Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Талғатқызы А.
Ақсу орта мектебі КММ, 7- сынып, Катонқарағай ауданы
Алыстай берсін Соғыс жаңғырығы
Шіркін, неткен бақытты балалық шақ! Ауылымның тынысы кең, көңілі жайдары. Әр атқан күніміз күлкіден, қуанышты, көңіл жадыратарлық сәттерден басталады. Ерте оянған бауырым жанымызға келіп, бізді оятады. Біз бауырымның қылықтарын қызық көріп, оны түртеміз, жасырынбақ ойнаймыз, сықылықтатып күлдіреміз. Бір уақытта барлығымыз дастарқан басында отырып, апам мен атамның жаңа күнге арнайтын батасын қабыл алып, тамақ ішеміз. Енді қарасаң, бірі жұмысқа, бірі балабақшаға, бірі мектепке кетіп бара жатады.
Тіршілігі бірлік пен ынтымаққа толы отбасымды үш буынға бөлемін. Олар: үлкен буын – атам мен апам, орта буын – әкем мен анам, кіші буын – мен, Дана, Сезім.
Атам мен апам – менің құрмет тұтатын қазынам. Олардың өмір сүрген жылдары Отан соғысы жылдарынан кейінгі кезең. Олар бізге, немерелеріне қарай отыра «тәубә, тәубә», «шүкірлік», «қазір бәрі бар заман ғой», «заман тыныш болса болды» деген сөздерін жиі айтып отырады.
Ұлы Отан соғысы біздің ауылға да өз ізін салып, таңбасын тастап кетті. Отан үшін өз үйлерін, отбасы мүшелерін қимай тастап, майдан даласына Ақсу ауылының 364 адамы аттанды. Елге оралғаны 81 азамат екен. Қазір сол соғыс ардагерлерінен Сағатай Никонов атамыз ғана арамызда жүр. Мектеп мұражайына барғанда, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған бұрышта біздің ауылдан соғысқа аттанып, аман - есен оралған аталарымыздың суреттері бар. Олар: Жақып Рақымжанов, Қабдуәли Әкімғалиев, Есімқан Баймурзин, Александр Стахнев, Сөлкен Шәмшиев, Сәби Тоқтағұлов. Ауыл азаматтарының Ішінде ұрыс даласында бір ауылдың адамдары ретінде бірге жүріп, бірге соғысып, бірге еліне қайтқандардың да барын білемін. Олар: Жақып Рақымжанұлы мен Александр Стахнев. Бір ел, бір жердің азаматтары көрген соғыс қиыншылықтарын, шеккен зардаптарын айтып, талай ұрпақтың алдында ерліктің үлгісі ретінде танылды. «Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін» медальдары қазір өлкетану мұражайында сақталған.
«Ұл дегенде ұртың толады» дегендей, бойларында күш – қуаты, намысы бар біреудің ұлы, әкесі, ағасы, атасы майданға топ – тобымен кетті. Бақтар танкінің тажал табанымен басылып, балабақша алаңы қанға боялып, әйел – аналар шаштарынан сүйреліп, бейбіт өмір қасірет өмірге айналды.
«Балалық шақтың не екенін білмедік. Жұмыстан қолымыз босамады. Көктемде жерді өгізбен жыртамыз. Балалар оны жетелейді. Жер жыртылып болған соң, қолмен топырақты ұсатып, майдалап, арпа, бидай, сұлы егеміз. Егін піскен кезде, астықты орақпен орып, бау байлап, оны бастырамыз. Астықты жинап алғаннан кейін қыстай тазалап, кептіріп, қаптарға өлшеп салып, майданға жөнелтеміз. Осындай жұмыс істегеніміз үшін бізге 200 грамм қара нан береді. Біз ренжімейміз. Барлығымыздың бір ғана тілегіміз бар – тезірек соғыс бітіп, ер - азаматтардың майданнан аман - сау жеңіспен оралуы.
Осыдан жетпіс жыл бұрын қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын осындай заман болатынын біз білдік пе»? – деп аяқтады сөзін ауылдың тоқсанға келген әжесі Қанипа Қарықпаева. Мен апаның түріне қарап, жыламсыраған көзіне қарап, қазіргі біздің балалық шақ жеңіске қол жеткізген және осы жеңісті жақындатқан аталар мен апалардың арқасы екенін сезіндім.
Балалық шағымызды баянды еткен, соғыс кермегін татқан жауынгерлерге бас иеміз! Ел басына қонған бақытымыз баянды, көшіміз түзу болсын!