Ұлы Отан соғысына қатысқандар
Мұқашев Мағауия
(1924 - )

Мағауия Мұқашев –ҰОС ардагері   Мағауия Мұқашев 1924 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Тайынты ауылының Кіндік бөлімшесінде дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталғанда Мағауия небәрі 18 жаста болатын. Майданға 1942 жылы аттанды. Алдымен Новосібір қаласына радистің оқуына жібереді. Қысқа мерзімді курста оқыған соң Москваға жіберіліп, одан әрі Беларусь майданының 9526 миномент полкінде радист (байланысшы) болады. Полк алғашында Смоленск бағытындағы ұрыстарға, кейіннен «Витебск қапшығы» деп аталып кеткен әйгілі операцияларға қатысады. Майдангер жолы Варшава, Минск, Вильнюсті шарлап, 1945 жылы Шығыс Пруссияның Пело қаласынан кейін Кенигсбергті жаудан азат ету ұрыстарына қатысады. Ұлы Жеңіс күнін осы қалада қарсы алады. 1947 жылы М.Мұқашев елге оралады. 1948 жылы тракторшылар курсында оқып, он екі жыл шынжыр табанды трактор жүргізеді. Кейінгі жылдары «Обухов» кеңшарында трактор-егіс бригадасының бригадирі болып еңбек етіп, зейнет демалысына шығады. Александр Невский орденді 95-гвардиялық реактивті полкіндегі 500 адамның ішіндегі жалғыз қазақ жауынгері болған М.Мұқашев соғыста көрсеткен ерліктері мен батылдығы үшін «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.  Қазіргі уақытта Мағауия Мұқашев Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде тұрып жатыр.

ҰОС ардагері туралы мәліметтер «Қасым Қайсенов кенті әкімінің аппараты» ММ мен «Ұлан аудандық Орталықтандырылған кітапхан жүйесі» КММ-нен алынған.

Ардагерлер тізіміне қайтып оралу