Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Қорғанова Н.
Ақсу орта мектебі КММ, 8 сынып, Катонқарағай ауданы
Ешкім де, ешқашан ұмытылмайды
Соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес.
Таң алдында, тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған бір ғаламат соғыс басталды. Сол күні жау тәтті ұйқыңды ғана бұзған жоқ. Зұлым жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Ол кезде бүкіл ел солдат болды.
Осы зұлмат соғысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршыны қиылды.
Фашистік Германия тізе бүкті. Бірақ сол сұм соғыс өзімен бірге 10 миллионнан астам немістің өмірін алып кетті. Оны жеңген Кеңестер Одағы 27 миллион адамның өмірін берді. Міне, соғыстың әкелген қасіреті. Осыдан 70 жыл бұрынғы Жеңіс сонысымен қымбат. 1418 күн мен түн тізесінен қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға миллиондаған ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жандарын беріп соғысты. Қаншасы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды. Содан бері зымырап 70 жыл өте шықты.
Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды.
Қазақстан жерінде жасақталған И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ер жүректілік көрсеткен, өз заманында аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар еді.
Өжеттік пен ерлікке бару кездейсоқтық емес. Отаны мен артында қалған елінің алдында жауынгерлік борышты өтеуде болаттай берік тәртіпке бойұсыну еді. Алматыда жасақталған генерал-майор И.Панфилов атындағы сегізінші қазақстандық гвардияшы атқыштар дивизиясы Кеңес Одағының астанасы – Москваны қорғау күндерінде Ұлы Отан соғысының тарихына мәңгі өшпейтін ерлік беттерін жазды. Москваны қайсарлықпен қорғаған 28 панфиловшы батырларды халқы ғұмыр бойы құрметтеп есте сақтайды. Қазақстандық жауынгерлер Рейхстагқа шабуыл жасауға қатысты, оның шаңырағына Жеңіс туын алғашқы болып қазақ халқының даңқты ұлы Рақымжан Қошқарбаев тікті.
Ұлы Отан соғысының шежіресіне Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Мәлік Ғабдуллиннің, Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бигельдиновтың және көптеген жерлестеріміздің аттары алтын әріптермен жазылды.
Республикамыз ұлы жеңіс үшін орасан үлес қосты. Қазақстан майданға қорғасын, мыс, көмір мен мұнайдың барлығын өндірді. Сол ауыр жылдарда еліміз майданға миллиондаған тонна бидай, мыңдаған тонна ет жіберіп отырды.
Соғыстың қысылтаяң кезеңінде емшектегі баласын жөргекке орай салып, кәсіпорын, колхоз бен совхоз жұмысына таң сәріден жүгіріп, түн ортасында қайтқан олардың жарлары мен аяулы ата-анасын, туыстарын, «өзім жемесем жемейін, өзім ішпесем ішпейін, бәрі де солар үшін, бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін болсын!» деген игі ниетті асыл сезімін кім есінен шығара алады. Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында майданда да, тылда да есі жаңа кіріп келе жатқан жас баладан бастап, жасы үлкен адамдарға дейін отандастарымыз жауға қарсы майданға жаппай қатысты.
От кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын бізден алыстауда. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған жауынгерлері барған сайын азая түсуде. Бірақ олар жасаған Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Зұлым жаумен шайқаста әке, аға, бауырларымыз қанын төгіп, қолымыз жеткен Жеңіс шапағы кейінгі ұрпақтарға жетпек. Келешек үшін, дүниежүзілік жаңа жойқын соғысқа жол бермеу үшін бұл туралы ұмытуға болмайды.