Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Зайтын Қырмызы
Қойтас орта мектебі, 11- сынып, Күршім ауданы
Ұлы Отан Соғысына – 70 жыл
Қазақ қазақ болып қалыптасқалы жері мен елі үшін арпалысып келген ұлы ел. Қаншама соғыстар, ұрыстардан сүрінбей өтіп, елдігін, елінің теңдігін, тәуелсіздігін сақтап қалған қайсар халық. Осы халқымыздың азат күнге жету жолындағы өткен ауқымды соғыстарының бірі-Ұлы Отан соғысы болды. «Ұлтым» деп соққан жұдырықтай жүрегінің жан айқайын намыспен қатар саптай білген әр азамат үшін бұл соғыс қайсарлықтың қарлы жаршысындай әсер еткені анық. Екінші дүниежүзілік соғыс - адамзат тарихындағы ең ірі жанжал, ең ірі шиеленістердің бірі болды. Отбасынын, туған жерінен жыраққа кетіп, қасиетті қара жерді қорғауға, Ұлы Отанды қорғауға ойланбастан аттанған асыл ерлеріміздің бұл майдандағы маңызын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал бұл соғыстың тылда, елде қалған жандар үшін әкелген нәубетін, қиыншылығын ішер ассыз, киімсіз жүріп, тоз-тоз болған ауылдардан, кешке шекті қара терге түсіп, тылдағы жұмыстан көз ашпайтын қара халық халінен еркін аңғаруға болады. Аналардың тыныштығын, сәбилердің балалығын ұрлаған сұм соғыс талай жанның өмірін майдансыз-ақ жалмады. Қолымен жұмыс күреп, ойымен ұлынан қашан хабар келер деп, қаралы қағаз күткен ата - әжелеріміздің алда көрер ұрпағының тәтті қызығынан айырды.
Қазақ халқының тарихындағы ең бір сұрапыл кезеңді, ел басына туған ауыр күндерді алып келген де осы соғыс еді. Көзін шел басып, аранын билікке ашқан, өз жері жетпей, өзгеге көз алартақан Гитлер Ресейді бағындырсам, қалған Азия соғыссыз өзі-ақ тізе бүгеді деген арам ойдың тізгінін ұстанған болатын. Бұл соғыстың ауқымдылығы сонша, жер жүзінің 60-тан аса мемлекеті қатысты. Миллиондаған халық шығыны болды. Бірақ бұл бір Ресей үшін емес, бүкіл сол кездегі өркениеті мен мәдениеті астасқан Кеңес Одағы елдері үшін, бейбітшілік мақсатында, бір ту астына жиналған түрлі ұлттардың Ұлы Отан үшін шайқасы еді. Және бұл мақсат, бұл мүдде аяқ асты қалған жоқ. Сондай қиыншылық жағдайда, дұшпанның қара құрымдай қаптаған күшінен қобалжыған кезде, қуат та, медет те, себеп те болған «қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіредінің» кебін киген қайсар халық ұландарының жеріне, Отанына деген аса зор сүйіспеншілігі еді. Бұл соғыс- біздің жігіттердің жалпы батырлық, батылдық көрсеткенінің бірі. Бұл соғыс- дұшпанның араны ашылған басқыншылық мінез-құлқын өзіне таяқ етіп жұмсаған ұрыстардың бірі. Өз елінің бағасын білген адам ғана өзге елді қадірлей алады. Өйткені халықтардың туыстығы алдымен адамдардың өз халқына сүйіспеншілігі арқылы ғана келеді. Міне, біздің жауынгерлеріміздің де бас біріктіріп, жауға қарсы сансыз ұлт өкілдері жиналған Ұлы Отан үшін аттануының да бір себебі- өзге ұлтты құрметтеп, өз ұлтын сүюінен туындаған баға жетпес асыл қасиет арқасы болса керек.
Осындай ерлеріміздің ерліктерін дәріптеу - асыл ұрпақ үшін бұлжымас міндет, үлкен борыш. Майдан шебінде жүріп ел мен ердің тағдыры сынға түскен уақытта қорқақтықпен майдан жолынан тайқып кетпей, сондай бір кеуде жарған, жүректі от жалынымен шарпып өтер өр рухты намыс үшін ұрысқа кірген қайсар батырларымыз қаншама?! Соның ішінде ауыз толтыра айтар ерліктерімен әсіресе көзге іліккен Б. Момышұлы, Т.Тоқтаров, Р. Қошқарбаев, С.Рахимов, М.Ғабдуллин, т.б., қос қарлығашымыз Әлия мен Мәншүк сынды аға-апаларымыз болды.
«Біздің қазіргі уақыттағы орнымыз қанды майдандағы қызу ұрыста ғой. Алдымызда үлкен бел жатыр. Бүгінгі мақсатымыз - Отанға деген шын, адал махаббатты іс жузінде көрсету» деп Баубек Бұлқышев айтқандай, расында ел қорғауға ер намысымен аттанған жауынгерлер алдында үлкен мақсат және қауіп- қатері мол майдан өткелдері тұрды. Екінші дүниежүзілік соғысқа алғашқы күндерден бастап қатысқан Баубек ағамыз өзі бұл өткелдерді місе тұтпай, асқан қайсарлықпен жеңіп өтті, жалынды көсемсөз шебері, ержүрек жауынгер 1944 жылдың бас кезінде майданда қаһармандықпен қаза тапты.
25 жыл әскер қатарында болған, Ұлы Отан соғысын бастан- аяқ кешірген ұлы батырымыз Бауыржан Момышұлының да бұл ұрыста көрсеткен ерліктері аз емес. Білдей батальон командирі болған асыл ер ел үшін шайқаста қарамағындағылардың да, өзінің де намысын отты ұрысқа қарсы қайрай білді. Кеңес Одағының батыры соғыстан кейін көптеген жаугерлік шығармалар жазып, ұрпаққа үлгі болуға тұрарлық асыл дүниелер қалдырып кетті.
Қалай мадақтасақ та, халықтың тыныштығы, жердің амандығы үшін арпалысқан азулы ерлерімізді айтып тауыса алмаспыз. Солардың арқасында жау шебін шегіндіріп, немістерді Отанымыздан қуып шықтық. Рейхстагқа ту тігіп, фашистердің жалауын құлатқан күн қандай ұлы, қандай қуанышты, рухты күн десеңізші?!
«Жеңіс!» Жалғыз осы сөздің аясына бүкіл халықтың, адамзаттың өміріндегі ең бір аяулы сәттері саялағандай. Қалың бұқараның көрген тағдыр тауқыметі, мұң-шері осы сөзден кейін мүлде жоғалып кеткендей әсер қалдырады. Шындығында солай. Бес жыл уақытқа созылған сұм соғыстың салдары кімді де болсын аяған жоқ. Қазақ халқы талай қара домалағынан айрылды. Мүгедек қалпы қайтып жатқандары қаншама еді. Бірақ келер күн шаттыққа толы, бейбіт, соғыссыз болады деген жалғыз жарық үміттің өзі тас қараңғы қапастан сәулесі мол, күн нұрын еркін төккен ерікті өмірге аяқ бастырғандай болды.
Ұлы Отан соғысының тарихта қалдырған ізі өте ауыр екені белгілі. Қаншама рухани дүние мен мәдени ескерткіштер қирады. Адамзат психологиясындағы өзгерістер өз алдына. Бірақ бұрынғы халық күнделікті өмір ағысынан біреу жұлып алып жаңа арнаға лақтырып жібергендей жаңаша тірлік ете бастады. Сұрапыл дауылмен келген соғыс қайсар ұлтты бірлікке үйретті, патриоттылыққа баулыды. Отанның кім үшін қандай бағасы барын саралап, жіктеді.
Бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысына-70 жыл! Қасиетті жеңісімізге-70жыл! Немістерді қуып шығып, жерімізді аман сақтап қалғанымызға- 70 жыл! Осы 70 жылдың ішінде ер ұрпақтар асыл бабаларының тыныш өмір, бейбіт күн кешу үшін төккен терлерін, жасаған ерліктерін толықтай оқып білді, үлгіге тұрарлық істерінен өнеге, ғибрат алды дегенді үлкен сеніммен айта аламын. Бұдан былайғы жаңа нұрлы таңмен жалғасқан азат өміріміз тек достық пен мейірім, махаббатқа толы болсын.