Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Қасымова П.
Мөнекей орта мектебі, 10 сынып, Күршім ауданы
Ұлы Отан Соғысына 70 жыл
Ешкім де ешнәрсе де ұмтылмақ емес! Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін,жер бетіндегі тіршілік атаулының бірін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестетін газет-журнал материалдары немесе радио-телехабарлары, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді. Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе ұмытылған жоқ.
Мамырдың 9-ы күні неміс-фашист басқыншыларының екінші дүниежүзілік соғыста қайта бас көтерместей болып жеңілгеніне биыл 70 жыл толмақ. Бұл Ұлы Жеңіс бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының «Барлығы – майдан үшін, барлығы – Жеңіс үшін» деп жанқиярлықпен шайқасқан Ұлы Ерлігінің арқасында қамтамасыз етілді.
Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сән үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды.
Неменеңе жетісесің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр,-деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақаралық қимастық, силастық сезімдері мөлдіреп тұр.
Қариялар азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, отанымыздың туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағып, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ащы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн.
Ұлт пен ұлыстың, үлкен мен кішінің патриоттық сезімі буырқана оянып, ата-ана мен аға-іні үшін, қара орман мен қалың ел үшін мың қиындық пен мың бір сынға түскен боздақтардың қанымен келген Ұлы Жеңіс бұл. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа үшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол өмірдің заңы.
Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш – әрине, «бірлік». Қаншама халық бір тудың астына бірігіп күштерін бір арнаға салды. Ұлы жеңіс он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерей тойы.
Москва, сенің іргеңді
Ел, ер болып сақтаймыз
Сенен аяр жан да жоқ,
Барлығы да сен үшін,
Саған қауіп төнгенде
Жау таянып келгенде,
Қамсыз тыныш жатпаймыз.
Алпыс ұлттың адамы,
Қол ұстасып үн қосып,
қорғауға сені дайынбыз, - деп жазған Нүрпейіс Байғанидің өлеңінен халқымыздың Мәскеу қаласына деген ерекше құрметі байқалады. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықта үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Брест қамалын қорғаушылар арасында қазақстандықтар А. Наганов, В. Фурсов, Қ. Тұрдыев, Ш. Шолтыров және басқалар болды. Майдан даласында ұрыс салған мыңдығын қазақстандықтар отаншылдық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті.
Генерал–майор И.В. Панфилов қолбасшылық еткен даңқты 316 – атқыштар дивизиясы Мәскеу түбінде ерлікпен шайқасты. 1941 жылғы қарашада Дубосеково түбінде ұрыс салған 1075 – атқыштар полкінің танк жоюшылар тобының ерлігі елге мәлім болды.. Осы топта болған ротаның саяси жетекшісі В.Г. Ключковтың: «Ресей кеңбайтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда – мәскеу», - деген жалынды сөзі бүкіл майданды шарлаған ұраңға айналып кетті.
Мәскеу үшін шайқаста И.В. Карпов қолбасшылық еткен атқыштар полкі мен аға лейтенант Б. Момышұлы басқарған батальонның жауынгерлері ерекше табындылық пен қаhармандық көрсетті. Дивизия жаудың төрт есе басым күшіне қарсы кескелескен ұрыстар жүргізді.
Мәскеу үшін болған шайқастарды еске ала келіп, Ұлы отан соғысының аты аңызға айналған қаhарманы, Кеңес Одағының Батыры, белгілі жаушы Б. Момышұлы былай деп жазды: «Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады... біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйспеншілік».
Қазақстанда құралған әскер бөлімшелерінің үштен бірі Ленінград Түбінде соғысты. Балтық флотында қызыл тулы бір ғана «Киров» крейсерінде 156 қазақстандық жауынгерлік сапта тұрды. 1941 жылғы қыркүйектің ауыр күндерінде қазақстың халық ақыны Жамбыл ленинградтықтарға «Ленинградтық өренім!» деген жырын арнап, онда көп ұлтты еліміздің бүкіл еңбекшілерінің ой–пікірін, сезімі мен алаңдаушылығың білдірді.
Уақыт тегіршегі айналған сайын, артық – кемі, қылмысы мен жазасы ашыла түскен бұл соғыстың бүкіл адамзат тарихындағы рөлі еш уақытта жоққа шығарылмады.Бұл Жеңіске Қазақстан айырықша үлес қосты. Қазақ елі басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Биылғы жыл Кеңес Одағының батыры атағын кеш алған Бауыржан Момышұлы атамыздың жүз бес жылдық мерейтойы жеңістің жетпіс жылдығымен қатар келіп тұр. Торқалы тойыдың қуанышы өзі сүйген халқы үшін ерекше болмақ. Найзағайдай жарқылдаған отты ойы бар қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жарған әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш Бауыржан Момышұлы есімі, ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді. «Ер есімі – ел есінде», - демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Мен Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Аманат ауылының 10 сынып оқушысымын. Мен де өз ауылымнан Ұлы Отан соғысына аттанған аталарымның ерен еңбектерімен барша қазақстандықтарға мақтанышпен айта аламын. Замзин Тлеукен, Әбсәлямов Сыдық, Әміренов Сейітхан, Қоңырбаев Дәкен, Рақымжанов Сейітқан, Жалтыров Әбілғазы аталарымыздың ерен еңбектері қазіргі күнде аңызға айналды. Осы аталарымыздың біразы майдан даласынан елімізге оралмай да қалды. Біз өскелең ұрпақ ол кісілердің есімдерін әрдайым есімізге алып жүреміз.
Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Еліміз аман, көк туымыз желбіреп тәуелсіздігіміз баянды болсын. Ұлы Жеңіс құтты болсын, ардақты халқым менің!