Дөңгелек үстел

22 қазан 2024 жылы Өскемен қаласындағы О.Бөкей атындағы кітапханада Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай «Егемендік туралы декларация және оның тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» тақырыбында облыс ардагерлері мен жастардың басын қосқан дөңгелек үстел – пікір алмасу өтті.

Дөңгелек үстелді Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.С.Шерубаев жүргізіп, алғысөзбен ашты.

 - Ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың арманы болған тәуелсіздікке жол ашқан «Мемлекеттің егемендігі туралы Декларация» ел тарихындағы аса құнды құжат. Республикамыздың халықаралық және мемлекет аралық қатынастар жүйесіндегі нақты құқықтық субъектілігі, елдің дербес саяси және экономикалық дамуы тұжырымдалды. Алғаш рет табиғи ресурстардың, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетінің Қазақстан меншігінде болуының ерекше құқығын баянды етті. Осында қатысып отырған ардагерлер осы тарихи оқиғаның бел ортасында жүріп, жасалған реформаларға үлестерін қосқан айтулы тұлғалар. Декларация қабылданғаннан бергі 34 жыл ішінде қаншама игі істер жүзеге асып, толағай жетістіктерге қол жеткіздік. Бүгінгі осында отырған жастар, Сіздер аға-буыннан үлгі алып, ел игілігі үшін атқарылар істерді лайықты жалғастырушылар болуларың керек, - деп атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында ардагерлер О.Г.Кузовлева, С.С.Тыныбаев, волонтерлардың фронт-офисының белсендісі К.Эвелина, мемлекеттік қызмет ардагері М.Ә.Мұхамеджанов, облыстық жастар ресурсы орталығының директоры А.Әділбеков, ардагер экономист А.Г.Цыганков, Шығыс Қазақстан Техникалық университеті бастауыш ардагерлер ұйымынң төрайымы Л.С.Сергиенколар егемендік туралы декларацияның мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі туралы ой-пікірлерін ортаға салып, осы күнге дейінгі жеткен жетістіктер мен алда тұрған алар асуларға тоқталды. Бүгінгі жастар алдында тұрған міндеттерді саралап көрсетті.

Дөңгелек үстелді қорытындылаған Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.С.Шерубаев қатысушылардың құнды пікірлері үшін алғысын білдіріп, Республика күні мерекесімен құттықтай келе:

- «Мемлекеттің тәуелсіздігі жай ғана декларация емес, шынайы Тәуелсіздікті қалыптастыру, күнделікті қажырлы еңбек, бағдарлы және дәйекті саясат» - деген ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен түйіндеді.