Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Уатжанова А.
ЖББ Қарауыл гимназиясы КММ, 8 сынып, Абай ауданы, Қарауыл ауылы
Батырларға тағзым
Біз тәуелсіз мемлекетте өмір сүреміз. Көк байрағымыз желбіреп тұр. Жанымызда бізге қамқор болатын ата-аналарымыз бар. Алтын ұя мектебімізге барып білім нәрімен сусындаймыз. Өркениетті елде еш уайымсыз күн кешудеміз. Болашаққа нық қадам баса аламыз. Бұл-әр адам үшін бақыт. Осы бақыттың артында жүректері Отан деп соққан ата-бабаларымыз тұр. Олар біздің еркіндігіміз бен болашағымыз үшін қасық қаны қалғанша соғысып, жандарын біз үшін тәрк етті. Менің ұстазым, ақын-Төлеген Жанғалиев айтқан мынандай бір өлең бар:
Біз соғысты көргеміз жоқ кеш туып,
Соғыс жайлы аталардан естідік.
Ар мен намыс таразыға түскен күн
Бара жатыр ертегідей ескіріп.
Иә, біз де соғысты көргеміз жоқ. Кинодан, театрдан көргеміз бар. Соғыс ардагерлерінен естігеніміз бар. Әйтеуір 1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың зары мен бейнеті түспеген бірде-бір шаңырақ жоқ. Тылда еңбек еткен бабаларымыздың басынан қанша қиыншылықтар өтті. Ал соғыс майданында жүргендердің басынан нелер өтіп нелер өтпеді десеңші! Көзге елестетудің өзі қорқынышты. Бірі жақын жолдасының көз алдында қаза болғанын көрсе, бірі өз өмірін қиып жатты. Ал бірі Отан үшін өзге жанға оқ атуға мәжбүр болды. Бұл да батырларымыздың кіршіксіз жанын жаралаған арылмас азап болған шығар? Бірақ Отан алдындағы борышын барлық құндылықтардан жоғары қоя білген қайсар жандар бұған да шыдап берді. Есімі ел жүрегінде орын алған Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Баубек Бұлқышев, Талғат Бегелдинов сияқты хас батырлар аз болмады. Ал ерлігі ерен есімдері беймәлім азаматтарымыз қаншама?! Біздің аталарымыздың батырлықтары мен жанқиярлықтары,олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл-бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Осы сұрапыл соғыстың кесірінен әйелдер жесір қалды, балалар жетім қалды, асыл аналар бауыр еті балаларынан айырылды. Бұл қатыгездіктен кім зардап шекпеді дейсің?
Бірақ қазақ халқының көгіне үйірілген бұл қара бұлттан кейін де күн шығып жер беті қуанышқа кенелді. Көптен күткен Ұлы жеңіс күні туды. Дұшпанның туы құлап жеңіс туы желбіреді. Жеңіс күні - абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік,Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста жеңіске жеткізді. Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш - әрине, бірлік.Қаншама халық бір тудың астына бірігіп күштерін бір арнаға салды. Ұлы жеңіс - он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы.
Сондықтан біз ата-бабаларымызға мың алғыс айтуымыз керек. Олар болмаса біздің қазіргі күйіміз не болар еді? Біз олар бағындыра алмаған асуларды бағындырып, олар жете алмаған биіктерге жетіп, олар іргетасын қалаған егемен елді көркейтуіміз керек. Олардың өздерімен бірге көз жұмған арман-тілектерін орындау-біздің ең бірінші парызымыз. Сабағымызды жақсы оқып туған жеріміздің білікті де білімді азаматы болу біздің еншімізде. Жас ұрпаққа осындай жағдай жасап елімізді жандандыруға үлкен үлес қосқандарыңыз үшін, батырлар, сіздерге мың алғыс, мың тағзым!
Жақында біздің ауданда керемет бір кеш өтті. Халық ауданда қалған жалғыз соғыс ардагері, Елбасына бата берген батагөй қарт Жағыпар Жүнісжановтың 90 жылдығын кереметтей етіп атап өтті. Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков аудан халқының атынан ардагердің иығына шапан жауып,астына темір тұлпар мінгізді. Ерге деген ел құрметі дәл осындай болса керек-ті. Осы кешке Қарауыл гимназиясы жанындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының оқушылары жырдан шашу шашты. Мен де арнау өлең оқыдым. Сол өлеңіммен шығармамды аяқтаймын:
«Тоқсан жасқа келіпсіз асыл ата,
Жасыңыз ұрпақ үшін ғасыр ата.
Ел-жұртыңыз сізді қалай ұмытады,
Ерлігің күн көзіндей шашыраса.
Сұм соғыс енді бізде болмасыншы,
Алламыз тыныштықты қолғасыншы.
Біз сияқты жас қыран жарқ-жұрқ тіп,
Егеменді ел көгінде самғасыншы.»