы болды.