Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Оқасов Ә.
«Переваловка орта мектебі» КММ, Глубокое ауданы, Перевальное ауылы
Әжем айтқан естеліктер
Бақыттымыз біз соғысты көрмедік,
Қару ұстап сұм фашисті жеңбедік.
Төрт жыл бойы сыз окопты мекендеп
Жеңіс үшін аяқ-қолды бермедік.
Ұйқы көрмей тер төкпедік тылда да,
Қорек іздеп бек қазбадық жылғада.
Соғыстан соң дүниеге келіппіз,
Болған кезде күл- қалалар гүл қала, - деп катонқарағайлық ақын Жәнібек Қызыр ағамыз жазғандай, қазіргі ұрпақ бейбіт күнде дүниеге келіп, соғыстың не екенін білмей өсіп келеді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында соғыс даласындағы майдангерлер ғана емес, тылда қалған қарттар, әйелдер мен жеткіншектер, балалардың иығына ауыртпалық түсті. Тылдағы еңбекккерлер өздерінің еңбегімен көптен күткен жеңіс күнінің жақындай түсуіне өз үлестерін қосты. Сол сұрапыл соғыс жылдары тылда еңбек етіп, көп қиыншылықты өз басынан өткерген адамның бірі - менің әжем Бакырбаева Нағимаш. Әжем 1941 жылдың жазын он алты жастағы өрімдей қыз кезінде Катонқарағай ауданы Каменка ауылында қарсы алды. Азаматтар туған жердің топырағын қорғауға аттанып жатты. Ал әйелдер болса ерлердің соңынан үміттерін үзбей, қарайлап қала берді. Сол жылдардағы әжемнің жасөспірімдік шағы есінде жақсы сақталған. Бүкіл ерлер атқаратын жұмысты толығымен әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жасөспірімдер, әйелдер мен қарттар істеді. Әжем ересектермен бірге таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз еңбек етті. Сол кезде колхозшылар ақырғы астыққа дейін майданға жіберіп, тылдағылар аштықты бастан кешірген. Балалар масақ теріп, соны үйге әкеліп, қуырып тамақ ететін.
Әжем Каменка ауылында мал баққан екен. Ол кезде барлық жұмыс қол және ат күшімен атқарылатын. Жазда малға шөп даярлап, қыс кезінде сол шөпті таудан жалғыз өзі әкелетін кездері де болыпты. Әжемнің әңгімесін қазір тыңдап отырсақ, бізге өтірік болып көрінеді. Ал сол кезде олар қаншама бар жұмыстың ауырын істеп, аштық пен жалаңаштықты көрсе де еңселерін түсірмей еңбек етті. «Таңмен бірге оянып, түн ортасы ауғанша жұмыс істесек те, шаршасақ та сыр бермеуші едік»- дейді әжем. Сол кездерді есіне алған кезде әжемнің көзіне жас үйіріледі.
Әжемнің Мухамади деген жалғыз ағасы 1941 жылы сұм соғысқа аттанған. Сол күйі қаралы қағаз да келмей, хабар- ошарсыз кетті. Ең соңғы хаты 1943 жылы қыркүйек айында келіпті. Әжемнің шешесі Әдемі апамыз соғыстан оралмаған баласын өмір бойы күтумен өтті.
Көптен күткен 1945 жылдың көктемі де келді. Майданнан оралған азаматтар санаулы ғана еді. Сондықтан да әлі де болса әйелдердің мойнынан жүк түскен жоқ еді. Әжем фермаға жұмысқа түсіп, өзінің еңбекқорлығымен «Озат сауыншы» атанды. 1955 жылы өкімет еңбегін бағалап, әжемді Москва қаласына ХШЖК (ВДНХ) жіберді. 1961 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1963 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Құрмет грамоталары мен бірнеше медальдары оның қажырлы еңбегінің нәтижесі деуге болады.
Қазіргі кезде әжем тоқсанда. Немере, шөбере сүйіп отырған жан. Біз әжеміздің әңгімелерін естіп ер жетіп келеміз. Қазіргі ұрпақ сол кездегі майдангерлер мен тылда еңбек еткен адамдардың еңбегін ұмытпаса екен деймін. «Бақытты өмір сүру үшін ең басты – ол ашық аспан. Ең алдымен ел іргесі тыныш болсын. Ұрпағым соғысты көрмесін, біздің басымыздан өткерген қиыншылықтарымызды сендер көрмеңдер» - дейді әжем.