Ер есімі ел есінде...

Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары

Нүсіпова П.
Қалалық қазақ мектеп-лицейі КММ,7 сынып, Аягөз қаласы

Ер есімі – ел есінде

Ешкім де ұмытылмайды,
Еш нәрсе де ұмытылмақ емес.
О. Берггольц

Менің Отаным – Қазақстан және мен өз елімнің патриотымын. Менің қаным тамған, кіндік кескен, туып өскен жерім – Қазақстан. Әрине, әркімге өз туған жері, оның топырағы, суы мен ауасы шипа, туып өскен өлкесі қымбат, аялы. Сол секілді мен де өз Отанымды сүйемін және оның көркеюіне өз үлесімді қосамын. Қазіргі таңда Қазақстан кең-байтақ аумақты алып жатқан тәуелсіз мемлекеттердің қатарында. Қазақстан жер көлемі бойынша 9-шы орынды алады. Қазақстан дамушы елдер қатарындағы  озық елдердің бірі. Әрине, біз осы жетістікке оңай жеткен жоқпыз.
Ешкім де ұмытылмайды, еш нәрсе де ұмытылмақ емес. Адамзат тарихындағы ең сұмдық, мұң-қайғыға толған соғыстың болып өткеніне 70 жыл болды. Ұлы жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс қазақ елінің жадында ұмытылмастай ізін қалдырды. Соғыс-күйретуші күш! Барды жоқ ететін,тауды жер ететін де осы соғыс. Жер бетіндегі барлық тірі табиғатты, тіршілік атаулының бәрін жоқ қылатын ажал. Қанша жылдар өтсе де 1941-1945 жылдар арасында болған ІІ Ұлы Дүниежүзілік соғыс әркімнің есінде... Қазақ топырағынан Ұлы Отан соғысына бір миллионнан астам ержүрек жауынгерлер қан майданға аттанған. Осы қан майданда қазақтардан шыққан қаншама аға-апайларымыз, еліміздің боздақтары ел үшін жан аямай, «Елім, жерім» деп өз Отанын қорғады. Олар табандылықпен,ерлікпен өз Отанын ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, жаудың қолынан қаза тауып, қыршыннан қиылды.
Бомба. Танк үстіндегі сарбаздар. Оқ атқан зеңбіректер. Қанға боялған қып-қызыл дала. Халықтың мұң-зары. Жаумен шайқасқан қазақ елінің азаматтары. Жан түршігерлік шуылды дауыстар.  Бұл- сұм соғыстың бейнесі. Бұны естіген әрбір адамның жаны түршігіп, үрейленіп, қорқады. Осы сұрапыл соғыс кезінде қазақ халқы Отанына, жеріне, еліне деген  патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын, Отанға деген сүйіспеншіліктерін дәлелдеп, көрсете алды. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалар өшпестей болған сұм соғыс.
Қазақ - ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысында қазақтар қырғынға қаймықпай соғысқан. Найзағайдай жарқылдаған отты ойы бар, қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін, ұрпақ мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жаратын әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыштай қазақ батырларының есімі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді. Ел басына қауіп төнсе де жан аямай қан майданда соғысқа шығып, денесін қанша оқ паршаласа да, қанша жаудың қолына түссе де өз елі үшін жанын қиған, құрбан болған өр мінезді, қайсар, отансүйгіш аға-әпкелерімізді ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Ешкім де мұндай ерлікке бара алмайды. Олар істеген батырлықты ешкім де істей алмайды. Ешқашан да жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерліктері ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. «Ер есімі-ел есінде» демекші бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Қан майданда ерлікпен қаза тапқан батырларымызды ұмыту мүмкін емес. Осы соғыста «Халық қаһарманы» атанған батырлар, елімізге қайтып келгендер де болды. Бір өкініштісі осы соғыстан қаншама боздақтарымыз оралмады, елге қайтып келмеді.Өз елі жолындағы соғыста жандарын құрбан етті.Олар қазақтың өр мінезді нағыз батырлары - Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы және т.б. Сол кездегі қазақтардың табандылықтары мен ерліктері, Отанға деген сүйіспеншіліктері оларды жеңіске жеткізді. Осы батырларымыздың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп, жауды жеңіп, тауын шағып, туын жығып, жеңістің таңбасын басқан күн-Жеңіс күні.
1945 жылы соғыс аяқталды.Қазақтар жауларын жеңіп жеңіс туын тікті. Бұл күн яғни, 1945 жылдың 9 мамыры –Ұлы Жеңіс күні болып тарихқа енді. Бұл жеңіс Отанын қорғаған жауынгерлердің айбыны,ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалды. Жеңіс күні –ол сан мыңдаған ұрпақтар үшін, бір ту астындағы халықтар үшін өте үлкен мереке. Жеңіс - біздің ата–бабаларымыздың батырлығы. Айбынды білек,жеңістеріне сенімді ыстық жүректері мен қайрат күштерімен кешегі халық бүгінгі өнегелі ардагерлеріміздің арқасында 1945 жылдың 9 мамырында жеңіс тойын тойлады. Бүгінде Жеңіс күні мерекесі адамдардың ұлтына, дініне, тілі мен мәдениетіне қарамастан ортақ қуаныш күні. Бұл мейрамның мән-мағынасы жылдар өткен сайын еш өшпек емес, себебі оның құндылығы ғасырлар бойы жас буын ұрпаққа өсиет боларлық жақсылық жеңген Ұлы күн! Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары,  олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері, ұрпақтары үшін үлгі. 9 мамыр - бұл мереке ғана емес, бұл ауыр еңбек, бұл халықтың батырлығы.
Біздің парызымыз осы жерді сақтау және бұл күнді есте сақтау. Қазіргі таңда біздің ардагерлігіміз кемде-кем қалды. Сондықтан, бейбіт көк аспанды кейінгі ұрпақ үшін ашық болсын деп қан майданға аттанған ардагерлерімізді құрметтейік!
Бүгінде еліміздің мақсаты-болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Міне, ата-бабамыз қорғап,жан аямай алып берген жер ол –Қазақстан. Ата-бабамыз бұл кең-байтақ жерді келешек ұрпаққа, мұрагерлеріне аманат етіп тапсырған. Біз осы жерді бағалап, келесі ұрпаққа қалдыруға тиіспіз. Ата-баба рухын құрметтеп, ардақтауымыз қажет! Мен Қазақстанның азаматшасы ретінде өз еліме адал қызмет етуге, елімнің көркеюіне үлес қосатыныма сенемін. «Ер есімі-ел есінде», «Бабалар мұрасы-ұрпаққа өнеге» дегендей ата-бабамыз қалдырған жерді сақтап,батырларымызды мәңгі есте сақтау-біздің ең басты парымыз.