Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Мағауиянова Ш.
№4 мектеп, 9- сынып, Серебрянск қаласы
Тарих. Тағылым. Тағзым
«Жаныңа күдер үзе соғыспасаң,
жауды күйрете алмайсың»
( Б. Момышұлы)
Ұлы Жеңіс күндерінен бері қаншама уақыттар өтті...
Осы жылдар туралы қаншама естелік, роман - дастандар жазылып, қаншама кино түсірілсе де адамзат тарихында бұрын - соңды болып көрмеген бұл жойқын шайқастың тарихы түгел жазылып нүктесі қойылған жоқ. Ол мүмкін де емес. Отан соғысының ізінде әлі де ашылмай жатқан ақиқаттар, еленбей қалған ерліктер, елеусіз жатқан ерлер қаншама?! Оны ашып анықтау белгісіз болып жатқан тағдырларды тауып, елге танытып, лайықты атаққа ие болғызу, оларға қамқорлық жасау - кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Осыдан бастап, Отанның кішкентай азаматының қалыптасуы басталады емес пе?
Кеңес одағының батыр атағын алғандар: Б. Момышұлы, Т. Бегелдинов, С. Луганский, И. Павлов, М. Мәметова, Ә. Молдағұлова және тағыда басқалары. Олар шайқастағы ұрыстарды ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Солардың біріне тоқталып М. Мәметова жайлы айтайын.
М. Мәметова 1942 жылы өзі сұранып майданға кетті. 21 атқыштар дивизиясында болды. Алғы шепте айқасқа түскен алғашқы күннен- ақ қаруластарын қайсарлығымен, табандылығымен, ержүрек батылдығымен қайран қалдырды. Невель қаласын қорғау кезінде Мәншүк ақырғы оғы таусылғанша жауды жер жастандырып, ерлікпен қаза тапты. Оның қасық қаны қалғанша қарысып баққан қас батырлығы мен асқақ өлімі соғыс даласында да, « еңбек майданында» да әрбір отаншыл азаматтың жүрегінде ерлік жыры болып жаңғырып, Жеңіс жалауын тезірек желбіретуге жігерлендіре түскені хақ.
«Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан анасындай. Отанның дегенін істеу - қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты бізде өлшеуге болмайды», - деп Баубек Бұлқышев айтқандай, жаратылысынан ақкөңіл, ақжүрек, батыр, намысты халық өз мүддесінен Отан мүддесін артық қойып, өмірін құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ екенін, Отанға деген махаббатын осылай дәлелдей білді.
Қазақ деген-батыр халық. Ол еңкейгенде еңкейеді, шалқайғанда шалқаяды. Шірене қалса, асқар-асқар тауларына сүйенеді, еңкей қалса, азаматтығына, өзінің парасаттылығына сенеді. Сөйлесе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төле бидей көсемдігі бар, айтыса қалса, дауласа қалса Бөгенбайдай ерлігі бар, Қабанбайдай ірілігі бар, қолынан қиыстырып жол табар Абылайдай тірілігі бар ел. Қазір өз алдымызға мемлекет, тәуелсіз ел болсақ та, ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекет болып есептелгендіктен, батыстан жау шапқанда Отанымыздың абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда жаппай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Даламыз қандай кең болса, пейілі де сондай кең, жер қойнауы қандай бай болса, жүрегі де сондай бай халқымыз қан майданда елдік мінездері мен ерлік қасиеттері сынға түсті. Осы жолда қанша ардагер әкелеріміз, аталарымыз бен апаларымыз қанын төкті, жанын пида етті десеңші! Осылайша, біздің халқымыз соғыс барысында бүкіл әлем алдында бар ұлылығымен көрінді.
Сол кездегі Кеңес Одағы халықтарының тұтасқан бірлігі мен мызғымас достығы, халық пен әскердің жаппай ерлігі Жеңісіміздің кепілі болды. Басынан аяғына дейін құрыштай қаруланған гитлершілдер соғыстың бас кезінде 190 дивизияны, 5 мыңдай самолетті, 3700-дей танкті, 50 мыңнан астам қару мен минометті шабуылға шығарды. ССРО жеріне басып кірген жау әскерлерінің жалпы саны бес жарым миллион адамға жетті. Оған дейін 12 мемлекетті басып алған және 14 одақтасы болған жау Баренцов теңізінен Қара теңізге дейінгі аралықтағы зор майдан шебінде соғыс ашты. Гитлер және оның төңірегіндегі дүлейлер Кеңес елін «тұтқиыл» шабуылмен талқандап, әлемдегі тұңғыш социалисті мемлекетті құртып жіберуді, совет адамдарын құлға айналдыруды, Кеңес елін герман империализмінің отарына айналдыруды ойлады. Бірақ, совет халқы міз бақпай, анталап келген жауға айбындылықпен қарсы тұрды. Халық Коммунистік Партияның басшылығымен өзінің Отанын қорғауға батыл бел буып шықты, әділетті азаттық соғысқа жұп жазбай тұтаса көтерілді, бұрын болып көрмеген табандылық пен қайсарлық танытты. Осындай сұрапыл соғыс күндерінде халқымыз майдан мен тылда жеңіс үшін керекті жағдай жасаудың ауыр жүгін көтерді.
Майданға кеткен талай мыңдаған жұмысшылар мен шаруалардың орнына шексіз қиын, ұйқысыз, ас-сусыз еңбек вахтасында әйелдер мен балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер тұрды. Әр отбасының басшысы майданда болды. Сондықтан, сол кездегі адамдарға тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді. «Бір минут ішінде сен соғысқа дейін бір сағатта істегеніңді істеуге тиістісің!» деген ұранды ұстанған адамдар қатал тәртіп пен еріксіз жұмыс істетулерге қарамастан, асқан шыдамдылық танытып, ешқандай қысым көрсетусіз-ақ ұйымшылдықтың асқақ үлгісін көрсетті.
Қазір мен тұрып жатқан Серебрянск қаласында бірнеше ардагерлер тұрады. Олар: Самоилов Иван Ермилович, Деев Виктор Владимерович, Лисавин Александр Викорович, Медведьев Сергей Лаврентьевич, Борков Алексей Яковлевич, , Сидоркин Петр Иванович, Мазов Виктор Васильевич, Медведева Антонин Антоновна. Соның ішінде Семенов Степан Федрович. Біз сол ардагерге барғанда соғыста болған көптеген әңгімелерді айтады: «Білімім 7- сыныпқа дейін Қиыр Шығыстың Примор өлкесінде Отан алдында борышымды атқардым. Онда сержант болып қару- жарақтардың басшысы болып қызмет атқардым», - деді. «Халқымның қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен» дейтін өмірлік ұстанымынан бір мысқал да ауытқымаған, бойында иненің жазуындай жалғандығы жоқ, бір өзіне ғана жарасар ерлік пен өрлік бар, төрт жыл сыз жастанып, жер кепе мен окопта ұйқысыз, мазасыз түндерді, кескілескен шайқастарды басынан өткізген қайсар да қайтпас ер есімі қазірде батырлықтың символына айналды.
Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Сол сұрапыл соғыста батырларымыздың сақтап қалған байтақ жеріміз бүгінгі күні дүние жүзі таныған, әлем мойындаған мемлекет болып қалуы біз үшін үлкен мақтаныш, жетістік. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қазір Республикамыздың дүние жүзінің алдыңғы қатарындағы мемлекеттердің бірі болып, ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен ынтымақтың өріс алып, халқымыздың тыныштықта бейбіт өмір сүріп келе жатуы - тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың адал да ұтымды тактикасының, үлкен парасат пен биік талғамының арқасында. Сондықтан біз, ХХІ ғасыр жастары, осындай байтақ елде тұрып жатқанымызға бақыттымыз!