Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Тілеубаева Б.
№1 Теректі орта мектебі КММ, 9 сынып, Күршім ауданы, Теректі ауылы
Ұлы Отан Соғысы кезіндегі тыл ардагері – аязбек өміртайұлының ерен еңбегі
Шығарма тақырыбын ұстазымнан естігенен кейін еш ойланбастан, өзім білетін, мектепте кездесуде болған Аязбек атаның басынан өткен оқиғаны жазуға бекіндім. Кездесуде ол кісінің мына сөздері есімде қалыпты:
«Ананы баласынан, ағаны бауырынан айырып, мыңдаған боздақтарды жер жастандырып, бөтен елдің топырағы бұйыртқан зұлмат соғыстың өлшемі адам өмірімен, тағдырымен бағаланып, өте қымбатқа түскен жеңістің аяқталғанына міне, 70 жыл болады.
Сол қырғын соғыстың от пен жалынға оранған 1448 күні мен түніндегі аспан мен жерден ажал оғын сепкен зеңбірек зіркілі, көктен тажал боп жауған сансыз бомба дүмпуінің жаңғырығын арада өткен осынша уақыт майдангер құлағынан, санасынан өшіре аламыз ба? Соғыс кезіндегі ауырпалықтардың бәрі әуелі- аналарға, балаларға, қарияларға түсті. Таңның атуы, күннің батуынан дейін Отан үшін жанқиярлықпен аянбай еңбек еттік ғой. Егін де салдық, шөп те шаптық, мал да бақтық. Келі түйіп, диірмен тарттық. Ол аздай майшамның сығырайған жарығымен аналарымызшұлық пен қолғап тоқыды. Бел шешіп жататын, жер таңдайын уақыт болды ма десеңші? Әке орнын жоқтатпау, шаңырақты, адал ақ махабатты дәріптеу қаншама жігерліктің арқасында келді, сондықтан да Ана деген атқа өмір бойы бас иіп өтемін» деді. Иә, соғыс кезеңде өмір сүрген балалар ойын ойнаудың орнына ерте есейіп, 7 жасынан бастап өгізбен жер жыртып,шөп шауып, қыстың қақаған аязында жазда жиналған шөптерді мал фермаларынана тасиды екен. Күндіз бидай орып, кешке үйге келгенде, балақтағы бидайды бір дәнін тастамай алып қуырып жеп, нан деген таптырмас астың бірі болыпты. Киерге киіміміз жоқ, ол кезде аяқ киім жоқ болғандықтан, аяқты жараламас үшін, шылғау байлап алады, шаруа істеп жүргенде, әсіресе күз кезінде аяқтары тоңып кеткенде үрлеп-үрлеп, шапшаң қозғалады, сонда тоңбайды екен. Тыл ардагермен кездесу кезінде мұндай оқиғаны естігенде, жылағымыз келді.
Ал енді шығармамның басты кейіпкері тыл ардагерінің өмірбаянын қысқаша баяндай кетейін.
Карипшалов Аязбек Өміртайұлы 1927 жылы Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Алекеевка ауылында жұмысшы шаруа отбасында дүниеге келген. 1937 жылдан 1941 жылға шейін Алексеевка орта мектебінде оқып, білім алды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында «Куйбышев» колхозында қатардағы колхозшы болып еңбек етті. Қажырлы еңбегі бағаланып, 1947 жылы «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
1949 жылы колхозда мал дәрігері болып жұмыс істеді.
1952 жылдың қазан айынан Қарашілік қой фермасының меңгерушісі болды. Сондағы сіңірген еңбегі үшін 1958 жылдың наурыз айында «Еңбектегі ерлігі үшін»медалімен марапатталды. 1957 жылы колхоздар совхоз болып құрылып, шаруашылықтар ірілендірген тұстан бастап, 1980 жылға дейін 28 жыл Қарашілік бөлімшесін басқарды.
1980 жылы Марқакөл аудандық май зауытының директоры қызметіне тағайындалды. 1988 жылы Аязбек Өміртайұлы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
Отан алдындағы сіңірген еңбегі елеусіз, ескерусіз қалмай 1956 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен, 1973 жылы «Октябрь Революциясы»1978 жылы «Еңбек қызыл Ту» ордендермен марапатталды.
Еңбек еткен жылдары аудандық, облыстық Кеңестердің депутаты болып сайланған. 1999 жылдан бастап, Күршім ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Өмірден өткеніне аз болса да, мұндай аталарымыз бар екеніне мақтан тұтамыз. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей ол кісінің еңбегі, игі істері ел есінде, ешқашан ұмытылмайды. Біз болашақ жастар ата-бабамыздың жақсылықтарын естен шығармай, сол тұлғалардан үлгі алуымыз керек. Бізге сыйлаған бейбітшілік, еркін өмірдің қадір-қасиетін білейік, достар!