Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Сабиханова М.
Шынқожа батыр атындағы жалпы білім беру мектебі КММ,
8 сынып, Аягөз ауданы
Ұлы Отан Соғысы оқушылар көзімен
Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат- екінші дүниежүзілік соғыс туралы ойласам бұл тақырыпты жүз бетке де сыйғызудың мүмкін еместігіне көзім жетті. Себебі, соғыс- уақытқа тәуелсіз, ешқашан өзгермейтін, ешқандай сынға берілмейтін азап.
Қанша үйдін ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар,-деп ақындар жырлағандай, әр шаңыраққа, әр жүрекке салған жара алпыс сегіз жыл өтсе де әлі жазыла қойған жоқ.
Елдің елдігін, ердің ерлігін сынайтын нағыз тарихи аласапыран кезеңде:
Қасиетім менің,
Адалдығым менен ақтығым.
Жаныма қуат
Жүрегімнің таза пәктігі
Тәңірімнен күнде
Көз жасыммен тілеймін
Өтсем екен деп
Тірі жанға болмай жаттығым, - деп ақын Әбділда Тәжібаев жырлағандай, парасаттылық, адалдық, жүрек пәктігі сияқты ізгі қасиеттерді биік ұстап өткен қазақ халқы ел басына күн туған қасіретті шақта Отанды қорғауға аттанды.
Алақандай Шынқожа аулынан екі жүзден астам адам майданға аттанып, жүзден астамы елге оралмады. Талай жүректерді қан жылатқан қаралы қағаздар қаншама болды десеңізші! Қаншама боздақ хабар ошарсыз кетті. Майдан даласынан жолданған сарғайған үшбұрышты хаттар сол уақыттың қиаметті күндерін көз алдыма елестетеді. Ол хаттарды оқи отырып елге, туған жерге, туысқа деген сағыныш сазын аңғарасын. Бірлі – екілі аталарымыз елге мүгедек болып оралса, біразы жеңіс жалауын желбіретіп қайтты. Туысы соғыстан қайтпай бақытты күнге жете алмаған, шерменде көңіл жандардың көңілдерін мұң басып, сағыныштан көкіректері сыздады. Жетім бала, жесір ана атанды.
Менің апам Далабаева Гауһар Шынқожа аулында байланыс саласында қызмет атқарған. Ол кісінің жалғыз ағасы Әли соғыстан үш жыл бұрын Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде, соғыс басталып, елге оралмастан қан майданға аттанды. Байланыс саласында қызмет атақаратын апам ағасынан хатты сағына күтетін. Соңғы хатын соғыстың екінші жылында алған апам хабарсыз кеткен Әли ағасын өлді дегенге қимай өмірінің соңына дейін сарғайып тосумен болған. Көкірегін мұң торлап, жүректегі сағынышы жыр болып төгіледі. Әлиіне арнап мынандай өлең жолдарын жазады:
Атыңнан айналайын Әли жаным
Өзіммен бірге туған туысқаным
Шіркін- ай, мен де бір күн қуанам ба?
Әлиім, келіп үйге шыбын жаның
Кетіп ет 1940 жыл
Қалдыма әлде сөніп жайнаған гүл
Амандық хатыңдағы келмей қойды,
Барады- ау мені басып бір ауыр зіл.
Осындай сұрапыл жылдары бір қолына қалам ұстаған, таңертеннен кешке дейін дамылсыз еңбек еткен апамыз ағасын іздеумен болды.
Қолыма ағаны ойлап қалам алдым,
Көңілге туысқандық қайғы салдың.
Жаның бөлек болған соң амал бар ма?
Ойласам езіледі бауыр етім
Келеді деумен талай заман өтер,
Дүние- ай бір айналсаң әлде нетер
Тірі жүрме дәм ауып деп ойлаймын,
Болмаса төніп тұрма қауіп-қатер.
Ел басына бозторғай ұялаған бейбіт заман туса да, апамның көңілі жайланбады. Ағсынан күдерін үзбей, күтумен болды. Сондай күндердің бірінде апамның ағасымен қан майданда бірге болған майдандасы келіп, Әлидің соғыс кезінде мина жарылған кезде опат болғанын, ерлікпен қаза тапқанын естіртеді.
Көзіммен өлгеніңді көргенім жоқ,
Қолымнан ақіреттеп көмгенім жоқ
Келеді тірі кетті дейін десем,
Қарайып елмен бірге келгенің жоқ.
Өз анасынан ерте қалған апам жалғыз ағасының да енді бұл пәни дүниеде жоқтығына көзі жетіп, жоқтайды, көнеді де көндігеді.
Тағдырға мен жылаймын жалғыз сізден,
Табамын мен ағаны қайдан іздеп,
Үйден тірі кетіп ең, қайран аға
Сондықтан қиын екен күдер үзген.
Міне, осындай жағдай қаншама жанның басынан өтіп, тағдыр талқысына түсті десеңізші. Өмірінің соңына дейін қаншама аналар өздерінің сүйген жарларын, бауырын, ағаларын күтумен, іздеумен өтті.
Барады ішімді өртеп аға дертім,
Жүрмедің аз да болса дүниеде еркін
Арада бірнеше жыл өтіп барад,
Қарашы шықпай жүрген жанның беркін.
Жарқ етіп ғайып болдың аға көзден,
Жоқ еді мұндайлықты жаным сезген
Елмен бірге қуанбай қалдың нәумез,
Дәм тартпай қойды қалай Аягөзден
Сарарқа көрер мекен соққан желін,
Нарынды ен жайлаған туған елің.
Жетсе де төбем көкке сен керексін,
Көңілге алтын орда асқар белім.
Майданға кеткен талай мыңдаған жұмысшылар мен шаруалардың орнына шексіз қиын, ұйқысыз, ас-сусыз еңбек вактасында әйелдер мен балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер тұрды. Әр отбасының басшысы майданда болды. Сондықтан, сол кездегі адамдарға тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді.. «Бір минут ішінде сен соғысқа дейін бір сағатта істегеніңді істеуге тиістісің!» деген ұранды ұстаған адамдар қатал тәртіп пен еріксіз жұмыс істеулерге қарамастан, асқан шыдамдылық танытып, ешқандай қысым көрсетусіз-ақ ұйымшылдықтың асқақ үлгісін көрсетті. Байланыс саласында еңбе етіп жүрген апам ауылдағы барлық аналармен бірге тылда еңбек етті. Жер жырту, шөп шабу, егін егу, мал бағу сияқты ауыр жұмыстар аналар мен балалардың еңбегімен жүзеге асып жатты. Соғыстағы майдангерлерге арнап түн жарымында шұлық, қолғап тоқып жіберіп жатты.
Ер елім, көрсет тағы еңбек күшін,
Еңбекпен қас дұшпанның өрте ішін.
Түр білек, түс еңбекке ту астында
Бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін,- деп халық ақыны Нұрпейіс Байғанин елді майдан үшін еңбек етуге үндегендей, тылдағы жұмысшылар Республикамыздың ауыр өнеркәсіп саласында да адам айтқысыз жетістіктерге қол жеткізді.
«Фашистик құзғындар еркіндік сүйгіш халықты құлдыққа түсіруге, жерімізді, малымызды тартып алып, мойнымызға арқан салуға тырысады. Бұлай болмақ емес! Қазақ халқы бойындағы Амангелдінің айбынды рухы өлген жоқ. Біздің даламызда ержүрек жігіттер мен сәйгүлік аттар қашанда бар. Отан соғысында қазақтар құлдыққа түсірушілерге қарсы қасық қаны қалғанша шайқасады деп ант етеміз!» деп қасиетті жерімізге шабуыл жасаған фашистік хайуандардың сұмдық арсыздығынан сырт қала алмайтындығын, басқыншы жауға туған жер топырағын таптатпайтындығын айтқан жалынды сөздерден көре аламыз.
Даңқы генерал-майор И.В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысудан басталған Б. Момышұлы тарих сахнасына шықты. Атақты әскер қолбасшы Б. Момышұлы жорық жолын Жетісудан бастап, Европаның төріне- Берлинге барып ат басын тіреді. Полк командирінен дивизия командиріне дейінгі даңқты жолды басып өтті. От – жалын кешіп жүріп:
Болса егер менің саған керегім,
Күндерімді, түндерімді.
Ой толқынын, сыр толқынын
Саған ғана беремін!- деп ерлікті, елдікті, отансүйгіштікті насихаттаса,
Қолын кессең бір сөз айтпас,
Шын қаһарман ер жігіттер
Аз болмады қазақта,- дегендей төсін отқа төсеген батыр аталарымыз Т. Тоқтаров, М. Ғабдуллин, Н. Әбдіров, Т. Бигилдинов, Қ. Қайсенов, Б. Бұлқышев, Қ. Аманжолов, Панфиловшылар, шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк есімдері алтын жұлдыздың сәулесімен шағылысып, өткен ғасырдағы сұрапыл күндерді еске салады.
Осындай сұрапыл жылдары бір қолына қару, бір қолына қалам ұстаған өршіл рухты, сыршыл батырымыз, жан дүниесі шымырлатқан шерге толы ақынымыз Қасым Аманжолов болды. Бұрқанған бұла күшке, екпінді еркелікке толы, шиыршық атып, бұлқына ойнап тұрған айбынды, қайраты тепсініп темір үзердей ішкі қуаты сапырылыса, шайқала шапшыған ақын өлеңдерінде Отанға деген шексіз махаббатын көреміз. Басқыншы зұлым жауға ең соңғы оғы қалғанша берілмей соғысып, ажалмен бетпе- бет тұрған ерлікпен қаза тапқан жауынгер ақын Абдолланың ерлігін, батырлығын суреттейтін «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэмасы керемет ұлтжандылықпен, ерекше айбындылықпен жазылған.
Қасиет- күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың!
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!-деген поэма үзіндісі «Ата жаумен арпалысқан ұланды ұлы ететін, жау жүрек батыр ететін- оның Отанына деген махаббаты» дегенді дәлелдейді. Шынымен де, елін, жерін тебірене сүйген адам ғана батырға айналады.
Көңілге көп тоқыған
Кәрі- құртан ашынды.
Қара қағаз оқудан
Сауатымыз ашылды,- деп Қадір Мырзалиев жырлағандай, Ұлы Отан соғысы, ондағы жеңіс талай адамдардың тағдырын күрт өзгертті, талай жанның өмірін үзді. Ал енді бүгін, 9 мамыр күні, бұл мейрамды бүгінгі майдангерлер - соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгілерін көрсеткен майдангерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбектерімен жеңісті шыңдаған шаруалар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен аналар мен қыздар тойлайды. Осынау Ұлы Жеңіс күнінде отанымыз үшін өзінің жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, тамыр – таныстарына қайтып оралмай қалған қаһарман ерлерді ел болып еске түсіреміз. Бұл күн- осынау қуаныш үшін өмірлерін қиғандарды еске алу күні.
Ешқашан да жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен еңбектері ұмытылмайды. Сол сұрапыл соғыста батырларымыз сақтап қалған байтақ жеріміз- бізге аталарымыздан қалған аманат.
Жеңістің туы- алапат күнгі ар туы,
Жеңістің туы от пенен оқтың шарпуы.
Жеңістің туы милиондаған боздақтың
Өздері мерт боп, біздерге берген тартуы.
Соғыс кезінде біреу майданнан келсе әрқайсымыз бір кесе бидай, бір тостаған талұанын апарып бірігіп отырып тойлаған халықпыз ғой. Оны көрмесекте естіп біліп жадымызда сақтаған ұрпақпыз. Бұл жеңіс - ұрпақтар тойы.
Жазылған жоқ өткен күн жаралары,
Сиреп кетті-ау қарттардың аралары
Бабам жауға бермеген туған жерді,
Қорғайды әлі балаңның балалары.
Сондықтан біз, ХХІ ғасыр жастары, осындай байтақ елде тұрып жатқанымызға бақыттымыз.
Жауды жеңіп табанға сап,
Жермен- жексен еткен ерім.
Қуан, қуан, күлші сақ- сақ
Шын жеңіске жеткен елім!