Ахметжанов Баяхмет 1908 жылы Семей губерниясы, Зайсан уъезі, Құмгөл болысы, төртінші ауыл, Жыра деген жерде (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қарасу ауыл әкімдігіне қарасты Ақмектеп аулында) дүниеге келген. Өз бетімен 4 кластық білім алып, сауатын ашқан. 1922 жылдан бастап еңбекке араласып, ауыл байларында жұмыс істеген. 1927- 1930 жылдар аралығында кеңес өкіметінің ішкі жауларын жою күресіне белсене қатысып, 1929-1930 жылдары шаруаларды колхоздастыру жұмысына араласқан. 1930-1937 жылдары ауылдық советте совет секретарі (хатшысы) кейіннен совет председателі (төрағасы) болған. Сол кездегі сауатымен, өзінің адамгершілік қасиетімен ел басқару жұмысына араласып, 1930-1942 жылдар аралығында Ақсуат ауданындағы мекемелерде (Союзпечать, Райплан, Райсобез) басшылық қызметтер атқарған. 1939 жылдан коммунистік партия мүшесі болған. 1942 жылы маусым айында қазіргі Сатпаев ауыл әкіміне қарасты Көктүбек ауылдық кеңесінің төрағалық қызметінен Отанды қорғауға Кеңес армиясы қатарына шақырылып, 1945 жылдың мамыр айына дейін үздіксіз әр түрлі майданда соғысқа қатысқан. Генерал-майор Котуковтің танк корпусінің 120-атқыштар полкінің құрамында төрт рет ауыр жарақат алады. Осы аралықта Сталинград, Калинин, Курск, Белгород, І-Украина, І-Белларуссия, бағытындағы майдандарда алғы шепте болған. Неміс басқыншыларынан Кеңес одағының жерін толық азат етіп, Европа жеріне кіреді. Польша астанасы Варшаваны, Румыния астанасы Бухарестті, неміс басқыншыларының астанасы Берлинді алуға қатысып, «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «За отвагу» медалімен, «Варшаваны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, 12 рет Сталиннің алғыс хаттарымен, грамоталарымен марапатталған. 1945 жылы 4 мамыр күні он адамнан тұратын жасақ Берлин қаласына барлау жасауға бұйрық алады. Сол 10 адамның бірі - Ахметжанов Баяхмет менің атам болған екен. Сол жолғы барлау кезінде жанынан неміс снаряды жарылып, басынан жарақат алып, ертеңінде госпитальда есін жияды. 3 айдай Горький, Одесса қалаларындағы емдеу орындарында емделеді. «Тағдырдың маңдайға жазғаны» демей ме, 5 мамырда Берлин қаласы толық алынып, 9 мамыр Жеңіс күні деп жарияланды. Алайда жеңісті атама көзбен көруді тағдыры бұйыртпаған екен. 1945 жылы 7 тамызда арнайы офицер жол серігінің жетегімен екі көзі көрмей елге, отбасына оралады. Ұлы Отан соғысының ардагері, бірінші топтағы мүгедек жеңістен кейін 50 жыл жарық дүниені көрмей өмір кешті. Бейбіт заманда Ұлы Отан соғысының бірнеше мерекелік медальдарімен марапатталса, Жеңістің 50 жылдық мерейтойында елбасы Н.Ә. Назарбаевтың құттықтау хатының иегері атанды. Майдангер атамыз туралы деректер Тарбағатай ауданының Ақсуат аулындағы мұражайда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған бөлімде орын алған. Ахметжанов Баяхмет 1995 жылы, қараша айында 87 жасқа келіп дүниеден озды.