Халықаралық қарттар күніне арналған мерекелік іс-шаралар
Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі Халықаралық қарттар күніне орай «Уба» шипажайында дәстүрлі мерекелік іс-шаралар өткізді. Оған ардагерлер қозғалысының белсенділері, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, қалалық, аудандық «Әжелер алқасы» ұйымдарының төрайымдары қатысты.
Осы мерекеге орай өткен салтанатты актив жиынында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.С.Шерубаев құттықтау сөз сөйледі. «- Бұл мереке ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Үлкенге құрмет – біздің халқымыздың аса бағалы құндылығы. Бүгін еліміз иығына ел жүгін арқалаған, қиындықты да, қызықты да қатар көрген аға буынды ардақтауда. Сіздердің бай өмірлік тәжірибелеріңіз, айтар ақыл-кеңестеріңіз жас ұрпаққа ауадай қажет» - деп атап өтті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Сақтағанов Глубокое аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.М.Забировқа, Зайсан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. К. Молдахановқа Шығыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасын, Шемонаиха аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы С.И.Лычагинаға, Үлкен Нарын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.К.Қалиахметовқа Алғыс хаттар табыстады.
Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталарын Риддер қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы О.А.Корытко, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Л.Д.Крапивина, Тарбағатай ауданы Тұғыл қонысының бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ә.А.Егінбаев, Самар ауданы Көкжыра ауылы бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Н.Н.Қоқашбаева марапатталды.
Бірқатар белсенділерге «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті ардагері» төсбелгісі берілді. Олар: Е.А.Ақтекенов, А.Е.Бәкімбаев, Э.Я. Гейгер, А.М. Забиров, Н.Н.Исенов, Е.К.Қалиахметов, О.А.Корытко, С.И.Лычагина, Т.К.Молдаханов, О.Г.Фролов, М.Шакенов, К.Г.Шушакова.
Облыстық Әжелер алқасы «Асыл әжем, ақ әжем, ақжаулықты дана әжем» атты танымдық іс-шара өткізді. Әжелер алқасы ұлттық салт-дәстүрлерді дамытып, жаңғыртуда. Оған жастарды тартып, өз халқының мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтауға, халық шығармашылығын дәріптеуде, патриотизмге тәрбиелеуге ауқымды жұмыстар атқаруда. Әр халықтың ғасырлық өз салттары мен дәстүрлері бар. Әжелер алқасы осындай игі дәстүрлердің бірі - қазақтың «Сірге мөлдіретер» мен орыс халқының «Келінді күйеу жігіттің үйінде қарсы алу» көріністерін көрермендерге тарту етті.
«Аяулы жас келін» облыстық сайысы қорытынды іс-шара түрінде өтті. Әр ауданнан, қалалардан келіп қатысқан келіндер өнер, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, шеберлік номинациялары бойынша сынға түсіп, ептіліктерін көрсетті.