Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Каирлыев О.Д.
А.Ибраев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі,
8- сынып, Новобаженова ауылы
Ұмытылмас күндер
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! Соғыс-күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін,тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе ұмытылған жоқ. Ұлы отан соғысы... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн.
Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр,- деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмыр басты пенде үшін теңдессіз құндылықта ұрпақтың қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр. Қариялар азайып бара жатқанын, әсіресе, олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн-жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ашшы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол- өмір заңы. Біздің Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Қазақ ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетын жауынгер халық. Ұлы отан соғысының қатпарлары парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. «Ер есімі - ел есінде»,- демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Осылайша, аттың жалында, түйенің қомында жүріп, біздерге бейбіт өмірді орнатып берді. Уақыт өткен сайын аталарымыз сыйлаған жеңістің маңызы артып келеді. Олар көрсеткен ерліктері бүгінгі ұрпаққа өнеге.
Отансүйгіштік қасиет әркезде де қастерлеуге тұратын қасиеттердің бірі. Осы ұғым біздің үлкен құндылығымыз болуы керек деп ойлаймын. Тек майданда ғана емес, тылда жұмыс істегендердің де еңбегін жоғары ілтипатқа лайық. Себебі олар соғыс кезінде майдан шебіндегі солдаттармен бірдей қиыншылық көрді, бірдей азап шекті. Ашаршылық пен ауыртпалықты бастан кешкен олар да жеңісті жақындатуға көп үлес қосты. Таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға да бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз болса керек. Үлкен қауіп пен қатер, қайғы мен қасірет төнген сол бір ауыр уақытта біздің халқымыз сыннан сүрінбей өтті. Оттан да ыстық отан үшін от кешкен майдангерлер өшпес ерлік көрсетті. Бұл тарихқа алтын әріптермен жазылды. Олардың қаһармандық өнегесі бүгінгі жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы тиіс. Отаншыл болу – ең алдымен өткенді білу. Осынау қойнауы қазынаға толы байтақ даланың әр пұшпағын бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғағанын ұмытпау – парыз.. Отан сенің отбасыңнан, аядай ауылыңнан, сол жердің тасынан, суынан, топырағынан басталады. Қазақ жері – киелі, қасиетті. Оны малмен, ақшамен, алтын-күміс, асыл тастармен бағалауға келмейді.Отаншыл болу – ұлтжанды болу. Ұлтсызда отан жоқ. Болмақ емес. Ата салттың қадіріне жетпеген, ана тілін ардақтай алмаған бозөкпе отаншыл болып жарытпайды. Қай жерде «қарны тоқ, көйлегі көк» болса, сол жерді жайлы мекен санайды. Отаншыл болу – бір-біріңе бауырмал болу. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді дана халқымыз. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос»,- дейді кемеңгер Абай. Ынтымағы жарасқан елді көргенде, жаудың құты қашады. Бірлігіміз барда тас қамалдай берікпіз.Қай кезде де азаматтың өз отаны алдында парызы болады. Азаматтың қасиетті борышының бірі – отан алдындағы парызын өтеу. Кез келген адам бейбіт заманда да отанын қорғай алады. Ол дегеніңіз қолға қару алу емес, өз отаныңның білімді, өркениетті, салауатты перзенті бола алу. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген екен батыр Бауыржан Момышұлы. Ол – отан үшін еткен еңбектің ешқашан зая кетпейтіндігі. Соғыс кезінде қаншама жастар қыршынан қиылды. Олар отан үшін жанын пида етті. Ал олардың әрқайсысының анасы, баласы, сүйген қыздары, үлкен-үлкен армандары бар еді. Бірақ олар елге қауіп төнген кезде барлығын да құрбан етті. Жап-жас болса да отанын қорғап жатып жан тапсырды. Бұл – шынында да ерлік болатын.
Ұлы отан соғысы миллиондаған адамдардың өмірін алып, талай боздақты қыршынынан қиды. Солардың бірі Кеңес Одағының батыры Айткеш Абайұлы Ибраев, тірі болса 90 жасқа толар еді. Айткеш соғыс жарияланған уақытта жиырма жаста еді. Өз еркімен соғысқа аттанып, ерлікпен қаза тапты. Еліне, туған жеріне оралмай, жат жердің топырағы бұйырған батырымызды біз әрқашан құрметпен еске аламыз. Айткеш Абайұлы Ибраевтың есімін жас ұрпақ есінде мәнгі қалдыру – біздің азаматтық борышымыз. Айткеш Семей қаласынын манындағы қазіргі Новобаженово ауылында (бұрынғы Қызылқұйған ауылы) дүниеге келген. Казіргі кезде ауылдағы мектеп батыр есімімен аталып, арнайы ескерткіш қойылып, батырға үлкен құрмет көрсетуде. Биылғы оқу жылында батырдың 90 жылдығын облыс көлемінде атап өттік. Біз Айткеш батырдың есіміне ешқашан кір келтірмейміз. Ұрпағы үшін жанын пида еткен батыр есімі мәңгі есімізде қалады. Биыл біз Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Бұл – сіз бен біздің ортақ тарихымыз. Осынау ерлікке құрмет көрсету – ардагерлер үшін үлкен мәртебе. Күллі адамзатқа қауіп төндірген сұм соғыстың зардабын тартып, отаны үшін жан алысып, жан беріскен ардақты ардагерлерімізді құрметтеу біздің парызымыз. Сіздерге мың тағзым, құрметті майдангерлер!