Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Ишанова Сәуле.
Шәкәрім атындағы ОДБ ҮТО ММ, 11 сынып
Семей қаласы
Зұлым соғыс қасірет!
Шүйінші, халқым, шүйінші!
Шүйіншіге сүйінші!
Шаттан, ата-анамыз,
Шаттан, аға-бабамыз,
Кек қайтарып фашистен,
Соғыс бітті жеңіспен,
Жеңдік жауды күресте
Жасалсын той-мереке.
(Т. Жароков)
Соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырып-жоюға бағышталған. Адам адам болғалы осылай. Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны суша аққан. Арыға бармай-ақ, 50 миллионнан астам өмірді жалмаған соңғы соғысты алайық. Кімге қажет болып, не мақсатты көздеп еді сол соғыс? Әдетте, соғысты әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік бастайды ғой. Ол сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес.
Таң алдында, тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып, өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған бір ғаламат соғыс басталды. Сол күні жау тәтті ұйқыңды ғана бұзған жоқ. Зұлым жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Ойда диханшы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ол кезде бүкіл ел солдат болды. Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды, оқымысты болуды армандаған еді...
Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап, Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.
Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан- байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2,5-3 млн. қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.
Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты.
Әйтсе де, Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі, Қаныш пен Әлкей білімі, Мұхтар мен Ғабит, Ғабидендердің үні, Дінмұхаммедтің парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге.
Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды... Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен ...
Фашистік Германия тізе бүкті... Оны жеңген Кеңестер Одағы 27 миллион адамның өмірін берді. Талай ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынаны құртты. Міне, соғыстың әкелген қасіреті. Сондықтан адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. Осыдан 70 жыл бұрынғы Жеңіс сонысымен қымбат. 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды. Содан бері зымырап 70 жыл өте шықты.
Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Халық жадында сапында 30 ұлттың өкілі бар (бұлардың 3 мыңдайы қазақстандықтар) Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталмақ. Қазақстан жерінде жасақталған И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ер жүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар еді.
Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққанеңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз –Отанымызды сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болу.
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал матералдары немесе радиотелехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді. Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ. Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Неменеңе жетістің бала батыр, Қариялар азайып бара жатыр Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, - деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақаралық қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр. Қариялар азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман орталған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ашшы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол - өмір заңы. Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш - әрине, "бірлік”. Қаншама халық бір тудың астына бірігіпкүштерін бір арнаға салды. Ұлы Жеңіс он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы. Москва, сенің іргеңді Ел, ер болып сақтаймыз Сенен аяр жан да жоқ, Барлығы да сен үшін, Саған қауіп төнгенде Жау таянып келгенде, Қамсыз тыныш жатпаймыз Алпыс ұлттың адамы, Қол ұстасып үн қосып, Қорғауға сені дайынбыз, - деп жазған Нүрпейіс Байғанидің өлеңінен халқымыздың Мәскеу қаласына деген ерекше құрметі байқалады. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Қазақ ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарлары парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Биылғы жыл Кеңес Одағының батыры атағын кеш алған Бауыржан Момышұлы атамыздың жүз жылдық мерейтойы жеңістің алпыс бес жыдығымен қатар келіп тұр. Торқалы тойдың қуанышы өзі сүйген халқы үшін ерекше болмақ. Найзағайдай жарқылдаған отты ой бар қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін, ұрпақ мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жаратын әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш Бауржан Момышұлы есімі, ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді. «Ер есімі – ел есінде»,- демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Ұлы жеңіс құтты болсын, ардақты халқым менің!