Баиров Камкетай Дүйсекенұлы 1926 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Белтерек ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң 1941-1943 жылдары Георгиевка ауылында пішен шығаратын бөлімде бригадир болып істейді. 1943 жылы күзде өз еркімен Балтық майданына Ленинград қоршауына майданға аттанады. Ол Ленинград қоршауындағы тұрғындардың барлық қиыншылықтарына куә болады. К.Д Баировтың ынталығын байқап, оны Кронштадқа зеңбірек командирі бойынша оқуға жібереді. Оқуын тәмәмдаған соң, Қызылжұлдыз Балтық флотындағы «Ахтуба» кемесінің командасы қатарына әскерге жібереді. «Ахтуба» кемесінің командасы теңіз жағасындағы ұрыстарға жаппай қатысқан. К.Д. Баиров ұрыста көрсеткен ерлігі үшін адмирал Нахимовтың медалімен марапатталады. Балтық майданында ол 1943-1945жылға дейін, әскер қатарында болады. Соғыстан кейін «Ахтубаны» Рига портына, одан кейін Таллинге ауыстырады. Ол соғыстан кейін жастарды еңбекке баулып, үйіне 1950 жылы оралады. «Ұлы Отан Соғысы» орденімен, адмирал Нахимовтың медалімен, «Еңбек ардагері» мерекелік медалімен марапатталған. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Семей қаласының құрметті азаматы атағына ие болды.