Ардақты тұлғаны еске алу

Шығыс  Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған дөңгелек үстел өткізді.

Ардагерлер, бұрынғы әріптестері, жастар Бердібек Мәшбекұлының туған күні қарсаңында халқы үшін тұлға болған біртуар азаматқа құрмет білдіру, атқарған бірегей істерін еске алу, оның басшы ретіндегі позитивті ойлау қабілетін, мақсатты, коммуникативті дара қасиеттерін әспеттеу үшін бас қосты.

Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев өмірінің 40 жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнады. Осы уақыт ішінде еліміздің бес өңіріне басшылық жасап үлгерді. Екі рет еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, екі рет Қазақстан Республикасы премьер министрінің орынбасары лауазымдарын атқарды.

Бердібек Мәшбекұлы кез-келген күрделі жағдайды шеше білетін қабілетімен ерекшеленді. Және де халықпен ашық және бір тілде сөйлесе білді. Шешуші жағдайларда адамдармен етене тіл табысу, ашықтық – оған тән ерекше қасиет еді.

- Адамдармен кездесу керек, әрқайсысына жеке көңіл аударып, қарапайым тілде жағдайды түсіндіру керек. Мен бетпе-бет кездесуден, әңгімелесуден қорыққан емеспін. Кабинетте отыра бермедім, - деуші еді.

Бердібек Мәшбекұлы біздің өңірімізді 2009-2014 жылдары басқарды.

Ол шын мәнінде жан-жақты тұлға еді, - деп еске алады бұрынғы ШҚО облыстық мәслихатының хатшысы болған В.И Ахаев, - өз елінің патриоты болуды, қалай өмір сүру мен жұмыс істеуді жастар одан үйрену керек.

Сол жылдардағы онымен бірге жұмыс істеген әріптестері Б.Сапарбаевтың Шығыс Қазақстан облысының республикадағы алдыңғы қатарлы облыс деңгейінде болуы үшін өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Облыс бірнеше мәрте республикадағы өңірлер арасында бірінші орынды иеленді. Оған тек экономикалық көрсеткіштер емес, халықтың әл-ауқатының сапалық деңгейі де әсер етті.

Ара шаруашылығы, марал және қой шаруашылығы өңірлік бағдарламалары қолдау тапты. Өңірдегі егістік көлемі 1 миллион 300 мың гектарға дейін жетті. Облыста өсірілген майлы тұқымды күнбағыстан жылына 150 мың күнбағыс майы өндірілді. «Шыңғыстау» ірі қара жәрмеңкесі сол жылдардың елеулі жетістіктері болды. Онда 2013 жылы 960 миллион теңгенің ірі қара малы сатылса, 2014 жылы ол 1,3 миллиард теңгеге өскен.

Бердібек Мәшбекұлының тұсында  «Туған жерге тағзым» акциясы оның бастамасымен кеңінен қанат жайды. Акция негізінде өңірімізде жаңа бала-бақшалар, демалыс орындары, денсаулық сақтау, спорт обьектілері бой көтерді. Оңалту орталықтары, мәдениет үйлері, хоккей және футбол алаңдары салынса, мектептерде атаулы сыныптар ашылып, оқу құралдары сыйға тартылды. Алакөл жағалауында демалуға толық жағдай жасайтын демалыс орындары құрылыстары бастау алды. Өскеменде газ анализаторларының стационарлық бекеттерінің орнатылуы – ерекше жаңалықтардың бірі болды. Сол кезде әрбір қалалық арнайы сайт арқылы өз туған үйінің қаншалықты жайлы, әдемі екендігіне көз жеткізе алатын болды.

Бердібек Сапарбаевтың Шығыс Қазақстан облысы әкімі болған тұсында тек Өскеменнің өзінде ғана:

-                    Сол жағалау парк-кешені

-                    Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешіті

-                    Жекпе-жек сарайы

-                    Ольга Рыпакова атындағы жеңілатлетикалық манеж

-                    Су спорты бойынша Шығыс Қазақстанның Орталық бассейні

-                    Ғашықтар Аллеясы

-                    Үлбі көпіріндегі көпірасты жолдары

-                    Жаппай балалар ауласының жасақталуы

-                    Жасанды төсенішті балалар футбол алаңдарының  жаппай құрылысы

-                    Сол кезең мүмкіндігімен салыстырғанда қала жолдарының орташа жөндеу деңгейінің жоғарылығы.

Мектептерде балалар денсаулығын жақсарту мақсатында оларға тегін бал мен сүт беру ұйымдастырылды.

Кездесуге қатысқандар Бердібек Сапарбаевтың «Региономика. Карандашное управление» кітабы өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жастана оқып үлгі алар, жұмыс үстелдерінің үстінен табылуға лайықты еңбек екенін атап өтті.