Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Серікқалиев Б.
Шәкәрім атындағы ОДБ ҮТО ММ, 9 сынып, Семей қаласы
Қанмен келген – Жеңіс
Ел үшін аянба ̶ ерлігіңе сын,
жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.
Бауыржан Момышұлы
Соғыс... Бұл сөзді естіген сәттен-ақ жаның түршігеді. Әрине, өзім көрмегендіктен айтуға оңай шығар, бірақ, автоматтар мен танкілерден шыққан дыбыстарды, қасық қаны қалғанша айқасқан жауынгерлерді, қатыгез мансапқор «тиранның» өзінің билігі үшін жасаған қылықтарын елестеткенде еріксіз көзіме жас үйіріледі. Ел үшін, халық үшін болған шайқастың аякталғанына жетпіс жыл өтсе де, ешнәрсе әлі де ұмытылған жоқ. Қазір біздің күліп-ойнап, аман-есен жүруіміз солардың арқасы.Соғыстың алғы шебінде шайқасқан батыр аталарымызды мақтан тұтамын. Қан майданда қаза тапқан жауынгерлер мәңгілік ел жүрегінде. Отан соғысында ашылмаған ақиқаттар, елеусіз жатқан ерлер қаншама?! Сол сырларды ашу, қазір белгісіз болып жатқан жауынгерлерді тауып, елге таныту ̶ біздің, яғни өскелең ұрпақтың парызы.
Ерлігі үшін лайықты мадаққа ие болғандар да бар. Кезінде аты аталмай қалса да, қазірден бастап ой-санамызда қалатын жауынгерлер де аз емес. Олар туралы теледидардан көрсететін деректі және көркем фильмдерден көреміз, көпті көрген қариялардан естіп білеміз.
Жеңіс оңайлықпен келген жоқ, жеңіс бізге миллиондаған адамдардың қанымен келді. Соғыс қасіреті әрбір жанұяға өшпес із қалдырды. Майданда аман қалғандардың отбасылары армансыз шығар. Бір жағынан, біреуінің әкесі, біреуінің жалғыз ұлы тірі қалса, тағы бір жағынан «Жеңіс», «енді бұрынғыдай болмайды, қасірет кешпейміз» деген ойлар.
Сол кезіндегі Кеңес Одағы халықтарының тұтасқан бірлігі мен мызғымас достығы, халық пен әскердің жаппай ерлігі Жеңісіміздің кепілі болды. Осындай сұрапыл жылдарда да қонақжай, адал ниетті, ақкөңіл, меймандос халқымыз ізгілік сипатын, адами қасиеттерін жоғалтып қоймады. Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, басқа да республикалардан келген баспанасыз миллиондаған адамдар мен жетім-жесірлерді халқымыз құшақ жая қарсы алып, шын жүректен бауырына тартты. Босқындармен өз баспанасын да, қолындағы соңғы тілім нанын да бөлісіп жеді. Әрине, мұның бәрі де мақтан тұтарлық әрекеттер, Жеңіске жетуіміздің бірден-бір себепшісі.
Отансүйгіштік қасиет ̶әркезде де қастерлеуге тұратын қасиеттердің бірі. Осы ұғым біздің үлкен құндылығымыз болуы керек деп ойлаймын. Тек майданда ғана емес, тылда жұмыс істегендердің де еңбегі жоғары ілтипатқа лайық. Себебі, олар соғыс кезінде майдан шебіндегі солдаттармен бірдей қиыншылық көрді, бірдей азап шекті. Ашаршылық пен ауыртпалықты бастан кешкен олар да Жеңісті жақындатуға көп үлес қосты. Таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға да бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз.Үлкен қауіп пен қатер, қайғы мен қасірет төнген сол бір ауыр уақытта біздің халқымыз сыннан сүрінбей өтті. Оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлер бағасыз ерлік көрсетті. Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы̶ мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова бар. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі ̶ қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев. Жаудың тылында партизандардың қатарында да қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі ̶ Қасым Қайсенов. Ал танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлын, жиырма сегіз панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар. Соғыста «елім» деп жүрегі соққан қариялар саны күннен-күнге азайып келеді. Олардың соғысқа қатысқандағы мақсаты – өскелең ұрпақтың, яғни, біздердің жақсы өмір сүруімізді, бейбітшілікте өмір сүруімізді қалады. Осылайша, аттың жалында, түйенің қомында жүріп, біздерге бейбіт өмірді орнатып берді. Олардың көрсеткен ерліктері бүгінгі ұрпаққа өнеге.
Ұлы Жеңіс күні, елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл ел еске түсіреді. Жеңіс күнінде үлкен алаңда жүретін соғыс ардагерлерін көргенде, кеудеңе жылу толады, қатты қуанышқа бөленесің. Олардың өмірі мен біздің өміріміздің арасы жер мен көктей. Соғыс ардагерлерінің біз жақсы өмір сүрсін деп кешкен қиындықтары, істеген ерліктері үшін алғысым шексіз. Тек Жеңіс күнінде емес, әрбір күні қатары азайып келе жатқан майдангер аталарымыздың абыройын асқақтатып жүру ̶жастардың міндеті. Өз басым оларды ардақтап, құрметтұтамын. Ардагер аталарымызға, біздің тәуелсіз мемлекетте бақытты күн кешіп жүргенімізді көруден асқан бақ жоқ шығар.
Міне, бұл басы ̶ қиыншылықпен басталып, соңы жақсылықпен аяқталған, әркімнің жүрегінде қалатын үлкен естелік. Тек ел аузында емес, Ұлы Отан соғысындағы ерлік тарихта алтын әріптермен жазылды. Ешқашанда жауынгер ерлігімен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Сол сұрапыл соғыста батырларымыз сақтап қалған байтақ жеріміз бүгінгі күні дүние жүзі таныған, әлем мойындаған мемлекет болып қалуы̶ біз үшін үлкен мақтаныш. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Жас ұрпақтың өткенді білгені болашағы үшін маңызды екені даусыз. Біз соғыс, сұрапыл заман туралы тарихтан өткенді білейік, бірақ енді жаңадан ешқашан естімейік. Әлем халықтары бейбітшілікте өмір сүрсін. Ешқашан жас сәби балалығымен ерте қоштаспасын. Адам баласы тек қуаныштан жылап, тату-тәтті күн кешсін.
Елбасымыз айтқандай, бірлігіміз жарасқан ел болайық.