Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Сайдоллаева А.
Шынқожа батыр атындағы жалпы білім беретін орта мектебі КММ,11сынып, Аягөз ауданы
Ешкім де, ешнәрсе ұмытылмақ емес...
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін, Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал материалдары немесе радиотелехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді. Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ.
Ұлы Отан соғысы... Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 70 жыл толды. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ.
Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді.
Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Сол кездегі Кеңес Одағы халықтарының тұтасқан бірлігі мен мызғымас достығы, халық пен әскердің жаппай ерлігі Жеңісіміздің кепілі болды. Басынан аяғына дейін құрыштай қаруланған гитлершілдер соғыстың бас кезінде 190 дивизияны, 5 мыңдай самолетті, 3700-дей танкті, 50 мыңнан астам қару мен минометті шабуылға шығарды. ССРО жеріне басып кірген жау әскерлерінің жалпы саны бес жарым миллион адамға жетті. Оған дейін 12 мемлекетті басып алған және 14 одақтасы болған жау Баренцов теңізінен Қара теңізге дейінгі аралықтағы зор майдан шебінде соғыс ашты. Гитлер және оның төңірегіндегі дүлейлер Кеңес елін «тұтқиыл» шабуылмен талқандап, әлемдегі тұңғыш социалисті мемлекетті құртып жіберуді, совет адамдарын құлға айналдыруды, Кеңес елін герман империализмінің отарына айналдыруды ойлады. Бірақ, совет халқы міз бақпай, анталап келген жауға айбындылықпен қарсы тұрды. Халық Коммунистік Партияның басшылығымен өзінің Отанын қорғауға батыл бел буып шықты, әділетті азаттық соғысқа жұп жазбай тұтаса көтерілді, бұрын болып көрмеген табандылық пен қайсарлық танытты. Осындай сұрапыл соғыс күндерінде халқымыз майдан мен тылда жеңіс үшін керекті жағдай жасаудың ауыр жүгін көтерді. Майданға кеткен талай мыңдаған жұмысшылар мен шаруалардың орнына шексіз қиын, ұйқысыз, ас-сусыз еңбек вахтасында әйелдер мен балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер тұрды. Әр отбасының басшысы майданда болды. Сондықтан, сол кездегі адамдарға тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді.. «Бір минут ішінде сен соғысқа дейін бір сағатта істегеніңді істеуге тиістісің!» деген ұранды ұстанған адамдар қатал тәртіп пен еріксіз жұмыс істетулерге қарамастан, асқан шыдамдылық танытып, ешқандай қысым көрсетусіз-ақ ұйымшылдықтың асқақ үлгісін көрсетті.
Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, - деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақаралық қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр. Қариялар азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ашшы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол - өмір заңы. Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш - әрине, «бірлік». Қаншама халық бір тудың астына бірігіп, күштерін бір арнаға салды. Ұлы Жеңіс он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы.
Москва, сенің іргеңді
Ел, ер болып сақтаймыз
Сенен аяр жан да жоқ,
Барлығы да сен үшін,
Саған қауіп төнгенде
Жау таянып келгенде,
Қамсыз тыныш жатпаймыз
Алпыс ұлттың адамы,
Қол ұстасып үн қосып,
Қорғауға сені дайынбыз, - деп жазған Нүрпейіс Байғанидің өлеңінен халқымыздың Мәскеу қаласына деген ерекше құрметі байқалады. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Қазақ ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарлары парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді.
Қасиетім менің,
Адалдығым менен ақтығым.
Жаныма қуат
Жүрегімнің таза пәктігі.
Тәңірімнен күнде
Көз жасыммен тілеймін
Өтсем екен деп
Тірі жанға болмай жаттығым, - деп ақын Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, парасаттылық, адалдық, жүрек пәктігі сияқты ізгі қасиеттерді биік ұстап өткен Қазақ халқы ел басына күн туған қасіретті шақта Отанды қорғауға аттанды. «Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан анасындай. Отанның дегенін істеу - қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты бізде өлшеуге болмайды», - деп Баубек Бұлқышев айтқандай, жаратылысынан ақкөңіл, ақжүрек, батыр, намысты халық өз мүддесінен Отан мүддесін артық қойып, өмірін құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ екенін, Отанға деген махаббатын осылай дәлелдей білді.
Қазақ деген-батыр халық. Ол еңкейгенде еңкейеді, шалқайғанда шалқаяды. Шірене қалса, асқар-асқар тауларына сүйенеді, еңкейе қалса, азаматтығына, өзінің парасаттылығына сенеді. Сөйлесе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төле бидей көсемдігі бар, айтыса қалса, дауласа қалса Бөгенбайдай ерлігі бар, Қабанбайдай ірілігі бар, қолынан қиыстырып жол табар Абылайдай тірілігі бар ел. Қазір өз алдымызға мемлекет, тәуелсіз ел болсақ та, ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекет болып есептелгендіктен, батыстан жау шапқанда Отанымыздың абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда жаппай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Даламыз қандай кең болса, пейілі де сондай кең, жер қойнауы қандай бай болса, жүрегі де сондай бай халқымыз қан майданда елдік мінездері мен ерлік қасиеттері сынға түсті. Осы жолда қанша ардагер әкелеріміз, аталарымыз бен апаларымыз қанын төкті, жанын пида етті десеңші! Осылайша, біздің халқымыз соғыс барысында бүкіл әлем алдында бар ұлылығымен көрінді.
Торқалы тойдың қуанышы өзі сүйген халқы үшін ерекше болмақ. Найзағайдай жарқылдаған отты ой бар қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін, ұрпақ мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жаратын әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш Бауыржан Момышұлы есімі, ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді. «Ер есімі – ел есінде»,- демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ.