Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Исаева Б.
Ақбұлақ орта мектебі, 8-сынып,
Күршім ауданы
Аталардың ерлігінің тағлымы
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген
Жұбан Молдағалиев
Иә, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы өзінің сан ғасырларға созылған ұзақ тарихында қилы-қилы асулардан, «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп, талай отты да шерлі жылдарды басынан кешірді. Ел шетіне жау тиіп, сүттей ұйып отырған бейбіт қауымның басына қатер төнгенде халық ұранын байрағындай желбіретіп, «елім» деп еңіреген ерлеріміз қолдарына қару алып, Отанын жаудан қорғауға аттана бастады.
Зар заманның тәлкегіне талай түсіп, ұлтарақтай жерін азулылардан қорғаймын деп «түйенің қомында, аттың жалында» күн кешкен қазақ халқына диктор Левитанның «Соғыс!» деген сөзі тапа-тал түсте жай түскендей сұмдық әсер етті. Самайын ақ шалған аталарымыздың көкіректері қарс айрылып, шөге түссе, ақ жаулықты аналарымыз көз жастарына ерік берді.
Боздақтарын аттандырған шақтарда,
Боздап еді-ау бор кемік боп қарттар да.
Бір орманның бір топ өндір шыбығын,
Тиеп алып күнбатысқа тартты арба,-
деп, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, кешегі «Кеңес Одағы» деп аталатын алып елді қорғауға Қазақстан миллионнан астам адамын аттандырды. Шығыстың шалғай түкпірінде жатқан Марқакөл аймағының кіп- кішкентай Ақбұлақ аулынан Әдішев Мұқаметқали, Әдішев Сіләмқан, Бектеміров Жақия, Зайнулдинов Жәдігер, Зайнулдинов Жәнәбіл, Жақсыбаев Қайырбек, Көлбаев Сәбит, Қасымқанов Мамырқан, Қуанғанов Мұсағали, Темерқанов Закария, Үркімбаев Мамырбек атты сол кездегі өрімдей жастар, бүгінде марқұм болған ардагер аталарымыз сұрапыл соғысқа аттанды. Олардың арасында ауыр жараланып, аман қалғаны да, туған жердің топырағы бұйырмай, майдан даласында қалғаны да бар.
Ел басына күн туып, ар мен намыс, ерлік пен елдік, азаматтық пен мәрттік, адамшылық пен кісілік тарихтың таразы табағына түскен сындарлы сәттерде шыбын жанын сауғаламай, басқа халықтармен қол ұстаса отырып, жау ордаларын талқандап, Отан үшін кеуделерін оққа тосты.
Бейбіт таңды аңсап өткен әр күні,
Өткен соғыс ана зары, жар мұңы.
Отан үшін отқа тосқан кеудесін,
Аталардың ерлігінің тағлымы,-
деп Болат Үсенбаев ағамыз жырлағандай, туған елден жырақта, оқ пен оттың ортасында, өмір мен өлім арпалысында фашистік жендеттерді бір адым ілгері аттатпаған батыр аталарымыздың бірі - Ахметжанов Тұрсынғали.
Ол 1924 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Горный селосында дүниеге келеді. 1942 жылы тамыздың жиырмасында Кеңестер Армиясының қатарына алынады. Семей қаласындағы кіші командирлер даярлайтын Тамбов жаяу әскер училищесіне түсіп, алты айлық курсты ойдағыдай бітіріп, «аға сержант» деген атақ алып шығады. 1943 жылы 5 ақпанда Ұлы Отан соғысына қатысады. 70-гвардия дивизиясының 83-атқыштар полкінің ІІ-батальонында көмекші взводының командирі болып, І-ші Украина майданында болады. Сол кезде Кеңестік Украинаны жаудан азат ету үшін тарихи шайқастар басталады. Әсіресе, Днепр өзенінен өту қиынға соғады. 1943жылы қыркүйектің 19-нан 20-на қараған түні Қасым Қайсенов бастаған 120 партизан отрядтары қайықпен Днепр өзенінен өткізеді. Өзеннің батыс оң жақ биік жағасында фашист армиясы бекініп алған болатын. Бекіністерін бұзып, 4 км алға жылжығаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. 21 қыркүйек күні ауыр жараланып, Тамбов қаласында ұзақ емделуден соң 1944 жылы 8 мамырда мүгедек болып елге оралады. Көп жылдар кешкі мектепте ұстаздық етеді. Жар сүйіп, жеті баланың әкесі атанады. 2000 жылы мәңгілікке көз жұмады.
Иә, ауыртпалықтан қабырғасы қайысса да, морт сынбайтын, еңсесі езілсе де, рухы түспейтін, асылын берсе де, намысын бермейтін ардагерлеріміз бейбіт елдің берекесін қашырған қисапсыз қорқау қасқырлардай болған неміс басқыншыларымен барлық майдандарда ұрыс жүргізді. Атылған оқ, жарылған бомба астында, мұз төсеніп, қар жастанып жүрген қазақстандық жауынгерлеріміз батыр қала Сталинградты, қоршауда қалған Ленинградты, Украина мен Белоруссия, Эстония мен Латвия жерлерін азат етуде, партизандар соғысында да ерлікпен шайқасты.
Қорыта айтқанда, батырлық пен батылдықтың, ерлік пен табандылықтың биік үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыз жауды тізе бүктіріп, бүкіл әлемді бұғаудан құтқарды. 1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысында миллиондаған жауынгерлер ынтымақ, достық, бірліктің керемет күшімен жеңіске жетті. Қаһарлы сыннан қайыспай өтіп, жеңісті күнге жеткізген батыр ағаларымыздың ерлігі санамыздан өшпек емес. Күн сайын қатары сиреп бара жатқан аталарымыздың өмірі - бізге өнеге! Ардагер аталарымыз болмаса, бүгінгі бейбіт өмір, тәуелсіз Қазақстан болмас еді. Ендеше, барымызды бағалай білейік! Нар тұлғалы батыр бабаларымызға лайықты құрмет көрсетіп, қамқорлық жасаудан, олардың атын асқақтатып, келер ұрпаққа үлгі етуден шаршамайық, ағайын! Келе жатқан ұлы мереке Жеңістің 70 жылдығы құтты болсын! Аспанды бұлт торламасын, ана мен бала жыламасын!