Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Серікқызы С.
Ленин орта мектебі, 6 сынып, Катонқарағай ауданы
Ерлік, естелік, отаншылдық!
Әр жылы жеңіс күні сағынамын,
Естуге ел алдында мағыналы үн.
Өлімді өмірге әкеп жалғап кеткен,
Мың миллион құрбандарға табынамын.
Десе де осынау сұрапыл отты жылдар куәгерлері арамыздан азайып кеткені шындық. Өскелең ұрпақтың болашағы, бақыты үшін жас өмірлерін аямаған данқты аталар мен апаларымыздың ерлік істері туралы естеліктер сыр шертсе дейміз. Дана халқымыз «ескерткіш тозса да, естелік тозбайды» дейді ғой....
Бұлт түнеріп аспаннан,
Талай көзден жас тамған.
Тұтқиылдан жау төніп,
Қырғын соғыс басталған...
1941 жылдың 22 маусымында бейбіт аспанды қара бұлт торлады. Фашистік Германия шаттық әнімізді қайғылы үнге, бейбіт күнімізді қара түнге айналдырмақ болды. Отанымызға қатерлі күн туды, сұрапыл соғыс қаһарын төкті. Кіндік қаны тамған жері үшін, атамекен елі үшін Отанымыздың қаһармандары қан төкті. Кіндік қаны тамған жері үшін, ата-мекен елі үшін Отанымыздың қаһарман ұл – қыздары ел қорғауға аттанды.
Отаным, еркелеймін енді кімге?
Өзіңмен нені болса, көрем бірге.
Қалайша қабырғама батпас менің?
Басыңа қатер бұлты төнген күнде, -
деген ұранмен қаншама боздақ қан кешті қырғынға аттанды. Солардың арасында бозбала жігіт Қадылбек Шатанов та бар еді. Он жетіге жаңа толған бала жігіт 1941 жылдың қыркүйек айында әскери өнерге жаттығып, әскер жолын Қиыр шығыста бастаған еді. Мұнда ол 1983-ші армияның 264-ші дивизиясының сапында Лесозаводск, Хабаровск, Владивосток, Сахалинск тағы басқа қалалардың маңында, Курил аралында еліміздің шығыстағы шекараларын жаудан қорғап, 1945 жылдың мамыр айынан бастап Германияның одақтасы Жапонияны талқандау жорықтарына қатысады.
- Батыста еліміз Жеңіс күнін тойлап жатқанда біз шығыста ұрысқа кіріскелі жатқанбыз, - деп еске алады ардагер.
- Жапондықтардың күші басым болса да, біз барлығына сабырлықпен қарадық. Қанды көйлек жолдастарымыз оққа ұшса да, біз төрт жыл бойы жаудың бізге көрсеткен қорлығының есесін қайтардық, - деп қуаныш аралас күрсініспен толғанады сол жылдар жауынгері, осы жылдар ардагері.
Орталық алаң... Ескерткіш... Балдаққа сүйенген қарт... Ақ жаулықты ана. Балдақты қарт қанды көйлек жолдастарын еске алса, үмітті ана 70 жыл бойы сұрапылдан оралмаған жалғызын күтеді.
Өтті сондай ауыр күндер батпандай,
Көктемі де аңыраған ақпандай.
Тыныштықтың сәтін күтіп баққандай
Бозторғай да зеңгір көкке қадалып,
Тыныштықты тілеп, сарнап жатқандай.
Іңірдегі мөлтілдеген жұлдыздар,
Тыныштықтың үміт шоғын жаққандай.
Қара судың шымыр-шымыр толқыны,
Тыныштықтың күйін толғап аққандай.
Бақытымның балғын көгін жапырып,
Сол күндердің оралмауын тілейміз
Сондықтан да шайқастарда шайлықпай,
Тыныштықтың күзетінде түнейміз,
деген жауынгер сөзі мәңгілік жаңғырады. Әркімнің жүрегінде соғыс салған жара жазылмақ емес, алайда өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен оларды келер ұрпақ ұмытпайды, мәңгі есте сақтайды.