Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Төлепбергенова А.
Ақтоғай орта мектебі, 9-сынып, Аягөз ауданы
Ұлы Жеңіске – 70 жыл!
Батырлықтың қашанда тұрағы елі,
Жүрегінде батырдың тұрады елі.
Өшпес ерлік, өнеге, тағылымның,
Біз боламыз әр кезде мұрагері
Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 70 жыл толды. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыста ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтінін дәлелдейтін белгі болып қалмақ.
Бұл сол кездегі кеңес халқыныңм ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздернің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да, даңқты әйелдеріміз – оздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы Жеңістің құрдастары тойлайды.
Ұлы Отан соғысы төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ жан қилы соғыс жүріп жатты.
Соғыс кезеңінде біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір шайқас болмады. Қазақ елі басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Олар ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүргінен жұлып алып тастаған.
Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағынам ілікті. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді.
500-ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтқ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына тартушыға айналды.
Бабалардың қанымен, жанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеіңіп, тауын шағып, туын тігіп, жеңістің таңбасын басқан күн - Жеңіс күні! Бұл күн толдғағы ашшшы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн.
Біздерге батыр бабаларымыз қаншама азапты күндерді басынан кеше отырып бүгінгі көк аспанында ақ көгершіні қалықтаған бейбіт күнді сыйлады. Әрбір қазақ олар әкелген тыныш өмірдің тұнығын лайламауға міндетті.
«Ер есімі-ел есінде» –демекші, бізге жарқын болашақ бақытты ғұмыр сыйлаған ата-апаларымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес!