Ниязбек Садықов сұм соғыстың тозақ отын көзімен көрді. Ажалдылар оқ тиген ұрыс даласында көз жұмды, дәм бұйырғандар елге оралды, ұрпақ өрбітті, еңбек етті. Әр солдат зұлым жауға қарсы оқ атты, шамасынша Жеңіс таңының тезірек атуына ат салысты. Ниязбек ата Ұлы Отан соғысындағы өз үлесін де, өзгенің үлесін де осылай бағалайды. Мектептегі кездесу кештеріне барғанда өз әңгімесін осылайша бастайтын. Есте қалған көріністер, тізбектеліп көз алдынан өте береді, өте береді. Шығыстағы Квантун шайқасы, сосын қайта Украина майданына оралу, 1052-ші полктегі жауынгерлік күндер, Золотая Балка селосын жаудан тазарту жолындағы шайқас Немістің Юнкерс самолеттерінің толассыз бомбасы. Жауынгер достардың арманына жете алмай көз жұмып кеткен сәттері. Бәрі де ешқашан ешуақытта ұмытылмайтын өшпес бейнелер. Майданнан елге оралған бетте колхоз жұмысына бел шеше кіріскен Ниязбек ата ересен еңбегі үшін 1947 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін тағады. Зейнеткерлікке шыққанша шаруашылықтың әр саласында майталман ұйымдастырушы, ақылшы-аға, қажырлы еңбек иесі болды. «ІІ-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Маршал Жуков» медалін, Жеңістің мерейлі мерекесіне арналған марапаттауларын алды.