Жеңістің 70 жылдығына арналған оқушылардың шығармалары
Бураканова Г.С.
№ 22 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ «Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен келісім шарт негізінде бірлесе жұмыс жасайтын мектебі, 11 сынып
Мен атаммен мақтанамын...
Ерлік - елдіктің қасиеті,
Жүректілік – жігіттің қасиеті.
Бауыржан Момышұлы
Соғыс... Осы бір сөзді айтқан кезде кімнің болса да жүрегі дір етері сөзсіз. Соғыс қаншама үрей, қаншама қайғы, қаншама қиыншылык әкелді десеңізші?! Қанша бала әкесінен, ағасынан айырылып жетім қалса, қанша ана жарынан, баласынан айырылып, жүрегі қан жылады.
Отан деген ұғым адам санасына анасының ақ сүтімен беріледі. Отан отбасынан, ошақ қасынан басталады. Еш алаңсыз бейбіт ұйқыда жатқан Отаныма 1945 жылы 22 маусымда таңғы сағат 4-те фашистік Германия опасыздықпен соғыс ашты. Соғыс 1418 күн мен түнге созылды. Қанша жылға созылса да, соғыстың аты – соғыс. Ол біздің тарихымыздағы жантүршігерлік оқиға болып қалды, халық жадында жазылмастай із қалдырды. Сол мезетте қолына қару алып, талай боздақтар соғысқа аттанды. «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешеді, ат басына күн туса, ауыздығымен су ішеді» демекші, ер- азаматтардың бәрі Отан қорғау жолында сынға түсті. Сұрапыл соғыстың өтінде жүріп жанқиярлықпен ерлік көрсетті.
Соғысқа аттанғандардың арасында менің атам да бар еді. Оның жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келді. Менің атам – Бактыбаев Бурахан 1910 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Семей облысының Абай ауданындағы Архат ауылында дүниеге келген. Бейбіт өмірде ұрпақ өсіріп, еліне қызмет етіп жүрген ер ел басына қиын – қыстау күн туған кезде елінің, келешек ұрпағының бейбіт өмір сүруі үшін өз еркімен сұранып, 1942 жылы Жарма ауданының Қапанбұлақ станциясынан соғысқа аттанған. Кезекті бір ұрыста ауылдан бірге аттанған төрт жігіттің бірі Төлеуғазы Оразбеков жараланып, топырақ үйіндісінің астында қалған кезде өз өміріне қауіп төніп тұрса да жерлесін жау қолына тастамай, топырақты қолмен аршып, жарланған ауылдасын арқасына жатқызып, еңбектеп отырып ұрыс даласынан алып шыққанын кейін бейбіт өмірде екі ардагер еске алып отырады екен...Атам Киев қаласын азат етуге қатысқан. Жан алысып, жан беріскен ұрыста екі аяғынан жараланыпты. Ұзақ уақыт Иркутскідегі әскери госпитальінде емделген. Соңында екі аяғынан айырылып, бірінші топтағы мүгедек болып, ағаш арбаға таңылып, елге қайтады...
Ерлік пен төзімділіктің, шыдамдылықтың керемет үлгісін көрсеткен атамды жауынгер достары «Қарақияның Мересьеві» деп атаған. Атамды неге бұлай атағанын білгім келіп, орыс жазушысы Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» кітабын оқып шықтым. Достары бекер айтпапты, мен атамды шын мәнінде Алексей Мересьевке ұқсаттым. Неткен қайсарлық, неткен төзімділік, батырлық деп таң қалдым. Атамның батыр тұлғасы көз алдыма келді. Мына өлең шумақтары ойыма орала берді:
«Сен құрметте оны, түсіндің бе қарағым?
Ол ақшаға сатқан соң, тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен ұстап жүрген жоқ,
Қолындағы ұзын таяғын.
Денесін оқ паршаласа да, ел намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны, түсіндің бе, қарағым?
Сенің келешегің үшін берді ол,
Азаттық жолында аяғын!»
Атам елге оралып, еңбекке араласып, 14 баланың әкесі атанды. Ол енді сол ұрпағының бейбіт өмірде оқып, білім алып, өмірден өз орындарын табуы жолында аянбай еңбек етті, 25 немере, 10 шөбере көріп, сексен екі жасқа қараған шағында 1992 жылы дүниеден өтті. Атамның «Отан үшін», «Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін», т.б. көптеген ордень – медальдары бар.
Мен қазір 11-сынып оқушысымын. Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында өткізіліп жатқан іс-шараларға қатысып отырамын, атамның Ұлы Отан соғысындағы ерлік жолын насихаттаймын, атаммен мақтанамын!
Отанымыздың байтақ жерін, өзінің туған халқын қорғау жолында қасық қаны қалғанша шайқасқан атам сияқты ардагерлерге басымды иемін «Жастарымыз отаншыл болсын! Отаншылдық - әр адамға керекті ұлы қасиет. Отаншылдық үйіңнен басталады. Кімде-кім ата–анасын ардақтаса, бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам отаншыл болады. Өйткені, өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист болмайды. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тасын қадірлемейді. Ата-анасын сыйлаған шәкірт сабағын жақсы оқиды, тәртіпті, шаруақор, адал болып өседі,» - деп жазған Бауыржан Момышұлы. Тек тілерім:
«Соғыстың өрті жанбасын,
Сәбилер жетім қалмасын.
Есігіне әр үйдің,
Бесігіне сәбидің
Мәңгілік бақыт орнасын.
Болмасын соғыс, болмасын!»