Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Самархан Г.
Шәкәрім атындағы ОДБ ҮТО ММ, 7 сынып, Семей қаласы
Ұлы Жеңіске тағзым
Ел үшін аянба-ерлігіңе сын,
жұрт үшін аянба-жігіттігіңе сын.
Бауыржан Момышұлы
Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Бұл барша КСРО құрамындағы елдерге танымал мереке. 1941 жылы басталған бұл қанды да, қайғылы жағдай көптеген қазақ жастарының өмірін қиды. Осы соғысқа қатысқан қазақстандық еңбекшілер «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!»- деген ұранмен күн демей, түн демей, демалыссыз еңбек етті. Адамдар көп күттірген жеңістің тезірек келетінін жақсы түсінді. Ал соғысқа кеткен ер- азаматтардың орнына колхоз егістіктері мен зауыттағы станоктарда әйелдер мен балалар жұмыс істеді. XX ғасырдың басында әлем чемпионы атанған қазақтың атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов жинаған ақшасынан 100 мың рубльді өткізді. Осы ақшаға ұшақ жасалып, онымен қазақ ұшқышы соғысты. Тіпті майданға көмектесу үшін адамдар өз қолдарындағы ақшалары мен құнды заттарын да берді.
Біздің қазақ елінен сегіз қырлы, бір сырлы аға-әпкелеріміз соғыста аянбай тер төкті. Ол аға-әпкелеріміздің есімі менің жүрегімде алтын әріптермен жазылып қалды. Төлеген Тоқтаров, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев сынды қазақ батырлары - бүгінгі бейбіт өмірдің негізін салушылар. Танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлын, 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар.Талғат Бигелдинов- Ұлы Отан соғысында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақстандық ұшқыштардың бірі. Ол 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Майбалық ауылында дүниеге келді. 1943 жылдың ақпанынан майданға жіберіліп, сол жылғы 7 наурызда «Ил-2» шабуылшы ұшағымен жаудың « Мессершмитт-109» жойғыш ұшағын атып түсірді. Бұл ерлігі бұрын соңды кездеспеген оқиға ретінде әлемдік авиация тарихына енді. Соғыс кезінде ол 305 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып шығып, жаудың жүздеген танктерін, зеңбіректері мен солдаттарын жойды. Әуе шайқастарында фашистердің 7 ұшағын атып түсірді. Талғат Бигелдинов тек қана батыр емес, сонымен қатар белгілі жазушы. Ол кісінің көптеген естелік кітаптары бар. Мысалға: «305 рейдов», «Ил-ы атакуют», «Аспандағы айқас». Осы жылы Талғат Бигелдинов атамыз Ұлы Отан соғысының 70 жылдығын көре алмай, 93 жасқа келген шағында қайтыс болады. Талғат Бигелдинов қазақ тарихында, тіпті әлем тарихында өзінің өшпес ізін қалдырды. Бар қазақ баласы Ұлы Отан соғысының ардагерінжасаған ерлігі үшін құрметтейді.
Ұлы Отан соғысы 4 жылға созылды. Бұл қанды шайқас біткелі 70 жыл да зыр етіп өте шықты. Бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Майдан даласында 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты. Соғыста қаза тапқандардың саны туралы мәлімет бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Жекелеген мәліметтер бойынша, адамзат тарихындағы бұл ең зұлмат соғыс 20 миллионнан астам кеңес азаматтарының өмірін қиды. Сұрапыл соғыста аты аңызға айналған жаужүрек жерлесіміз, атақты партизан Қасым Қайсенов атамыз өзінің батылдығымен көзге түседі. Ол кісі бізге ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып қалады. Бұл Ұлы Отан соғысы ешқашан ұмытылмақ емес. Жауды талқандап, Берлинге дейін барып, бірінші болып Рейхстагқа жеңіс туын тіккен батыр атамыз Рахымжан Қошқарбаев. Ол кісі ұрпақ мақтанышы. Бұл Ұлы жеңіс - аталарымыз бен әкелеріміз қан төгіп, ерлікпен келген жеңіс. Ұлы жеңіс арқылы келген бейбітшілікті көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беруі керек. Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ монументтері, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіштер орнатылған. Бұл соғысты ешкім де ұмытпауы керек. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» - деген ұранды біз әрқашан жадымызда ұстауымыз керек. Бейбітшілік мәңгі болсын! Ұлы Жеңіс жасай берсін!- деп бала жүрек болашақта да төсін тыныштық билеген дарқан елде бақытты өмір сүргісі келеді. Бейбіт өмірді ұстану өзіміздің қолымызда екендігін барлық жерлестерім мойындаса екен деп тілеймін.