Полянское ауылында халықпен кездесу

Алтай ауданы Полянское ауылында халықпен кездесу өтіп, оған Шығыс Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев, Дін істері басқармасының басшысы Ж.Мекеева , ШҚО бас имамы Ермек қажы, қоғам өкілдері, Алтай өңірінің ардагерлері қатысты.

Жиынға қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың  «Ана тілі »газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбындағы сұхбатындағы айтылған басымдықтар мен міндеттерді саралап, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша одан әрі жұмыс жасау керектігін талқылады.

         - 2025 жыл мерейтойлық жыл. Жеңістің 80 жылдығын тойлаймыз . Осы датаға дайындық бойынша ардагерлер ұйымдарында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біз балаларымыздың болашағын ойлауымыз керек. Ардагерлер кеңестері өздерінің өмірлік тәжірибесін, жинақтаған білімдерін пайдаланып, халықтық салт-дәстүрге сүйене отырып, азаматтық қоғамның дамуына өз үлесін қосуда, - деді ШҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтауды жалғастыру керектігін атап өтті. Біздің ұстанымымыз – сан алуандығымен ерекшеленетін  ұлттың бірлігі», – деді ШҚО бас имамы Ермек қажы және

Данилов шіркеуінің монахы Алексей Горбунов.

-Бүгін біздің Полянское ауылына жиналуымыз кездейсоқ емес. Дәл осы ауылда Социалистік Еңбек Ері, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы  Павел Тимофеевич Полянский тұрады. Ол өз еңбегімен жас ұрпаққа лайықты үлгі көрсетті. Ауыл сол кісінің атымен аталады.  Елдің экономикасын нығайтып, егемендігін баянды ету жастарға байланысты.  2025 жыл -  «Жұмысшы мамандықтары» жылы болып жарияланды. Жастардың кәсіби дамуына мол  мүмкіндіктер бар.  Бүгінде мемлекет тарапынан бұл үшін барлық жағдай жасалуда», - деді Алтай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Элла Гейгер.

Өткен жылы Алтай өңірінде қыруар істер атқарылды. Соның ішінде Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысқан тұрғындардың белсенді ұстанымдары ерекше болды. Мыңнан астам ағаш отырғызылып, елді мекендер маңайындағы стихиялық қоқыстарды жою жұмыстары жүргізілді.

Аудан әкімі Р.Құрмамбаев 2024 жылды қорытындылап, 2025 жылға арналған міндеттерге тоқталды. Алтай өңірінде жалпы сомасы 12 965 млн теңгені құрайтын 278 жоба мен іс-шара жүзеге асырылды. Шаралар барысында алғыс хаттар табыс етілді.

«Шығыс Қазақстан облысының Құрметті Ардагері белгісі Н. Салиенкоға, Ч.Сатиевке, ал белсенді еңбектері мен облыстың дамуына қосқан үлесі үшін басқа да бірнеше ардагерлерге алғыс хаттар табыс етілді .