Ер есімі ел есінде...

Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары

Мүрсалимов С.С.
С.Ғаббасов атындағы мектебі, 11сынып, Аягөз ауданы, Мамырсу ауылы

Ұлы Отан Соғысы – тарихымыздың келбеті

Күллі әлемнің ашу-кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл жүрек!
Қ.Аманжоловp

Батырлық пен ерлік -  ата-бабаларымыздан бері қарай келе жатқан құдіретті күш. Сонау 1723 жылғы «Ақтабан Шұбырынды – Алқакөл Сұламадан» бастап, Күлтегін, Білге қаған, Елтіріс қаған заманындағы көк сүңгілі қақтығыстар мен Наурызбайдың, Исатай – Махамбеттің, Сырымның, Жанғожаның, Есеттің ұлт азаттығы жолындағы күрестері кезіндегі қан құйлы оқиғалар даланы еркін жайлаған ержүрек қазақ халқының қанатын қырқып, қатарын селдіретумен болды. Бұдан кейінгі 1921 жылғы ұлы жұт, Голощекиндік зұлматтар, 1937 жылғы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың біртуар зиялыларының құрбан болуы иісі қазақтың намысын қайрап, жігеріне қайрат бермей қойған жоқ.
1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы көзсіз ерліктер соның жалғасы екені белгілі. Тарихи деректерге сүйінсек, 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес – герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса – көктеп кірді. Бұл соғыс жер бетінде болып өткен соғыстардың ішіндегі ең қатал әрі ауыр соғыс болды. Кең ауқымды қамтығандықтан бұл соғыс тарихта Ұлы Отан соғысы деп аталынды және Екінші Дүниежүзілік соғыс деп саналды. Соғыстың ауыртпашылығы жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Бұл кезде біз 2 млн-нан астам адамдарымыздан айырылдық. Қаншама қалалар қиратылды, ана баласынан, ерінен айрылып, қайғылы қапасқа душар болды. Қолына қару ұстауға жараған азаматтар соғысқа аттанды. Тылда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен балалар мен әйелдер ауыр азап шегіп, еңбек етті.
Қаламы мен қаруын жауға бірдей безеген ақындарымыздың бірі Қасым Аманжоловтың:
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар – ұятты
Келе жатты сұм жендеттер –
деген өлеңі ыза – кекті оятумен қоса соғыстың сұсты қаһарын айқын жеткізеді. Әр жауынгер:
Қасиет күші, жер-жаһанның,
Қанатын бер қыран құстың
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!-
деген Қасым ақынның өлеңінің қуатымен жау тобына автоматтан оқ жаудырды. Олардың көзсіз ерліктері зая кеткен жоқ.
Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізді. Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-дивизия өзінің жауынгерлік жолын бастады. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батырлары – Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебеков, қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы (атқыш) – Рамазан Амангелдиев те болды.
Еділ бойы мен Дон далаларында көрсеткен ерліктері үшін ұшқыш Нүркен Әбдіровке, танкист Тимофей Позолотинге, атқыш Гияз Рамаевқа, минометші Қарсыбай Спатаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қазақстандықтар тек майдандарда ғана емес, жау тылында да шайқасты... Партизандық қозғалыстың Ғалым Ахмедияров, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов, Нұрым Сыздықов, Әди Шәріпов, Тәжіғали Жангелдин т.б. батырларының есімі көпке танылды. Халық кекшілдерінің қатарында қазақстандық әйелдер – Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова т.б. аянбай шайқасты.
Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі – бір орденмен, төртеуі – екі орденмен, екеуі – үш орденмен марапатталды. 5 дивизия олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар ордендер мен медальдармен марапатталды, мұндай атаққа 497 қазақстандық ие болса олардың 97-сін қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары - Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ие болды.
1990 жылы 11 желтоқсанда көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына да осы құрметті атақ берілді. 1941 жылы Бауыржан Момышұлы аға лейтенант шенінде батальонды басқарып, Мәскеу түбіндегі шайқастарда өз құрамасын жау қоршауынан үш рет алып шықты. Соғысты Б.Момышұлы полковник шенінде аяқтады.
Кеңес халқы ортақ Жеңіс үшін батырлық пен ерліктің үлгілерін көрсетіп жатқан уақытта сталиндік қылмыскер топ өз халқына геноцидін жалғастыра берді. «Халық жауларын» жоюмен қанағаттанып қана қоймай, ол тұтас этникалық қауымдастықтарды өздерінің туған жерлерінен күшпен қоныс аударып, террорлық әдістер қолдануға көшті. Күштеп жер аударудың алғашқы құрбандықтарының бірі – Қиыр Шығыстағы кеңестік корейлер. 1937 жылы Қазақстанға бұл этностың 100 мыңдай өкілі қоныс аударды. Сондай – ақ неміс, кавказ халқы, қарашайлар, чечендер, ингуштар т.б. халықтар қоныстанды. Міне соғыс көрінісі мен ауыртпашылығының қысқаша ғана айтқанды оның өткен белестері осындай еді.
Мен егеменді еліміздің бейбіт өмірдегі бақытты ұрпағымын. Сұм соғысты көрмесем де, оның халыққа әкелген қасірет – қайғысын жақсы түсінемін. Менің туып-өскен ауылымда 100-ге тарта соғыс ардагерлерінің болғанын «Атамекен» атты мұражайдан көріп білдім. Қазір солардың ішіндегі көзі тірісі Мақажанов Шомақан ата ғана. Ол кісімен біз әр мереке күндері жүздесіп отырамыз. Атаның  өткен күндерден шерткен шежіресі бізге қатты ой салады. Ал тылда еңбек еткен Закирова Сәтен, Атантаева Ырысбике, Погребной Емельия сияқты аналарымыздың қажырлы еңбегі бізге аян. Ұлы Отан соғысының ардагері Уәп Байшашевке, еңбек ардагерлері Е.Сәрсекеев, М.Әбжанов, Ш.Асаубаев, Қ.Шоранов сынды құрметті  адамдарға көше аты берілуі үлкен құрмет.
Қазақстан Республикасы – 130 ұлттың өкілі мекендеп отырған киелі қара шаңырақ. Оны әлем танып отырған ірі саясаткер Н.А.Назарбаев басқарып отыр. Халқымыздың тұтастығы, бірлігі сақталаған мемлекетіміз бейбіт күнді басынан кешіруде. Еліміздің экономикасы мен әл-ауқаты жыл сайын дамып келе жатқаны Елбасымыздың көрегендігінің арқасы деп білемін. Қазақстан дамыған 30 мемлекеттің қатарынан табылуға қадам басуда. Биылғы мерзімінен 50 күн бұрын халыққа жариялаған «Нұрлы жол» жолдауы да Елбасының мықты саясаткерлігін дәлелдеп отыр.
Ел болашағы болатын жастарға барлық мүмкіндіктер жасалған. Ғылым мен техниканың барлық салалары жаңа технологиялық бағытта дамуда. Қазақстанның барлық облыстарында Назарбаев мектептері ашылса, білімді жастарымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде оқып жатыр. Менің көзқарасым бойынша, бұл жетістіктердің барлығы – бейбіт күннің жемісі. Олай болса, кешегі қанды қырғын майданда арманына жете алмай кеткен аға – ұрпақтың бүгінгі жалғасы біздерміз. Олар шықпаған биік белестерге біз шығамыз. Өйткені осы өмірді сыйға тартқан да сол аға ұрпақ.  Мен Ұлы Отан соғысының майдандарында қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендер мәртебесін айқындайтын түрлі құрметтер жасалса деген ой-түйінімді ұсынамын. Ұлы Жеңіс қалай келгендігін бағалай білуіміз керек. Халқымыздың батыр ұлдары мен қыздарын есте сақтап, ерліктерін үлгі тұту – бәрімізге ортақ парыз. Кешегі өткен соғыс зардаптары енді ешқашан қайталанбасын.