Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Құдайбергенова А.
М.Әуезов атындағы орта мектебі,10 сынып, Зайсан ауданы
Ұлы Отан Соғысы – оқушылар көзімен
Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына алдағы жылғы 9- мамырда 70 жыл толады. Бұл күн туған жердің бостандығы, келешек ұрпақтың бақытты болашағы жолында қаһармандықпен, ерлікпен, жанқиярлықпен күрескен аға ұрпақтың асқақ рухын әйгілеген абырой мен даңқтың мерекесі. Содан бері жетпіс қыс пен көктем, жаз бен күз өтсе де, соғыстың зардабы, шайқасқа қатысқан майдангерлердің ерлік пен өрлікке толы жауынгерлік жолы ұмтылған жоқ. Сондықтан жалынды жастық өмірлерін оқ пен оттың арасында өткізген әр майдангердің өмірін, өнегелі жолын жас ұрпақ әрдайым мақтаныш етеді.
Сұрапыл соғыс басталғанда гитлер өзінің одақтастарымен бірге КСРО шекарасына 190 дивизияны шоғырландырып кірген екен. Сол кездегі ең жетілдірілген соғыс қарулары да неміс басқыншыларының қолында болыпты. Ол уақыттағы деректер бойынша соғыс басталған төртінші күні құрамында атқыш-радист Бақтыораз Бейсекбаев, штурман-лейтенант Владимир Балашов, екінші атқыш-радист Григорий Реутов бар капитан Александр Масловтың экипажы жаудың ұшағын отты таранмен соғып, ерліктің ғажап үлгісін көрсеткенін тарихи деректен білеміз. Майданға Алматыда жасақталған 316–шы атқыштар дивизиясы ерліктің таңғажайып үлгісін көрсеткен. Сол дивизияның құрамынан 36 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы деректер бар. Солардың арасында Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Василий Клочков бар. Соғысқа батальон командирі, аға лейтенант болып қатысқан Бауыржан атамыз қаһармандық пен ерліктің сан қырлы үлгісін көрсеткен. Ол соғысты 1945 жылы полковник шеніндегі дивизия командирі болып аяқтаған. Соғыс даласында жүріп үлтымыздың даңқын асырған батырлардың қатарында Кеңес Одағының батыры атағын екі рет алған Талғат Бигелдинов, бүкіл Шығыстың қос шынары атанған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, ұшқыш Нұркен Әбдіров, взводты кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағамбетов, минометші Қарсыбай Сыпатаев секілді қазақтың ержүрек ұлдары мен қыздары болған. Рейхстагқа алғашқы болып жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен даңқты партизан «Вася» атанған Шығыстан шыққан жерлесіміз Қасым Қайсеновтың ерліктері ұрпақтан- ұрпаққа жалғасатын үлгі болары сөзсіз.
Біз Ұлы Отан соғысы туралы деректерді кинодан көріп, кітаптан оқып, теледидардағы және өзіміздің ортамызда жүрген майдангер аталардың естеліктерінен естіп өстік. Аталарымыздың, апаларымыздың өз өмірлері туралы айтқан әңгімелері кейде ертегідей естілетіні де шындық. Бірақ жанарларына жас толып, өткен күндерін тебіреніспен еске алғандарын көргенде солармен бірге еріксіз мұңаясың.
Күнделікті Зайсан қаласындағы «Батырлар» алаңының жанынан өткен сайын ерісіз ойға шомамын. Сол ескерткіш тақта сұрапыл соғыстың ауданымызға тигізген зардабын айғақтап тұрғандай. Батырлық пен батылдықтың белгісіндей болған сол тақталарда соғысқа қатысқан жүздеген жерлестеріміздің есімі жазылған. Солардың арасында сүйікті жарына, туған баласына деген махаббатын өзімен бірге мәңгілікке алып кеткен, туған жеріне оралмаған қаншама боздақтар бар. Ал сарғайған сағынышпен атасынан немесе асқар тауы әкесінен, сүйікті қосағынан немесе аяулы баласынан, жақын бауырынан, бір хабар күтіп, сағынышпен ғұмырын өткізгендер қаншама? Күркіреп өткен сол соғыстың әрбір отбасы үшін мәңгі ұмытылмас, адам жанын сыздатар қасіреті қалған.
Табандары тілініп, таң қылаң бергеннен бел жазбай тылдағы тіршілікке араласқан аналар мен шиіттей балалардың іс-әрекеті нағыз ерлікпен пара- пар деуге болады. Өздері жалаң аяқ, жалаңбас жүрсе де ер азаматтардың орнын жоқтатпай мал бағып, оның өнімдерін дайындап, майдан даласына жөнелтіп отырған әжелер еңбегіне қандай баға берсе де артық емес. Бір уыс бидайды қорек етіп өскен сол заманның балалары қандай төзімді деген ойға қаласың. Ши арқалап, тезек теріп, отын жинаған сол балалар үлкендермен қатар жүріп, колхоз жұмысына да белсене араласқан. Бүгінгі тыл ардагерлері соғыс басталғанда бес–алты жастан енді асқан оңы мен солын таныған бүлдіршіндер екен. Он, он екі жастағылар ересектер қатарынан көрініп, аналарына тірек, майданға аттанған әкелерінің орнын жоқтатпай бауырларына пана болған.
Өмір мен өлімнің ортасында Отанын қорғау үшін жауға қарсы шыққан жауынгерлердің әрбір іс-әрекеті қиындыққа толы болды. Аязды түндерде, жаңбырлы күндерде, шіліңгір ыстықта майдан даласындағы ұрыстардың бел ортасында түн ұйқысын төртке бөлген, көкірегі шежіреге толы соғыс ардагерлерінің қатары жыл санап азайып келеді. Олай деуімнің себебі, алтын ұя мектебімізге келіп оқушылармен кездесетін аталар саны қазір сиреп қалған.
Ұлы Отан соғысы қазақ халқына да үлкен сын болды. Деректер бойынша Қазақстаннан бұл соғысқа 1миллион 200 мың жауынгер аттанған. Оның 60 пайыздан артығы майдан даласынан туған еліне оралмаған. Тарих беттерінде жазылғандай 1943 жылдың 3 шілдесінде Сталин «Барлығы да майдан үшін!, Барлығы да жеңіс үшін» деген ұран көтерген. Міне, осы күннен бастап тылдағы адамдар да әскери тәртіпке көшіріліп, барлық тәртіп майдандағыдай болғанын білеміз. Сұрапыл соғыс жылдарында жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстан қорғасынынан құйылған. Тылдағы еңбек адамдары да Жеңісті жақындату жолында күнді-түнге жалғап, барлық мүмкіншіліктерді майдандағы азаматтарға арнады.
Жалынды жастық шақтарында қолдарына қару алып майдан даласында ерлік көрсетіп, кеуделеріне жарқыратып орден, медальдарын тағып, Ұлы Жеңістен кейін туған жерлеріне оралған майдангерлер бейбіт өмірді қалпына келтіруде аянбай тер төкті. Ондай аталарымыз Зайсан өңірінің әлеуетін жақсартып, экономикасын дамытуға бел шешпей араласып, ұлағатты өмір иелері атанды. Тәнін жаралаған снаряд жарықшағымен жүріп еңбекке араласқан майдангер аталар қаншама? Солардың қатарына өзім білетін қараталдық Ұлы Отан соғысының ардагері Әмірхан ата Шаймардановты атауға болады. Бүгінде тоқсан жасқа толған майдангер ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешіп, немерелерінің ақылшы қамқоршысы болып отыр.
Ортамызда жүрген көне көз қариялардың өмірі дастан, бай шежіреге толы тарих десек, солардың арасында соғыс және тыл ардагерлері де бар екенін ұмытпайық.