Өскемен қаласында екінші жыл өтіп отырған «Наурызнама» мерекесінің «Мәдениет және салт-дәстүр күні» қала жұртшылығы жаңа бастаманың куәсі болды. Аталы сөздің мәйегі мақал мәтелден «Мың бір мақал» сайысы өтті.

Наурыз мерекесі көрінісіне қаланың орталық алаңында ерекше көрік беріп тұрған облыстың бас киіз үйі сайыс өткізуге алдын ала дайындалды.

Ұлттық мақал-мәтелдер он бір тақырып аталымдарына жүйеленді.

Ақыл, өсиет, ұтымды ой түйіндеген халық мұрасы насихатының бастамашысы Өскемен қалалық мәдениет бөлімінің қолдауымен Шығыс Қазақстан облыстық, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі болды.  Халықтық мерекеге айналған мерекелі күннің бел ортасында Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кенесінің төраға Айтқазы Шерубаев, Әлібек Қаңтарбаев сайыстың әділ өтуіне басшылық жасады. Қаланың құрметті азаматтары Сайлаухан Аухадиев, қоғам қайраткерлері Манарбек Мұқаметжанов, Набиолла Кемешов, облыстық, қалалық әжелер алқасының төрайымдары Нұрсағила Шамшиева, Ануза Жұмаханова ұлттық сайыс бастамасына өздері қатысып, аналар белсенділігімен жиынның ажарын ашты, мазмұнын кемелдендірді.

Өңірде тұңғыш рет өтіп, жұрттың назарын аударған мерекеге Шығыстың гуманитарлы және техникалық университеттері командалары, туған жер тұғырын ұстана келген «Тарбағатай таулары», «Марқаның қазыналы қарттары» топтары қатарын жастардың «Бұқар жырау» командасы толықтыра түсті.

Облыстық ұлттық құндылық сайысына қазақтың мақал мәтелдерімен қоса, орыс халқының мақал мәтелдерінен сұрақтар дайындалды.  Орыс ұлты өкілдерінен құрылған екі команданы Ольга Беляева, Любовь Сергиенко бастап келді.

Сайысқа қатысқандар мақал-мәтелдер сайысының ұйымдастырылуы мен ұлттық мұра ұлағатынан көңілге қонымды жарасым алды.   Қатысқан 11 топта ардагер ұстаздар, еңбектің құрметіндегі ел ағалары қомақты ақшадай сыйлықтар мен алғыс хаттар жылылығын сезініп, сайысты аяқтады.