1923 жылы Құйған ауылында дүниеге келеді. Жас еңбек мектебінде 4 жылдық бастауыш білім алған соң ары қарай оқуын жалғастыруға уақыт мұршасын келтірмей , жастайынан колхоз жұмыстарына араласуына тура келеді.Есейе келе колхоздың жылқысын бағады. 1942 жылдың 2 қазанында әскер қатарына шақырылып , 438-ші атқыштар полкінің құрамында Украина ,Белоруссия ,Румыня ,Польшаны неміс-фашист басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысады. Жеңісті жау ордасына аяқтаған Қинаят аға 1947 жылға дейін Украинада әскер қатарында болып, сол жылдың сәуір айында туған жеріне оралады. Соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы шаруашылықта жылқы, кейіннен қой бағып, 1984 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады.»Еңбек ардагері» медалі, «Ұлы Отан соғысы» орденімен ,Жеңістің мерейтойлық марапаттарымен , «Маршал Жуков» медальдарымен марапатталған. Шаңырағына бақыт ұялап ,отбасы қуаныш бесігіне айналған Қинаят ақсақал мен Бану шешей тоғыз бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 17 немере , 3 шөбере сүйген бақытты отбасы. Шіркін-ай , балалары мен немере , шөберелері арасында қуанышқа кенеліп, бақытты өмір кешіп отырған ата-анада не арман бар екен , десеңші. Барша азамат баласына шексіз қуаныш сыйлаған жеңіс сағатының соққанына да 71 жыл. Арада сынапша сырғып уақыт өткен сайын бұл соғыстың өзі өткеннің еншісіне айналып барады. Бірақ, Отан қорғау жолындағы аталарымыз бен әкелеріміз қаһармандық жолын бүгінгі ұрпағы ешқашан ұмытпайды. Жеңіс – тарих қана емес , ол біздің бүгінгі өміріміз. Соғыстың қаурыт жылдарында Отанның тәуелсіздігі мен бостандығын қорғау жолында мыңдаған қазақстандық ер-азаматтар мен қыздарымыз да Жеңісті жақындату барысында өз үлестерін қосты.