Ер есімі ел есінде...

Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары

Серікқанова А.
К.Кадыржанов атындағы Қызылқия жалпы білім беретін
орта мектебі КММ,10 сынып, Аягөз ауданы Тарлаулы ауылы

Ерлік пен елдік рухты үлгі тұтқан ұрпақпыз

Куәсі боп жойқынның дала жатыр,
Ерлік құны болмасын қара бақыр.
Отан үшін от кешіп, жалын жұтқан,
Қариялар азайып бара жатыр.
Жауды қуған жөңкілтіп дара батыр,
Ерлік ісі даңқты болады ақыр.
Әлия мен Мәншүктің көзін көрген,
Қариялар азайып бара жатыр.
Қадірлі қариялар болғын аман,
Қымбатшылық қиындық өткінші боп,
Ала келсін жақсылығын осы заман.
(А.Серікқанова)

Адамзат тарихында үлкенді-кішілі 15 мыңға жуық соғыс өткен. Бірақ солардың ішінде ауқымы, алапаттығы мен құрбандықтары жағынан ең жантүршігерлігі екінші дүниежүзілік соғыс және оның құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысы болды. Сондықтан, оған қатысып жеңіске жеткен және осы жолда өмірлерін құрбан еткен асыл азаматтарды еске алып, құрмет көрсетіп отыру бәрімізге қасиетті борыш, қастерлі міндет.
1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан, соғыс жарияламастан басып кірді. Жау жағының басымдылығына қарамастан, шекарашылар, олардың қатарында Брест қорғаушылары алғашқы ұрыстың өзінде теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық полктер мен батальондар жасақталып, майданға аттандырылды және олар ерлікпен шайқасты. Мәскеу бағытындағы Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда құрылған 316-шы дивизия генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен ерліктің ерен үлгісін танытты. Атап айтқанда, 28 панфиловшылар жаудың 50 танкісін жойып жіберіп, олар Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Панфиловшы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Бауыржан Момышұлы полковник шенінде, 9-шы гвардиялық дивизиясының командирі болып жүріп аяқтады. Орыстың белгілі жазушысы Александр Бек «Волокалым тасжолы» кітабын Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігіне арнады. Алайда, Бауыржан Момышұлы Кеңес өкіметі тарапынан өз дәрежесінде бағаланбады. Тек 1990 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Әскери ерліктері үшін 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 104 қазақ иеленді. Төрт қазақстандық ұшқыш-Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі дүркін ие болды.
Иә, 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан жасаған соғыс өртінің біздің ауылымызды айналып өтпеді. Тарлаулы ауылына қарайтын бес колхоздан 281-ауыл азаматтары аттанды. Солардың 129-тірі келсе, 152 майдан даласында шейт болды. Солардың бірі Базар Искақұлы. Тарлаулы ауыл тумасы. 19-мамыр 1916 жылы туған-ұлты қазақ, білімі 7 класс. Аягөз ауданының Сергиополь ауылының жеті жылдық мектебін 1933 жылы тамамдаған. 1948 жылы КПСС қатарына алынған. 1941 жылдың желтоқсан айынан 1945 жылдың желтоқсан айына дейін, Волхов, ІІ Беларусь, ІІІ Беларусь фронторында №50 атқыштар стрелковая дивизиясында, бөлімше командирі болып қызмет атқарды. Москва, Кенисберг, Невель ұрыстарына қатысып, 1946 жылы аман-есен елге оралды. Келгеннен кейін ауылдың өркендеуіне, дамуына үлес қосып көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Отан соғысының» орденімен, «За Боевые Заслуги», «Кенисбергті азат ету», «За Отвагу» медалімен марапатталды. 1946 жылдың ақпан айынан бастап Тансық пошта байланыс бөлімінің меңгерушісі, 1956 жылы «Киров» колхозында есепші қызметін атқарған. Зейнетке шыққанша пошта бөлімшесінде жұмыс атқарды.
1941-1945 жылдары жеңістің 20, 30, 40, 50 жылдық мерекелік «Жеңіс» медальдарымен марапатталды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақ халқының аяулы перзенттері 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысында жанқиярлық ерлік жасап, бабалар аманатына берік екендігін паш етті. Олардың туған ел, туған жер азаттығы үшін аянбай шайқасқандары жастарымызға мәңгілік өнеге» - деп соғыс ардагерлерінің жан қиярлық ерлігі мен бейбіт күндегі еңбектерін жас ұрпаққа үлгі тұтқан. Сондықтан да біз сол кісілерді құрметтеп, ерліктерін мәңгі есте сақтауларымыз керек.