Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Сейтқалиева А.Б.
М.Дәуленов атындағы мектеп-интернаты, 9 сынып, Зайсан қаласы
Қазақтың текті қыраны
Талғат Жақыпбекұлы-
ел басына күн туған қиын шақта
Отанды сүюдің, ерлік пен әскери
шеберліктің таңғажайып үлгісін көрсете білген,
сол арқылы өзін де, халқымызды да өшпес
даңққа бөлеген жан.
Н.Ә.Назарбаев
Тоғызыншы қараша қазақстандықтар үшін қаралы күн. Ел қазақтың текті қыраны Талғат атамыздан айырылып, қабырғасы қайысып, қара жамылды. Батырдың өнегелі өмірі оқ пен өлімнің арасында өтті.Ол Ұлы Отан соғысы кезінде « Ил-2 » ұшағын басқарып неміс басқыншыларымен олардың техникасын жою үшін 305 рет көкке көтеріліп, ерлік көрсетіп, үщ рет ұшағы жанып, жарақат алып, небәрі 23 жасында Кеңес Одағының екі дүркін Батыры атағын иеленген еді. Батыр атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Талғат Бигелдинов - аспан адамы. Батыр 1922 жылы 5 тамызда қасиетті Сарыарқаның төсінде дүниеге келген. Бала кезінен ет жақын адамдарының көңіліне қарап, жанашырлық, мейірбандық мінезі қалыптасқан. Мектеп қабырғасында жақсы оқып, орыс тілінде емін-еркін сөйлеп, сауатты жаза білген. Жанарының оты бар талапты баланы ұстаздары да жақсы көрген. Қаршадайынан қара жұмыс істеп ширады. Ұшқыр қиял бала шақтан оны ұшқыш болуға жетеледі. Арман қиялында жүрген жас жеткіншек 16 жасында Бішкектегі ДОСААФ авиамектебіне оқуға түседі. Сол жылдарда өзінің тағдырының көк жүзімен байланысты болатынын жас бозбала қайдан білсін? Жас Талғатқа ұстаздары оқуын ары қарай жалғастыруға кеңес берді. Мақсатына жету үшін жас жігіт ештеңеден тайынбады. Оған қиыншылық, сәтсіздік еш кедергі бола алмады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол Саратов авиация метебінің барлаушы ұшқыштар бөлімінде оқыған еді. 1942 жылы қан майданға аттанды. Көптен күткен жауымен арпалысқа түсу батыр үшін үлкен қадам еді.
Өжет елдің жігіті, Өшін алмай шыдар ма? Кескілескен дұшпанын, Кесіп түспей тынар ма?- деп Жұбан Молдағалиев жырлағандай Талғат атамыздың тек қана бір мақсаты ғана болды. Ол дұшпанның бетін қайтару, елін, жерін, жау қолынан араша ету. Соғыс жылдарында қазақтың текті
қыраны 500 сағат аспанда бодып, 305 рет әскери шабуыл жасады. «Бөрідей батыл ердің дұшпаны қойдай қырылар»,- деп ұлы бабамыз Күлтегін айтқандай ол немістің әйгілі «Мистер Шмид-109 » деген истребителін, неміс қырғиы « Мессер» шабуылдаушы – бомбылаушысын « Ил-2» ұшағымен атып түсірген. Осылайша ұшқыштық шеберлігі күн сайын ұштала түскен Талғат аспанға көтерілген сәтте жау әскері командирлерінің талай-талай есі кетіп, құдайына сыйынатындай жағдайларға душар етті, батыр жау ұшақтарын баудай түсіріп, танктерін, автомашинасын, зеңбірегін бірден-ақ жойып жіберіп отырды. Бұл кезде жүрегінің түгі бар жас қазақ небәрі 19 жаста еді. Өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен қазақтың қара домалақ баласына фашистер «Қара ажал» деген ат берген. Жас батыр жау ұясы - Берлинді алуға бірінші болып қатысады. Сөйтіп, көптен күткен Ұлы Жеңісті қарсы алады. Соғыста жүріп ажал оғынан аман қалып, көзсіз ерлік көрсеткен қыран қазақ қан майданнан аман-есен оралған соң, әскери әуе академиясын аяқтайды. Сарғайса да тарихтың ақ парағы Талғат атамыздың сұрапыл соғыс жылдарындағы әрбір сағаты мәңгі есінде сақталды.Өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстарға ат салысып, бал арасын, бау- бақша өсірумен айналысты. Ол бір сөзінде: «Ел басына күн туса, қазір де ұшаққа отыруға даярмын» - деген еді. Неткен қайсарлық! Неткен жігер! Асыл текті Талғат атамыз -рухы биік, жүрегі кең адам. «Барыс» орденінің иегері аңыз адам туралы фильмдердің, шығармалардың жас ұрпаққа берер мәні зор деп ойлаймын. Ол – жүз жылда бір туатын, асыл сүйекті қайталанбас тұлға.Талғат Бигелдинов атында Қарағанды қаласында әскери мектеп- интернаты бар. Бұл оқу орнынан болашақта атамыздың жолын қуатын, ел қорғайтын сарбаздар шығатыны сөзсіз. Ерлік- елге мұра, ұрпаққа үлгі деген қазақта нақыл сөз бар. Өнегелі өмірімен, ұмытылмас ерлігі мен қазақтың қас батыры жүрегімізден еш ұмытылмақ емес. Қыран батырдың ерлігін мақтан тұтып,жүректе сақтау – әр адамның азаматтық парызы. Өткенін білмеген ұрпақ болашағын да болжай алмайды. Бүгінде қазақ халқы Талғат атамызбен қимай қоштасып отыр. Егеменді еліміздің жастарына текті қыранның ерлігі- ұмытылмайтын өшпес мұра. Талғат атамыздың өмірі мен ерлік істері әлі талай ұрпаққа аңыз болып қалары ақиқат.