Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Қайырбек Б.
Т. Хасенұлы атындағы орта мектебі КММ, 6 – сынып,
Қапанбұлақ ауылы, Жарма ауданы
Ерлікке мәңгі тағзым
Бетіме тиген жылы жаңбырдың тамшылары есімді жиғызды. Сол қолым сырқырап әкетіп барады. Қай мезгіл екенін де ажырата алмай ұзақ жаттым. Бозторғайдың шырылы құлаққа естіледі. Бағанағы арпалыс, дүмпулер, зуылдап өткен оқтың бір де бір дыбысы естілмейді. Тек меңіреу тыныштық. Анда - санда шырылдаған бозторғай тіршіліктің бар екендігіне нышан бергендей. Оның өзі алыстан естіледі. Басымды көтеріп жан - жағыма көз тастадым. Ешкім көрінбейді. Тек әр жерде өлі денелер ғана жатыр. Тұрмақ болып, орнымнан көтеріле беріп, қайта есімнен тана құлап түстім.
Оң жақ жамбасым шым етті. Жылан шақты ма деген ой санамды аралап өтті. Күндегі оқ - дәрінің жағымсыз иісінен басқа иіс мұрныма келді. Дүмпудің орнын ыңырсыған дауыстар басқан. Көзімді жайлап ашсам, қарсы алдымда көзі қарақаттай тұнық, мөлдіреген, бетінің шұңқыры айқындала көрініп, күлімдеген бір қыз бетіме қарап тұр. Менің тіршіліктің белгісін көрсеткеніме қуанғаннан:
- Ағатай, есіңізді жидыңыз ғой әйтеуір, сіз үшін қатты алаңдаған едім,- деп бетімнен сипаған алақаны қандай жұмсақ, жып - жылы еді. Жүрегімнің төменгі жағынан бір қыл үзіліп кеткендей шым етті.
Күндер бір орнында тұра ма, уақыты келе, қолым да жазылып, ел қатарлы майдан шебіне қайта аттандым. Жәудір көзді қарындасты қимасам да қоштасарда берген жібек орамалды тұмар қылып тақтым.
Майдан шебінде жүріп талай ажалмен бетпе - бет келіп, талай қимас достан айырылдым. Бүгінгі берілген тапсырма да ерекше еді. Командир Жақсылық Малдыбаев жол бастап келеді. Түннің қараңғылығын пайдаланып діттеген жерімізге жетіп алу. Он бес адамнан құралған барлау тобы, жаудың орналасқан жерін анықтап қайту. Жау күшінің қаншалықты екенін білу. Бізге берілген тапсырма қоймадағы жанармай ошағын жою. Үйреншікті әдет бойынша ыммен сөйлесіп, алға жылжып келеміз. Қасымдағы қысық көз Еділдің де қимылы шапшаң. Сымды қиып жіберіп, еркін өтетіндей жол ашып, өзі алға жылжып жүріп кетті. Жеке кеткен бесеуіміз көздеген жерге де жеттік. Тек қоймаға жақындай бергенде қатты соғылған дабыл түнгі тыныштықты бұза айғайлап, оттар қараңғылықты тілгілеп біздің үстімізге төнді. Орынымыздан қозғалуға шама болмады. Соңымызды ала, келе жатқан Антон ауыр денесімен сымның ұшын қозғап өткені. Жау әскері естерін жиғанша, кері шегінуге тура келді. Мен қолға түстім. Антон оққа ұшты. Қалғандарынан бейхабармын.
Түсі суық, көк киімділер түрмеге әкеліп қамады. Азапты күндерді бастан кештік. Тек туған елдің сағынышы мен қарақат көз қарындасымның жылы алақаны ғана жаныма медеу. Сол арпалысқан күндердің бірінде өліктердің ішінде тірі өлік болып мен де он күн өмір сүрдім. Жегенім шіріп кеткен картоп, ішкенім өліктердің қалтасындағы тамшы сусын. Бар мақсатым жау қолынан қашып шығып, елге оралу. Үмітім үзілер шақта өліктерді тиеп қаланың сыртына апарып төгіп тастады. Сол өліктердің ішінде мен де бармын ...
Содан елге де оралдым,- деп атам азапты күндерін жаңғыртқысы келмей әңгімесін аяқтады. Қабағы қатуланып, жанары тұманданып кетті.
Мойнына арсалаңдай келіп асылған немересінің еркелігі бағанағы сұрапыл соғыстың салған қиыншылықтарын ұмыттырғандай жүзі жайнап сала берді.
Балам, бейбітшілік күніміздің таңы жарқырап ата берсін. Бұл күнді бағалай білейік. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, болашақтың жарқын болуы сендерге байланысты,- деп әдеттегі уақытында теледидарды қосты. Экраннан Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мына сөзі атамның ойын қоштағандай: «Соғыс ардагерлерінің сол жылдары көрген қиыншылықтарын бағалай білейік. Бізді бүгінгі күнге жеткізіп, тәуелсіздігіміздің туын желбіреткен ардагерлерге мәңгі тағзым етейік ...».