Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Спанова Г.
№1 жалпы білім беретін орта мектеп КММ, 9 сынып, Аягөз қаласы
Ер есімі ел есінде
Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген,
Оқ даусы мәңгілік жойылсын.
Бомбаның орнын тегістеген,
Күректер музейге қойылсын
Иә, бұл тілекпен кім келіспейді? Әр көктемде Жеңіс күні осы әнді бүкіл қазақ Елі болып шырқасақ! Тіпті тек бір қазаққа ғана емес, бүкіл адамзатқа ұсынар Әлемдік Ән десем артық айтпаспын!
1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германияның Кеңес Одағына опасыздықпен басып кіргеніне, адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне биыл 70 жыл толмақ. 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған ағаларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны ащы шындық. Соғыс та ұмытылмастай өз ізін қалдырды. Олардың басым көпшілігі ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың ерлік рухын асқақтатты. Мысалы: М.Мәметова, Ә. Молдағұлова, Б. Момышұлы, Т. Бигелдинов тағы басқа өжетте, қайсар боздақтарымыз болды. Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей – теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы – қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады. Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды. Ішінде ақын да, әншісі де, бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға – ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен...
Біздің ат бабамыз түрлі қанқұйлы соғысты басынан өткерді. Олардың ең соңғысы – Ұлы Отан соғысы болды. Олар біздердің жақсы, бейбіт өмір сүруімізді қалады. Осылайша, аттың жалында, түйенің қомында жүріп, біздерге бейбіт өмірді орнатып берді. Майдан шебінде жанын пида еткен жауынгерлер мәңгі есімізде қалады. Сұрапыл да жойқын соғыста қыршынынан қиылған жауынгерлер есімі ел есінде мәңгі сақталады.
Ұлы Отан соғысы КСРО бойынша 11600-ден астам адам ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алса, соның 497-і қазақстандықтар, ал 97-і қазақтар, 500-ге таяу сарбазы мен сардары Кеңес Одағының Батыры болса, олардың 109-ы біздің жерлестеріміз - Шығыс Қазақстандықтар. Ұлы Отан соғысында ең алғаш Кеңес Одағының Батыры атағын алған Қазақстандық жас қазақ жауынгері 18 жасар Ж.Елеусізов еді. Майдан шебіндегі соғысқа 100-ге жуық ақын – жазушылар да қатысты. Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов сынды қаһарман партизандар жау тылында аянбай шайқасты. Бұл соғыс КСРО-ның 27 млн азаматын жоғалтса, оның 35 млн адам, оның ішінде 1,5млн. Қазақстандықтар, 1710 қала типтес мекен, 70 мыңдай ауылдар қирады. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің 70 пайызын құраған еді. Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты.
Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге ала құйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат – екінші дүниежүзілік соғыс туралы шығарма жазуды бастағанымда, бұл тақырыпты он бетке болсын, жүз бетке болсын сыйғызудың мүмкін еместігіне көзім жетті. Себебі, соғыс – уақытқа тәуелсіз, ешқашан өзгермейтін, ешқандай сынға берілмейтін азап.
Мен, Тәуелсіз елде өсіп келе жатқан азат елдің ұланымын! Соғысты өз көзіммен көрмесем де, кино және деректі фильмдерден көріп, тарих пен әдебиет сабақтарынан сусындап келемін. Солардан көкейіме тоқығанымды зерделейін.
Кезекті жыл өткен сайын соғыс оқиғалары тарих қойнауына тереңдей сүңгіп алыстап барады, оның эпизодтарын, майдангерлер мен тылда қажырлы еңбек еткендердің бейнелерін ой-санамыз зерде қалтарыстарынан суыртпақтап еске түсіреді. Дегенмен, біздің ұмытуға құқымыз жоқ бір нәрсе бар. Кеңес солдатының Ұлы Отан соғысы жылдарында айырықша қуатпен ашылған бұқаралық ерлігі адамзат зердесінде мәңгі сақталып қалмақ.
Майданға кеткен талай мыңдаған жұмысшылар мен шаруалардың орнына шексіз қиын, ұйқысыз, ас-сусыз еңбек вахтасында әйелдер мен балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер тұрды. Әр отбасының басшысы майданда болды. Сондықтан, сол кездегі адамдарға тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді. «Бір минут ішінде сен соғысқа дейін бір сағатта істегеніңді істеуге тиіссің!» деген ұранды ұстанған адамдар қатал тәртіп пен еріксіз жұмыс істетулерге қарамастан, асқан шыдамдылық танытып ешқандай қысым көрсетусіз - ақ ұйымшылдықтың асқақ үлгісін көрсетті.
Батырлығын жауына татырды анық, - деп ақындар жырына арқау болған халқымыздың батырлығы, ерлігі қан майданда талай рет дәлелденді. «Ел шетіне жау тиді» дегенді естігенде Қабанбай, Бөгенбай, Амангелді батырлардың ұрпақтары қолдарына қару алып, бір кісідей кеуделерін оққа тосуға әзір екендіктерін білдірді, елі үшін өлуге, елін қорғауға ант берді. Қазақ халқының ой – сезімін Шығыс Қазақстан облысындағы «Еңбек» ауылдың тұрғыны Рақым Қондыбаевтың: «Фашистік құзғындар еркіндік сүйгіш халықты құлдыққа түсіруге, жерімізді, малымызды тартып алып, мойнымызға арқан салуға тырысады. Бұлай болмақ емес! Қазақ халқы бойындағы Амангелдінің айбынды рухы өлген жоқ. Біздің даламызда ержүрек жігіттер мен сәйгүлік аттар қашан да бар. Отан соғысында қазақтар құлдыққа түсірушілерге қарсы қасық қаны қалғанша шайқасады деп ант етеміз!» деп қасиетті жерімізге шабуыл жасаған фашистік хайуандардың сұмдық арсыздығынан сырт қала алмайтындығын, басқыншы жауға туған жер топырағын ойрандатпау керектігін айтқан жалынды сөздерінен көре аламыз. Жау жағадан алғанда елін қорғау өмірлік парызы деп білген, елін ер азаматтарша қорғап лапылдаған оттың ішінде қаза тапқан жалынды публицист ержүрек жауынгер Б.Бұлқышев Отанды қорғауды азаматтық борышы деп түсінді. «Өмір сүргім келеді» деп шырылдаған 28 жастағы жауынгер өзінің жалынды үні жерлестерінің жанын тебірентіп, болашақ ұрпаққа айнымас ұран болып қалды. «Біз – Кеңес адамдарымыз, біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп күйдіріп жібере алады... біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйіспеншілік»,- деп еліне, жеріне деген шексіз махаббатын, құрметін майданда дәлелдеген, біртуар азамат, қайталанбас тұлға Б.Момышұлының ел үшін еткен еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Бауыржан – әскери қимылдарға әзірліктің және оны жүргізудің теориясы мен практикасын, әскери стратегияны жетік меңгерген қолбасшы. «Халқымның қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен» дейтін өмірлік ұстанымынан бір мысқал да ауытқымаған, бойында иненің жазуындай жалғандығы жоқ, бір өзіне ғана жарасар ерлік пен өрлік бар, төрт жыл сыз жастанып, жер кепе мен окопта ұйқысыз, мазасыз түндерді, кескілескен шайқастарды басынан өткізген қайсар да қайтпас ер есімі қазірде батырлықтың символына айналды. Қазақ лейтенанты Рахымжан Қошқарбаев пен орыс жауынгері Григорий Булатов Рейхстаг баспалдақтарына бірінші болып аяқ басып, жеңіс туын тікті. Төсін оққа төсеген батырларымыз аз емес: Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, Н.Әбдіров, Р.Амангелдиев, С.Баймағамбетов, Д.Шыныбеков, С.Жылқышев, Т.Мырзабевтың, есімдері алтын жұлдыздың сәулесімен шағылысып, өткен ғасырдағы сұрапыл күндерді еске салады. Сонымен қатар нәзік жанды әйелдер кез келген батырдың өзін қайыстыратын жүк көтерді. Ерліктің қос қанаты деп Әлия мен Мәншүк есімі бүгінгі ұрпаққа ерліктің ғажайып үлгісі деп айтар едім. Шығармамды аяқтай келе: Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Отанын қорғаған жауынгер - солдаттар мен офицерлердің айбынының мәңгі өшпейтіндігінің дәлелі. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі емес пе! Әлемнің бар сәбиі, ұйқысы қанған соң оянсын! Кейінгі ұрпақ оқ даусы мен бомбаның дүрсілін, жетімдіктің қайғы - қасіретін тартпасын! Ұлы Жеңісіміз, бейбіт, азат өміріміз ұзағынан болсын! Ұлы Жеңіс құтты болсын, ардақты халқым менің!