Ер есімі ел есінде...

Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары

Қабимулла Д.
Б.Майлин атындағы орта мектеп-бақша КММ, 9 класс,
Үржар ауданы,  Қабанбай ауылы

Cүйінші, халқым, Cүйінші!
Cүйіншіге сүйінші!
Шаттан, ата-анамыз,
Шаттан, ата-бабамыз,
Кек қайтарып фашистен,
Соғыс бітті жеңіспен,
Жеңдік жауды күресте
Жасалсын той-мереке.
(Т. Жароков)
         
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал материалдары немесе радио, телехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді. Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ. Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Қариялар азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ашшы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол - өмір заңы.
Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл өтті. Бұл  сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні  мал бағып,  тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің  құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл ел болып еске түсіреді. Бұл мейрамды бұрынғы Кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен   Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды. Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты. Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды...  Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жер төлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті. Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 60 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2,5-3 млн. қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды. Шығанақ Берсиев сияқты еңбек ерлерімен қатар иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді. Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік   туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу. Соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырып-жоюға бағышталған. Адам адам болғалы осылай. Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны суша аққан. Арыға бармай-ақ, 50 миллионнан астам өмірді жалмаған соңғы соғысты алайық. Кімге қажет болып, не мақсатты көздеп еді сол соғыс? Әдетте, соғысты әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік бастайды ғой. Ол сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес. Таң алдында, тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған бір ғаламат соғыс басталды. Сол күні жау тәтті ұйқыңды ғана бұзған жоқ. Зұлым жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Ойда диханшы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ол кезде бүкіл ел солдат болды. Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды, оқымысты болуды армандаған еді.. Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды... Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен... Фашистік Германия тізе бүкті... Бірақ сол сұм соғыс өзімен бірге 10 миллионнан астам немістің өмірін алып кетті. Оны жеңген Кеңестер Одағы 27 миллион адамның өмірін берді. Талай ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынаны құртты. Міне, соғыстың әкелген қасіреті. Сондықтан адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. Осыдан 70 жыл бұрынғы Жеңіс сонысымен қымбат. 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды. Содан бері зымырап 70 жыл өте шықты. Бауыржан Момышұлы есімі, ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді. "Ер есімі – ел есінде”,- демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ.
Ұлы жеңіс құтты болсын, ардақты халқым менің!