Ұлы Отан соғысына қатысқандар
Сабитов Оразбек
(1925 - 2006)

Сабитов Оразбек 13 наурыз 1925 жылы Семей облысы Сергиополь ауылында туған. Сергиополь ауылында 7 класс білім алып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Оразбек Сабитов 15 жасар бала еді. Ел басына түскен ауыртпалықты елімен бірге көтере білді. 18-ге толар толмастан қызыл  әскер қатарына алынды. Ол Чита қаласында әскери оқу дайындықтан өтіп, 1943 жылы  май айында Пенза қаласындағы 38 дивизияның 1401 полктың бірінші батареясының байланысшысы болып қабылданды. Сабитов Оразбек Киев,Черкасск, Бухарест, Будапешт, Прага қалаларын азат етуге қатысты. Днепр өзенінен өту кезінде, Сумы, Киев, Черкасск қалаларын азат ету кезінде ерлікпен көзге түсті. Осы шайқастан кейін 38 дивизия Черкасск атындағы Қызыл Тулы 2 дәрежелі Кутузов орденді зенит-артиллерия дивизиясы аталынды. Осы дивизияның құрамында Румынияның Бухарест, Венгрияның Будапешт, Чехословакияның Прага қалаларын  азат етуге қатысты. Жеңіс күнін Прага қаласында қарсы алды. Алғашқы Қызыл Жұлдыз орденімен (1947 жылы) Днепрден өту кезіндегі ерлігі үшін, Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Отан  соғысының 1 дәрежелі орденімен  (1985), Будапешт қаласын  азат ету медалімен (1945), 1941-1945 жылы Германияны жеңгені үшін медалімен (1945), Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков атындағы медалімен (1995) марапатталған. Ол 1948 жылы 29 ақпанында СССР Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша әскер қатарынан  босатылып елге қайтты. Соғыстан кейінгі еңбек жолын 1949 жылы темір жол Әскериленген Өрт күзетінің командасынан бастап 1961 жылға дейін Теміржол мекемелерінде, 1961 жылдан Аягөз авторемзаводында әртүрлі мамандықта, ал 1970 жылдан әскери мекеме №55, Коммуналдық электр  бөлімшесінде, байланыс бөлімінде, Аягөз ауданаралық базасында қызмет  жасады. 1984 жылы  зейнеткерлікке шыққан. Ол қай салада еңбек етседе абыройлы, адал, ел экономикасына өз үлесін қосқан.  Ол 1987 жылы  Аякөз ауданының коммуналдық электр бөлімшесінің Құрмет грамотасымен, 1981 жылы Аягөз қаласының депутаттар кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған, 1995 жылы Семей облысының әкімі  Отан соғысының 50 жылдық мереке күнімен құтықтау хатында: «Сіз қазірде егеменді мемлекетіміздің қалыптасу  және даму кезеңінде қатардан қалмайсыз. Өскелең ұрпақты Сіздің көмегіңізсіз достық, өзара  түсініктік рухани бірлесу рухында тәрбиелеу мүмкін емес»,-деген. Оразбек Сабитов 1985-2005 жылға дейін 20 жыл бойы аудандық ардагер кеңесінің мүшесі болды. Жастармен жауынгерлер арасында Отан сүйгіштікке тәрбие беретін топты басқарды. Ол  өзімен Отан үшін қанды шайқаста болған жауынгер достарымен, 38 дивизияның ардагерлер кеңесімен  1980-1988 жылы әртүрлі дәрежеде кездесіп, хат жазысып тұрды. Оразбек Сабитов  Черкасск қаласының  коммунистік партия комитетінің шақыруымен, 1980 жылы Черкасск қаласында болды. Оразбек Сабитовке 15 наурыз 2005 жылы Аудан маслихат депутаттарының XXIV сесиясының шешімімен Аягөз ауданының  «Құрметті азаматы» атағы берілді.                                    Оразбек Сабитов 2005 жылы 9 мамыр күні Ұлы Отан  соғысындағы 60 жылдық  мерекесіне Астана қаласында мерекелік шеруге қатысты. Ол 2006 жылы 10 сәуір айында қайтыс болды.

Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының Аягөз филиалы 342қ.,  1т.,  25і.

 

Ардагерлер тізіміне қайтып оралу