Ер есімі ел есінде...

Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары

Қасенова Қ.Қ.
М.Дәуленов атындағы мектеп-интернаты, 9 сынып, Зайсан қаласы

Отан үшін от кешкендер

1418 күн мен түнге созылған
соғыста Республика халқының
15% құрбан болды. Сондықтан
қасықтай қаны қалғанша болашақ
үшін шайқасқан жерлестеріміздің
рухы алдында тағзым ету –бүгінгі
ұрпақтың парызы.
Н.Ә.Назарбаев

Тарихта ұмытылмайтын, өзінің өшпес қара таңбасын қалдырған жылдар  аз емес. Әйелдерді  жесір, балаларды  жетім  ететін,  қайғы мен қасірет,  өлім мен қаталдық әкелетін – соғыс. Қанша  адамның  тағдырына, өміріне ұмытылмас із қалдырған – соғыс. Жазықсыз жандарға  жапа  шеккізген – соғыс. Соғыс. Қандай суық, қорқынышты сөз едің! 
1941 жылдың 22 маусымын қаралы күн деп айтуға болады. Ел тыныштығын  бұзған бұл күнді  халқымыз ешқашан есінен шығармаған.
Ер жігіттен не пайда,
Ел күйзеліп, жер күйіп,
Отанға дұшпан тигенде,
Жауға қарсы бармаса,
Қолына қару алмаса – деп халық  қаһарманы, батыр Бауыржан Момышұлы жырлағандай, қазақтың қаншама  жас жауынгерлері қолына қару алып,  қан майданға аттанды. Адамгершіліктің, батырлықтың  ең биік үлгісі – бұл өз  Отаның үшін, оның басқа жұртпен  татулығы үшін өміріңді арнау деп ойлаймын. Сондықтан да Ұлы Отан соғысында ерлік  көрсеткен, сол жолда өз өмірлерін қиған әрбір есім – ардақты, құрметті. Басқа ұлтпен бірге  қазақтың батырлары жанын  берді. Ержүрек азаматтарымыз бен жігерлі қыздарымыз майдан даласында  ерлікпен қаза тапты. Соғыс жылдарын, тылдағы  өмірдің зардабын еске алудың өзі  адам көзіне  жас келтіреді. От жалынына оралған,  от пен оқтың  арасында жүріп  неміс басқыншыларымен шайқасып, қасық қаны қалғанша шайқасқан. Ел басына  қиын-қыстау іс түскенде  ер-азаматтарымыз туған жердің  топырағын жат жұртқа  бермеу үшін  күресе білді. Ер қуаты – қаруы болса, ел қуаты – батырлары, сақадай  сай  сарбаздары еді. Халық қашанда  қаһарман  ұлдары мен қыздарын   пана тұтқан. Сол себепті де: «Ел үмітін  ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп өз  сенімін  мақалмен кестелеген. Ұлы Отан соғысында  кеудесін  оққа  төсеп, ерлік көрсеткен ерлердің есімдері тарихта алтын әріппен қашалып жазылған. Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, кеше ғана  9 қарашада дүниеден озған, 93 жасқа  келген қазақтың  текті қыраны Талғат Бигелдинов, шығыстың қос жұлдызы Әлия  Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, зайсандық  жауынгерлер Жантасов Қайролда, Ғаділбек Себепбайұлы, Уалихан Иманғалиев,  Досанов Қайырбек,  Рақым Былжыров, Икеп  Нұрасылов, Яғалий Жайкенов, Слямғали Базаров сынды аталарымыздың  есімі  халық есінде мәңгі бақи сақталуы тиіс. Зайсандық жауынгерлердің  ерліктері де  ұшан теңіз.
Жауған оқ жаңбырдай-ақ,
Снаряд найзағайдай түскен көктен.
Жапқандай жердің бетін  өлім оры,
Шашылған адамзаттан, ақ сүйектен-деп соғыс ардагері, ұстаз Слямғали Базаров  атамыз қан сасыған  майданды осылай  суреттейді. Сұрапыл  күндерді  Слямғали  ата  өмірінің соңғы  күндеріне дейін ұмытқан жоқ. Жерлес жауынгерлердің  ішінде Яғалий  ағамыз туралы  біраз сыр айтуға  болады.  Ол журналист, ақын адам болған. Өзі қатарлас  азаматтармен майданға  аттанған  есіл ер еді. Оқ жауған майдан даласында  қолынан  қаламы мен кітапшасы түспеген. Дұшпанға деген кегін  өлең жолдарымен  жеткізе білді. Ол соғыс аяқталуға  елу күн қалғанда  Венгрия жерінде ерлікпен  қаза табады.
Туған жер, сені аман көрер ме екем?
Гүліңді бөктеріңнен терер ме екем?
Фашистің  адамзатқа зұлымдығын,
Жыр етіп  ұрпаққа айтып берер ме екем? – деп жырлаған  майдангер ақын  елін де,  жерін де  көре алмады. Асыл ерге туған жердің  бір уыс топырағы да бұйырмады-ау?  Артында қалған елі, ұрпағы барда асыл ердің аты мәңгі өшпейді. Яғалий Жайкеновтей азаматтардың  есімі ел есінде сақтаулы.
Отан үшін  өз басын өлімге байлаған қазақтың  қас батыры Бауыржан атамыз: «Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық» – деген екен. Ең алғаш  Рейхстагқа ту тіккен батыл Рақымжан Қошқарбаев, жау шебіне  барып барлау жасаған партизан ағамыз Қасым Қайсенов, Кеңес Одағының  екі дүркін батыры Талғат Бигелдинов, өрімдей өмірлерінің гүлденер шағында  қыршынынан қиылған, бойында Тамирис, Зарина  батырлардың қаны бар мерген қыздарымыз Әлия мен Мәншүк ерліктерін ұмыту кешірілмес күнә деп білемін.
«Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранмен  артта қалған  еңбектеген баладан,  еңкейген кәріге дейін еңбекке жұмылдырылды. Торғай шырылдағаннан, күннің көзі  батқанға шейін  табандары тілім-тілім болған халық еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Туған жеріміз Зайсаннан 1941 жылы 1145, 1942 жылы 4098 адам еңбеккке  араласып, 276 адам еңбек  армиясына аттанған екен.
Қайран, еліне, жеріне жете алмаған, Жеңістің ақ таңын көре алмаған, есіл ерлер! Бүгінгі мамыражай, бейбіт күнге майдан даласында  қаза болған  немесе хабарсыз кеткен  боздақтардың ерлігінің  арқасында  ғана қол жеткіздік деп  ойлаймын.
Бізге  жеңіс оңай жолмен  келген жоқ,
Қан төгілді, жас ағылды селдей боп.
Келер ұрпақ қамы үшін жауменен,
Шайқасқанда үміттері сөнген жоқ – деген өлең  жолдарын қосыла  отырып, ерлік туралы  ерен үлгі, патроиттық  сезім бізге осы  Ұлы Жеңіс арқылы  берілді деп білемін. Қазақ: «Ерлік іс – ұрпаққа өнеге», дейді. Жас ұрпақтың бойына  алар ізгі  қасиеттер баршылық.
Міне, Ұлы Отан  соғысының Жеңіспен  аяқталғанына 70  жыл болды.  Бұл сол кездегі  Кеңес халқының  ержүректілігі мен  төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік  қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы  шептерінде  қайсарлықпен  шайқас жүргізіп,  ерліктің сан үлгісін  көрсеткен ардагерлер  тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің  тылдағы қажырлы  еңбегімен  жеңісті  шыңдаған, станок қасынан,  егін даласында,  күні-түні мал бағып,  тынымсыз  жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл  мейрамды  біздің  аяулы да  даңқты  әйел аналарымыз - өздерінің әкелерін, ерлерін,  ұлдарын және  сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай  жүріп  төзімділікпен күткен, олардың  орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің  әкелері мен ағалары қанын төгіп,  жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы Жеңістің  құрдастары тойлайды. Бұл – ауылын  аңсап  алыста жаумен алысып, туған жерге оралмай кеткен ерлерді  еске түсіретін күн.
Арамызда  қалған ардагерлер, тыл  ардагерлері  көп емес. Олардың жасы біразға келген. Жылдан-жылға  қатарлары азайып  бара жатқан  ардагерлерді  құрметтеу–қоғамның борышы, азаматтық міндет деп есептейміз. Сіздерге басымызды иіп, тағзым етеміз. Бүгінгі жас ұрпақ сіздердің ерліктеріңізді ұмытпайды.