Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Уәлибекова Д.
ЖББ Қарауыл гимназиясы КММ, 10 сынып, Абай ауданы, Қарауыл ауылы
Менің атам – арда туған ардагер!
Рас, қайғы-қасіреті бар қаптаған,
Ғұмырлар бар батқан және батпаған.
Әкелгенмен әр адамға бір қайғы,
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған.
Жанды-жансыз бар табиғат түнерген,
Әр кеудеде бір шер барын білем мен.
Қан майданда ерлік етсе біреулер,
Қарсы жауға біз де шықтық түренмен.
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ сол бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты.
Батыр жұртым, сол жылдарды өткердің,
Сонда да сен жақсы көрдің, жек көрдің.
Қара емендей қатып қалған әжеңді,
Кейінгі ұрпақ, батыр емес деп көргін.
Кейінгі ұрпақ, саған салған өткелдің,
Сағасында өткен жастық, өткен күн.
Қаршадайдан қара шаруа атанған,
Сен әкеңді батыр емес деп көргін.
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған,
Сондағы мен ерлігіме мақтанам.
Балғын ұрпақ, сенің болашағыңды
Біле білсең, мына біздер - сақтаған!
Мұқағали Мақатаев.
Бақыт күнді басымыздан әкеткен,
Мен туғанда сұм соғыстың аты өшкен.
Талай боздақ сол соғыста жан беріп,
Талай жандар бұл өмірден жас өткен.
Қаншама жыл өтсе-дағы зұлматты
Шығармайды әже менен ата естен...
Баласынан айрылды сан аналар,
Қалды әкесіз талай сәби балалар.
Қан майданды кешкен барлық адамның,
Жүрегінде жазылмайтын жара бар.
Қалды талай ауыл-аймақ қаңырап,
Оқ жайпаған дала жатты аңырап.
Майдандағы жалғызынан айрылып,
Отсыз қалды, өшті талай шаңырақ.
Қанқұйлылар бейбіт өмір сүрмеген,
Тыныш өмір кешкендерді күндеген.
«Соғыс » деген суыт хабар келгенде,
Оның ешкім не екенін білмеген.
Гүлдеп тұрған талай қала күл болды,
Жұртта қалған көңілдерге мұң толды.
Еңбек етті тылда жас та кәрі де
Отыра алмай тек қусырып құр қолды.
Күннің бетін қара тұман шалғанда,
Ерлеріміз қарап, әсте, қалған ба?
Аталардың тіл жетпейтін ерлігі,
Жетелеген бізді бейбіт таңдарға.
Сұм соғысты көрмегенбіз мына біз,
Жаратқанға мың бір тәубе қыламыз!
Ардагерлер,ардақтылар – мақтаным,
Өмірі де, көңілі де жыр аңыз!
Әркімнің де өз атасы бар шығар,
Ел-жұртында естен кетпес даңқы бар.
Менің атам Уәлибектей қарт жайлы,
Әлі талай естеліктер айтылар...
Бейбіт күнді жақындатқан біздерге,
(Нұрлы өмірді жақындатқан, білгенге!)
Менің атам – арда туған ардагер,
Бақыт жырын сыйлап кеткен күллі елге.
Оқ даусынан қалсын деп тек жаңғырық,
Мұңсыз болсын деп алғы ұрпақ мәңгілік.
Абыроймен елін қорғап оралды,
Жастығын да,аяғын да қалдырып.
Ол соғысқа беріп келіп аяғын,
Тастамаған таянышы - таяғын.
Сонда-дағы еңбек етіп ерлерше,
Талай тартқан тіршіліктің азабын.
Ұл өсіріп, қыз өсіріп жеткізген,
Бар қызығын - тек ұрпағым деп білген.
Атам барда Алатаудай тұлғалы,
Аласарып көрмедім мен ешкімнен.
Бейбіт күнді тарту еткен сол атам,
Сексен бес жыл кешіпті өмір санасам...
Арманым жоқ, аталарға арнап бір,
Арнау өлең жазуға мен жарасам.
Еркелеткен, еркіндеткен аталар,
Нақ солардан нағыз ерлік бас алар.
Жасай берер аталардың өмірін,
Біз сияқты жалындаған жас арай!
Ардагерлер – азат күнді сақтаған,
Даралыққа даңғыл жолды бастаған.
Керек болса, бүкіл дүние жүзіне,
Менің атам – майдангер деп мактанам!
Қолда қазір армандаған азаттық,
Салтымызды қайта қазір ояттық.
Еңсемізді тік көтердік еңселі,
Бар әлемді аузымызға қараттық.
Көмектесті қайсарлығым,өрлігім,
Қанат болды қайрылмайтын – ерлігім.
Құлаққа енді естілмесін оқ даусы,
Мәңгі болғай азаттығым – теңдігім!