Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Мұратқызы Н.
№1 теректі орта мектебі, 9 сынып, Күршім ауданы
Менің жақындарымның тылдағы батырлық еңбегі және Ұлы Отан Соғысының Жеңісіне қосқан үлесі
Еңбек ерлікке жеткізер,
Ерлік елдікке жеткізер
Қазақ мақалы
Мен ауылымыздың қадірлі ақсақалы болған еліміздің батыр тұлғалы ерлеріміздің бірі-Мұқиса Сапарғалиұлы туралы жазбақпын. 1914 жылы ШҚО-ның Зайсан ауданында дүниеге келіп, балалық шағын, жастық шағын Оң жақ Қалжыр ауылында өткізеді. Отбасын құрып, колхозда есепші қызметін атқарады. 1941 жылдың күз айларында әскер қатарына шақырылып, Сталинградты қорғау майданындағы 201 атқыш полкының 84-атқыштар дивизиясына жіберген болатын. Сталинград түбіндегі шайқаста ауыр жарақат алады. Өлім мен өмірдің арасында арпалысады.. Соғыста ерен ерліктерімен көзге түсіп, алғыс хаттармен, «Отан соғысы» медальдарымен марапатталады.
Негізі Мұқиса атамыз соғыс туралы айтуды ұнатпайтын. Соғыстағы бір күн адамның бүкіл өміріне жететін, - деп күрсінетін еді. Айтатыны, ылғи өрімдей жас жігіттер, бәрі бір-біріне туыс-бауыр болып кеткен, елден асыға бір хабар күтетін, хабар алғанда қуанып өздерінің соғыста жүргенін ұмытып та қалатын еді. Шайқасқа «Ура» деп жүгіріп жөнелетінбіз, - дейтін. Бәрі біткеннен кейін қансыраған жауынгерлер, біреуі қолынан, біреуі басынан, біреуі аяғынан жараланып жататын. Айналаның бәрі қан. Қатты шөлдеп су ішкісі келгенде, судың бетінен қанды қолмен сырып жіберіп ішетінбіз,- дейтін. Ауыр жарақатың асқынғандығына байланысты соғысқа жарамай қалады.
1943 жылы елге оралады,аяғының ауыр жарақатына қарамастан,тылдағы еңбекшілер қатарына қосылып,қажырлы еңбек жасайды. Күннің шығысынан бастап, күн батқанша,қарындарының ашқандарынада қарамастан тізе бүкпей егіс алқаптарында жер жыртып, колхоз қоймасында есепші болып «Ұлы Жеңіс» үшін жан аямай үлесін қосады. Тылдағы өмір ауыр болды. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қырман басында жүріп еңбек етті. Өздерінің отансүйгіштіктерінің арқасында «Ұлы Жеңіске» қол жеткіздік.
1944 жылғы 6 желтоқсанда Ерлік үшін медальмен марапатталды. Елі үшін жасаған еңбегі мол еді. Соғыстан кейін 30 жыл колхозда қызмет етті. Тылда еңбектеніп, Отан алдында адал тер төгіп, ерен еңбегі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.
Мұқиса атай қазір өмірден бақилық болды, артында үрім-бұтағы, ұрпағы қалды. Атайдың өз қолымен тұрғызған үйі, еккен тал-теректері жайқалып биік бәйтерекке айналды. Жан-жағына әсемдік сыйлап, шаршағанға сая болып, қарт ақсақалдан қалған естелік іспеттес.
Жеңіс күні – тек қана мейрам ғана емес, ол біздің мақтанышымыз. Бұл күні біз, өткенді еске түсіріп, ойланып одан сабақ алатын кез. Біз олардан тәлім-тәрбие алуымыз керек, яғни осы күнге дейін тірі жүрген сол соғыстың тарихын білетін ардагерлерімізден, өйткені біз осы заманның ардагерлерін көрген ең соңғы ұрпағымыз. Мүмкін олармен әңгімелесе келе тәжірибе мен білім алармыз. Біз болашағымызды өзіміз жасаймыз, ал ертеңгі күнді өткен күннің негізінсіз құру мүмкін емес.