Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Лұқпанов Т.
Ленин орта мектебі, 8 сынып, Катонқарағай ауданы
Менің жанұямның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі
Әр жылы Жеңіс күнін сағынамын
Естуге ел алдында мағыналы үн.
Өлімді өмірге әкеп жалғап кеткен,
Аталарым, сендерге табынамын
Иә, Ұлы Жеңіс. Әр адамның жүрек лүпілі, жан толғанысы. Кішкентай ғана жүрегіммен осы бір соғыс жылдарын ойласам, көңіліме кірбің ұялайды. Аяулы атам, абзал әжем. Сол соғыстың зардабын атам қанқұйлы соғыста тартса, әжем ауыр еңбектің қиындығына төзе білді. «Ата-әжем бір сыныпта оқыса да, олар өздерінің жарты ғасырдан астам ғұмырын бірге өткізерін білді ме екен» деген сұрақ маған маза берер емес. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген халық нақылы атамның өмірінен алынған ба деп қалам. Өліммен бетпе-бет кездессе де тағдырдың жазуымен туған жеріне оралып, ел қатарлы ақ әжеммен қосылып, ұрпақ өрбітті. Қазақ елінің абыройын асқақтатып, намыс туын қолына ұстаған атам Смамағзұмов Лұқпанның жорық жолына тоқталып өту перзенттік парызым деп білемін.
1942 жылы 17-ден 18-ге қараған шағында әскерге аттанып, қалаларды азат етуге, Белорусь, Украина, Балтық бойы жорықтарына қатысқан. 1943 жылы Балтық бойындағы соғыста ауыр жараланып, атам Ұлы Жеңістің қуанышты хабарын госпитальда естіген еді. Тамыз айында үйге оралып, соғыстан соңғы ауыл өмірінің қауырт жұмысына араласып та кетеді. Газет баспаханасында жұмыс істейтін жас қыз - Қадиша әжеммен өмір жолы оны осылайша тоғыстырады. Ұрпақтары өсіп жетіліп, әжем «Батыр-ана» атанды. Немере–шөберелерінің арасында отырған әжемнің бір өкініші атамның соғыс зардабынан ерте өмірден өткені ғана еді. Атамның «Ерлігі үшін» медалі, «ІІ-ІІІ дәрежелі Даңқ орденін қолына ала отырып, ұрпағына ата ерлігін мақтана айтатын.
Маужыраған мамыр келсе, абзал атам мен аяулы әжемнің бейнесі жадымда жиі жаңғырады. Себебі дейсіз бе, атамның аманатын орындаған ақ әжем де қазір өмірде жоқ. Алайда, атам салған сара жол, үлгі-өнеге - өмір жолымның алғашқы баспалдағы екені даусыз. Абзал ата! Ерлігіңіз - елге мұра, ұрпаққа аманат!