Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Муратова Г.
№19- жалпы орта білім беретін мектебі КММ, 8- сынып,Семей қаласы
Көп жылдық тарихы бар қазақ даласы көптеген уақыт сынақтарынан өткен болатын. Ұлан-байтақ даламыздың әр тасы мен жері жақсылық пен молшылыққа, жамандық, кедейшілік пен зорлыққа, қан- төгіс соғыстар мен ұлан-асыр тойларға, ұлты үшін жанталасқан көтерілісшілер мен жерінен, елінен айырылып, табандарынан тозған ақтабан халыққа да куә болды.
1941 жылы, 22 - маусымның таңғы сағат төртінде радиолардан бір қасіретті, қаралы, халықтың мұңын, зарын жаңғыртатын, көз жасын ағызатын хабар келді. Барша ата- ана көзді ашып- жұмғанша сұрапыл соғыстың бүгін ғана үйде жүрген балаларын, мәпелеп өсіріп отырған ұл-қыздарын алып кеткенін ұқты. Олар өз балаларын тірідей отқа тастағандай күй кешкен болар... Әскерден оралуын зарыға күтіп жүрген ана жүректері болашағы бұлыңғыр соғысқа балапандарын еріксіз қиғандай...
Ержүрек батырларымыз Отанын жанын пида етіп қорғағанда, елдегі батырларымыз тылда елі үшін, жеңіс үшін соғыстағылардан артық болмаса кем күрескен жоқ. Олардың да халі мәз емес еді, көбі аштан, енді бірі, шыдамастан, енді бірі қайғыдан алдамшы дүниені тастап жатты... Олардың ішіндегі Татьяна Савичева деген кішкене қыздың жақындарын бірінен соң бірінен айырылып жазған, жас тамшыларының ізі қалған, қазіргі күнде сақталған күнделігі айғақ еді.
Майдангерлерге осы елдегі күтіп отырған аналары, әйелдері, олардың шын көңілден шыққан дұғалары көмектескен болар, азаматтарымыз қақаған аязға да, мұздай су құйған жау мазағына да төтеп берген еді. Осы қажырдың, қайсар, намысты қыз-жігіттердің көмегімен құл болуға шақ қалған, үміт үзілген жерден жалғасып, 1945 жылдың 9- мамырында: «Біз жеңдік!» деген бір ауыз сөз мұң жасын қуаныш жасына айналдырған еді.
Соғыстан жаралы арыстандар елге оралып, жақындарына көзайым болып жатқанда, Отанын ең жоғарғы бағамен, өз жандарымен қорғаған адамдардың туыстары ең ауыр қайғымен қара жамылған болатын.
Менің үлкен атам, анамның атасы - Құсайынов Жамалбек батыр арыстандардың қатарында. Ол кісі алғашқы шептерде соғысып, 1942 жылы хабарсыз кеткен екен. Бұл жалынды соғыстың шоқтары түспеген отбасы жоқ. Мен өз атамды мақтан тұтамын және әрбір ардагерге құрметпен қараймын, кейде іштей «менің атам да осы кісілердей еңбегінің зейнетін көре алса ғой, шіркін!»- деп ойға шомамын.
Бейбіт күндерде біз хабарсыз кеткен батыр атамыз жайлы Москва, Ленинградтағы әскери архивтерден, мұражайлардан іздестірген едік. Ол кісінің аты «Боздақтар» ескерткіш кібатында жазылған. Ол кісі сияқты қаншама ардагерлер тарихта алтын әріппен жазылған.
Сол кездегі қиын кездерді біз 9 - мамырда салтанатпен еске аламыз. Аталарымыздың қаны титтей болсын жуылған күн, болашақ ұрпақтың жарқын өмірінің кілті болған күн. Олар біз үшін соғысты, жандарын берді. Ал біз мұны қадірлей білуіміз шарт, ұғуымыз шарт, достар! Батырлар ұрпағы деген - асылдың сынығы деген сөзбен парапар, біз соған лайықпыз ба?!
Отанымыздан ішіп жатқан су мен жеген тамағымыздың ақысын ертең ел мүддесіне жұмыс істеп, еңбегімізбен қайтаруға тиіспіз. Сұм соғыстан Құдай сақтасын, бейбіт елге жұмыс істеп елді өркендетуді жалау етуді жазсын. Сонда ғана асылдың сынығы болар едік, тынбай еңбек ету мен қажырлы қайрат, ар-намыс болса, алынбайтын қамал жоқ! Ерен еңбекті ұмытпаймыз, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.