Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Цой Е.
№3 орта мектебі ММ, 6 сынып, Курчатов қаласы
Ұлы Отан Соғысы Жеңістің 70 жылдығы
1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына соғыс жарияламастан басып кірді. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысы, яғни Отанын шетел басқыншыларынан азат ету соғысы басталды. Кеңестік әскери күш бейбіт уақыт жоспарына сай орналасқандықтан соғыс қимылдары басталған территорияға тартылуы барысында, жау соғыстың алғашқы бес айында мемлекеттің 5% халқы тұратын аудандарын жаулап алды. Германия КСРО-ға қарсы барлық қарулы күшінін 70% - 5,5 млн адамнан тұратын 190 дивизия, 4300 танк, 5 мың ұшақ шоғырландырды. Батыс шекаралық округтердегі Қызыл Әскер күштерімен салыстырғанда Германия әскери күші адам ресурсінен екі есе, танктен үш есе, ұшақтан 3 есе, артиллериядан – 1,3 есе басым болды. Осыған қарамастан шекарашылар, олардың қатарында Брест қорғаушылары алғашқы ұрыстың өзінде теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Брест шекаралық отряды жауынгерлердің құрамында жаудын алғашқы соққысына А.Мүсірепов, В.Лобанов, К.Абдрахманов, К.Иманқұлов, А.Наганов, Ғ.Жұматов, Ш.Шолтыров, Т.Деревянко, Қ.Батталов және басқа қазақстандық жауынгерлер қарсылық көрсетіп, айрықша ерлікпен көзге түсті.
Ұлы Отан соғысына тартылған қазақстандықтар санына келсек. Соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам тұрды. Соғыс жылдары қолына қару алып, майданға 1,9 млн. адам аттанды. Сталиндік тәртіп 1916 жылғы патша үкіметінің тәжірибесін пайдаланып, арнайы құрылыс батальондарын да құрды. Бұл батальондар Орта Азия және Қазақстанның жергілікті халқынан және құғын-сүргінге түскен халықтардан жасақталды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс және майдан объктілеріне тартылған.
Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майданға аттандырылды. Қазақстан территориясында жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста қазақстандықтар үлкен құрметке ие болды. Москва бағытындағы негізгі жолдардың бірі – Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда жабдықталған 316-атқыштар дивизиясы генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен теңдесі жоқ ерлік танытты. Қысқа уақыт ішінде дивизия жауынгерлері жаудың танк, моторлы және екі жаяу әскер дивизияларын талқандады. Москва түбіндегі шайқаста әсіресе саяси жетекші В.Г. Клочков басқарған бөлімше – 28 панфиловшылар жаудың 50 танкісіне тойтарыс беріп, асқан ерлік көрсетті. 1941 ж. 17 қарашада дивизияға 8-ші гвардиялық деген атақ беріліп, кейінірек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен, ал Риганы жаудан азат еткені үшін екінші дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. Бұл шайқаста ерлік танықтан 28 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Сонымен бірге Волоколамск түбінде үлкен ерлік көрсетіп қаза тапқан талантты қолбасшы, қаһарман командир И.В.Панфиловке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен Кеңес Одағы, оның ішінде қазақ халқы бір адамдай Отан қорғауға аттанып, соғысты жеңіспен аяқтау үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Қазақстаннан әр ұлт өкілдері Ұлы Отан соғысына қатысты пайыз есебімен, қазақ 50% , орыс 37% және басқа ұлт өкілдері 13% . Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы құрамындағы халықтар үшін басына түскен сын кезең болды. Осы сыннан халқымыз мүдірмей өтіп, әлем алдында беделі асқақтап, биік шыңдардан көріне білді.
Ұлы Отан соғысы 4 жылға созылды. Майдан даласында 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты. Соғыста қаза тапқандардың саны туралы мәлімет бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Жекелеген мәліметтер бойынша, адамзат тарихындағы бұл ең зұлмат соғыс 20 миллионнан астам кеңес азаматтарының өмірін қиды. 1 710 қала және 70 мыңнан астам село-деревнялар, 31 850 өнеркәсіптік кәсіпорын, 65 мың шақырым темір жол, 4 100 теміржол стансасы, 36 мың пошта-телеграф мекемесі, телефон стансасы және басқа да байланыс бекеттері жермен-жексен болған немесе жартылай қираған. 40 мыңдай аурухана немесе басқа да емдеу мекемелері, 74 мың мектеп, техникум, жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу институттары, 42 мың кітапхана және басқа да көптеген нысандар жойып жіберілген, тоналған. Осыдан екі жыл бұрын еліміздегі ҰОС ардагерлерінің саны 10 мыңға жуық еді, қазір 6 мыңға жуық соғыс ардагері мен 220 мың тыл еңбеккері қалған.
Біздің мектепте Курчатов қаласындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған шағын мұражай бар, мұражайда олар туралы толық мағлұматтар бар. «Ер есімі - ел есінде» демекші, келесі жылы – Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл болады. Бұл мейрамды бұрынғы Кеңес Одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.
Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ монументтеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып еске алу рәсімдері өтеді. Біз келесі ұрпақтар өзіміздің Отанымызды сүйіп, соғыс ардагерлерін құрметтеп, қамқор жасауымыз керек. Бұл соғысты ешкім де ұмытпауы тиіс, ешнәрсе де ұмытылмауы керек.