Ұлы Отан соғысына қатысушы Николай Иванович Поуголков 90 жасқа толды. Ол 1926 жылдың 6 мамырында Архангельск қаласында дүниеге келді. 1941 жылы жеті жылдық мектепті бітірді. Мектепті аяқтағаннан соң Архангельск радио торабында байланыс монтері болып жұмыс істеді. Он жеті жасында әскери қызметке зенит атқышы болып шақырылды. 1943 жылдың 30 желтоқсанында Кольскі шығанағының Шығыс жағалауындағы Ваенга-1 (қазіргі Североморск) 30-шы әуе базасында әскери ант қабылдады. Норвегияны азат етуге қатысты. Соғыстан кейін ұщақ жабдықтарының механигі болып жұмысын жалғастырды. 1956 жылдың мамырында Николай Иванович отбасымен Алтай өлкесіне қоныс аударып, 1959 жылға дейін Заря байланыс бөлімінің бастығы болып жұмыс атқарды. 1959 жылы Семейге көшіп келді. Ол Новосібір электр техникалық институтына оқуға түсіп, 1967 жылы «инженер-электрик» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Семей механикалық зауытында шебер –энергетик, «Алтайэнерго» аудандық басқармасының энергия өткізуінде тарифтер мен шарттар бойынша инженері, орталық жобалау-құрастырушы бюросында жетекші құрастырушы болып қызмет жасады. 1969 жылдан бері оның еңбек жолы «Семводстрой» тресінде, бас энергетик лауазымында басталып, зейнеткерлікке шыққанша жалғасты. Ұлы Отан соғысына қатысып, әскери тапсырмаларды үздік орындағаны үшін, төзімділігі мен батылдығы үшін, Поуголков Н.И. Отан соғысының 2-дәрежелі орденімен, «1941-1945жж Ұлы Отан соғысында Германияны Жеңгені үшін» медалімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың, «Кеңестік Заполярьені қорғағаны үшін», «Адмирал Кузнецов», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне орай Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.