Қозбағаров еңбек жолын Шортанды ауданында КазЦИК атындағы астық совхозында учаскелік аурухана меңгерушісі болып бастады, кейін аудандық ауруханада хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, кейінірек Жоламбет кенішінде медициналық учаскесінің (аурухана, емхана, перзентхана мен балалар ясли негізінде) меңгерушісі болды.
Бірақ оның төрт жылдық еңбегін соғыс тоқтатты. А.А.Қозбағаров генерал Рыбалко басқарған 3-ші танк армиясы 6 танк корпусы 22-ші гвардиялық мотоатқыштар бригадасының 3-ші батальон дәрігері ретінде бірінші рет Орлов-Курск шайқасына қатысты.
Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін ол өзінің бірінші Қызыл Ту орденін алды. Кейінірек – Днепр өзенін соғысып өту кезіндегі ұрыстарға, Украинаның оң жағалауын азат етуге қатысты, Житомирдің қасында ауыр жарақат алды. Майдан госпиталінде емделгеннен кейін қайтадан ұрысқа қатысты, жаралы жауынгерлерді құтқарды, Винница, Намслау, Польша, Силезия... Дәрігер-ординатор, 1693 эвакогоспитальдің хирургия бөлімшесінің бастығы, Глевице қаласында 1899 эвакогоспитальдің туберкулез бөлімшесінің бастығы, 3450 эвакогоспитальдің дәрігер ординаторы қызметтерін атқарды.
Жауынгерлердің өмірін құтқару кезінде көрсеткен жанкешті ерлігі үшін екінші Қызыл Ту орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.