Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасы еліміздің жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кездесу өткізді. Оған онлайн форматта облыс қалалары мен аудандарының ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысты.
Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Айтқазы Шерубаев қоғамдық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының маңыздылығын атап өтіп, аталған заң жобасы заман талабына сай екенін айтты.
Сөз сөйлегендер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Конституцияға енгізілетін түзетулер мен өзгерістердің маңыздылығына тоқталып, бұл бастаманың дер кезінде көтерілгенін және қоғам үшін ерекше мәнге ие екенін жеткізді.
«Жаңа Конституция жобасында мемлекетіміздің мыңжылдық берік дәстүрлерге негізделген унитарлы мемлекет екені нақты көрсетілген. Сондай-ақ көрші мемлекеттермен шектесетін Қазақстанның шекаралары айқындалған. Конституция жобасындағы әрбір ұсыныс еліміздің және өсіп келе жатқан жас ұрпақтың болашағымен тығыз байланысты. Сондықтан еліміздің болашағына қатысты барлық мәселелер бәрімізге ортақ болуы тиіс деп санаймын», – деді облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Манарбек Мұхамеджанов.
Талқылау барысында ардагерлер Набиолда Кемешов, Сағынбек Ақанов, Болат Сағымбайұлы, Сабыр Оспанов, Ирина Каланчина Конституция жобасы мемлекеттік құрылымның негіздерін жаңартуға деген ұмтылысты көрсететінін атап өтті. Негізгі шешімдердің бірі – Құрылтай, бұл тарихи дәстүр мен сабақтастық және халық алдындағы жауапкершілікті білдіреді.
Кездесуге қатысушылар Конституцияны қабылдау мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығаруды қолдады.
Кездесу соңында облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Айтқазы Шерубаев азаматтарға конституциялық реформалардың қажеттілігін түсіндіру бойынша ақпараттық-талдамалық жұмысты жүргізу үшін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша өтетін референдумды қолдауға арналған қоғамдық штаб құруды ұсынды.









