Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің естеліктері
Байдельдинова Гульбағдат
Байдельдинова Гульбағдат Жағыппарқызы 1934 жылы 20 қаңтарда туған (нақтылы туған күні 27 қыркүйек 1933 ж.). Туған жері Жолғұтты колхозы Бекберген ауылы Ұлан ауданы. Колхозшы отбасында дүниеге келді. Әкесі Байсолтанов Жағыпар соғысқа қатысқан, жалғыз ағасы Байсолтанов Музапар соғысқа аттанып, үйге қайтқан жоқ. Хабар-ошарсыз қалды. Анасы Қадиша колхозшы болған. Соғыс кезінде колхозда егін салып, шөп шабысып ер азаматтай еңбек етті. Оған еріп анасының тәрбиесін көрген бала жасынан 10 жастан бастап Гульбағдат колхозда жұмыс істеді. Соғыс қаулап тұрғанда көгендеп қой сауды, шөп жинасып, егін шапқанда дәнді қырманға тасысты. Қырманда өлшеуші болып жұмыс істеді. Қандай жұмыс берілсе, соның бәрін орындады. Жалаң-аяқ, киімсіз талай қиындық көрді. Түнде жүн иіріп, шұлық, қолғап тоқып, майданға тапсырып отырды. Анамыз 4 сынып ғана бітіріп, оқуын ары қарай жалғастыра алмады. Жанұясында кәрі ата-әжесі болды, жалғыз анасына көмек жасады.
“Соғыс қаулап тұрғанда ашаршылықты көп көрдім. Ет тамағы болмаған. Үйдегі бір сиырдың сүтінен колхозға 9 кг. 200гр. сары май жинап алып кететін және оның бұзауын колхозға тапсыртатын. Бидайды қуырып, кішкене бір-бір уыстан алдымызға шешем Қадиша нанның орнына беретін. Нанға қашан тоямыз! деп аңсайтынмын” - деп есіне алады анамыз.
Әкесі соғыстан соң колхозда бригадир болып жұмыс істеді. 1953 жылы анамыз әкемізбен тұрмыс құрды.
Завидный балабақшасында қоймашы болып еңбек етті. Тарғын ауылы Обухов совхозындағы клубта кассир болды. 1985 жылы зейнеткерлікке шықты. 7 бала дүниеге әкеліп, әкеміз екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған адал, ардақты ата-ана. 15 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Қазір екеуі де зейнеткер. Өскемен қаласында тұрады. Анамызға денсаулық тілеп, ортамызда аман-сау жүре берсе екендеп тілейміз Алладан!
Қызы Байдельдинова Турсын Алдажарқызының
еске алу сөзінен жазылған.
04 мамыр 2016 ж.