Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген көшпелі отырысы өтті
Мамыр айының 22-жұлдызында Алтай қаласында облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген көшпелі отырысы өтті. Төралқаның отырысына облыстың барлық аудандарынан ардагерлер кеңесінің төрағалары мен Әжелер алқасының төрайымдары қатысты.
Отырысқа дейін облысымыздың әр түкпірінен келген ардагерлер этно-мәдени орталықпен және Әжелер алқасының кабинетімен танысып, ұлттық салт-дәстүр мектебінде болды, онда шеберлік класын тамашалап, ұзақ өмір сүру клубының мүшелерімен кездесіп, ұйымдастырған ойындарға қатысты. Одан соң өлкетану мұражайына экскурсия жасап, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына ұйымдастырылған көрмені аралап көрді.
Ардагерлерді №9 қазақ мектебі де үлкен әсерге бөледі. Мектеп ауласына кіре берген сәтте қонақтарды «Әжелер» ансамбілі ән мен күймен қарсы алды. Мектеп директоры Н. Шоматова қонақтарды білім ұясының тарихымен қысқаша таныстырып жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудегі жұмыстары, оларды іске асырудағы ардагерлер кеңесі және Әжелер алқасымен бірлесіп атқарып отырған іс-қызметтері жөнінде әңгімеледі. Бұдан соң қатысушылар «Әжелер алқасы» кабинетіне барып шеберлік класын тамашалатты.
Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаhарманы С. Нұрмағанбетов атындағы №8 орта мектебінде балаларға тәлім-тәрбие боларлықтай игі істердің өте көп екендігіне де көз жеткізілді. Мектептің тәрбиеленушілері спорттық жарыстарда болсын, әскери өнердегі дайындықтарымен де болсын тек қана республикамызда ғана емес алыс- жақын шетелдерде де танымал болып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мектептің ғана емес еліміздің даңқын алға оздыруда топ жарып жүргендердің қатарында 11-сынып оқушысы Аружан Матоктанова бар. Әскери өнерді меңгеруде сан рет халықаралық жарыстарда топ жарған Аружан Қорғаныс Министрінің арнайы шақыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығында Астана қаласында өткізілген әскери парадты тамашалап қайтты.
Төралқа отырысының күн тәртібінде: «Ардагерлердің бастауыш ұйымдарына басшылық жасаудағы Алтай ауданы ардагерлер кеңесінің ұйымдастырушылық жұмыстары» және «Отты жылдар әндері» атты патриоттық әндер байқауының қорытындысы туралы» мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Алтай ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Э. Я. Гейгер атқарып отырған жұмыстарымен қанықтырды. Мәселе бойынша тиісті қаулы қабылданды.
«Оты жылдар әндері» байқауының қорытындысы жарияланды.
I орын Зайсан ауданының «БӘЙТЕРЕК» хорына берілді, жетекшісі Салиев Советхан Құсманбекұлы;
II орын - Риддер қаласының «Память» халық хоры;
III орын - Өскемен қаласының «Ақ босаға» хоры;
III орын - Күршім ауданының «Ардагер» хоры.
Женімпаздар облыстық ардагерлер кеңесінің дипломдарымен және кубоктармен марапатталды. Байқауға қатысқандардың бәрі атаусыз қалған жоқ.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Шерубаев өз сөзінде: – «Бүгін біз Алтай ауданында атқарылып жатқан жұмыстармен жете таныстық. Өте жақсы әсер алдық. Бұл жерден көргендеріңіз бен ойға түйгендеріңізді есте ұстап, өз орындарыңызда іске жаратар деп сенемін» деді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының көшпелі отырысына қатысқан қоғамдық ұйымдардың белсенділерінің барлығы алдағы жұмыстарына қажетті тәжірибе жинап, жоғары көңіл күймен үйлеріне қайтты.











